Қызымды ата-анама қалай таныстырамын?

Адам деген асқақ атты иемденіп, жарық дүние есігін ашқаннан кейін, отбасын құрып, дүниеге ұрпақ әкелу әркімнің-ақ парызы. Осы парызды орындауға кіріспес бұрын алдыңызда аса жауапкершілікті қажет ететін іс күтіп тұр, ол - перизатыңызды ата-анаңызбен таныстыру. Әрине, біздің ата-бабаларымызда мұндай дәстүр болмағандығымен, қазір заман басқа, адам басқа...

Болашақ жарыңызды ата-анаңызбен таныстыру – екі жақ үшін де аса маңызды, өйткені, сәтті өткен рәсім сіздерді одан әрі жақындастыра түссе, сәтсіздік - ұрыс-керістің себепкеріне айналуы әбден мүмкін. Жігіттер қауымының теріс болсын, оң болсын, ата-анасының пікірімен, көзқарасымен санасатындығы ақиқат. Алайда, жүрек қалауы, сезім алауы дегендер тағы бар...

Сонымен, сіздің екі оттың арасында қалып қоймауыңыз үшін «қызымды ата-анаммен қалай таныстырамын?» деген сұрағыңызға жауап беріп көрмекпіз.

•Таныстық үшін қолайлы жағдай іздеңіз. Мәселен, рәсімді  отбасылық шағын мереке, көкке саяхат барысында немесе шағын мейрамханалардағы кешкі ас үстінде өткізуді жоспарлауға болады. Қалай болғанда да, қызды аяқ астынан алып келуші болмаңыз. Олай етсеңіз, екі жақты да ыңғайсыз жағдайға қалдырасыз. Күтпеген жағдайға тап болған ата-анаңыздың әрекеті қызға теріс жағынан әсер етуі мүмкін. Абзалы, ата-анаңызға да, болашақ жарыңызға да алдын ала ескертіп, олармен ақылдаса отырып, арнайы күнді, ыңғайлы орынды белгілеңіз. Екі жақтың да моральдық жағынан дайындықтары болуы керек.

•Сүйіктіңізді таныстыру рәсіміне алып келмес бұрын, ата-анаңызға ол туралы аз-мәз мәлімет беріңіз. Ата-анаңызда қызды көрмес бұрын, белгілі бір пікір қалыптасып қоюы керек. Мәселен, оның мінезі, айналысатын ісі, оқуы немесе жұмысы туралы айтып қойыңыз. Және айтқандарыңыз жағымды тұстары ғана болу керек (жағымды болу керек екен деп, асыра сілтеп мақтаудан аулақ болыңыз).

•«Жібегіңізді» қонақ болуға дайындаңыз. Өзіңіздің ата-анаңыз туралы, олардың жұмыстары туралы, қандай сұрақтар қоюы, оның жеке басына қатысты неге қызығуы мүмкін екендігін алдын ала ескертіңіз. Себебі, қыздар қауымының мұндай кездесулерде қатты қобалжып, өздерін жоғалтып алулары ғажап емес. Оның өзіне сенімді және көңілі жай болуы үшін алдын ала өзін аздап болса да дайындап қойғаны артықтық етпейді.

•Ата-анаңыздың нені ұнататындығын сізден артық ешкім білмейді. Қызыңызға сыйлық алуға кеңес беріңіз. Мәселен, әкеңіз қазақы бұйымдарды, кітаптарды ұнатуы, ал анаңыздың әдемі гүл шоқтарын немесе тәтті кәмпиттерді ұнатуы мүмкін ғой... Қымбат сыйлық алуға кеңес берудің еш қажеті жоқ. Мұныңыз қызды келген сыйлығы үшін есеп сұрап тұрғандай етіп көрсетуі мүмкін. Құр қол келуге де болмайтындығын ескеріңіздер.

•Болашақ жартыңызға дұрыс киім киюге кеңес беріңіз. Алғашқы әсердің дұрыс болуына киімнің де әсері бар. Оның жинақы, ұқыпты, стильді, жабық, қарапайым киінгені дұрыс. Және бетке бояуды қатты жағып жібермеуін қадағалаңыз. Бәрі жақсы болу керек дегенді бағдарға алып, оның киіну стилін толықтай өзгертіп жіберудің қажеті жоқ. Мұндай жағдайда ата-анаңызға қыздың өздеріне үйреншікті әдеппен киінбейтіндігін ескертіп қойыңыз. «Есті қыз етегін қымтап ұстар» дегендей, егер қызыңыздың ақылы болса, бұл жағынан сізді де, ата-анаңызды да ренжітпейтіндігіне сенімдіміз.

•«Көптен күткен ұлы тойдың» сәті де жетті. Сіздер кездесуде отырсыздар. Қызыңыздың өзін емін-еркін әрі жеңіл ұстауына көмектесіп отырыңыз. Ашық әңгімеден қорқып, сөйлемей отырудың еш қажеті жоқ, алайда "көп сөз - көмір» демекші, шектен тыс сөйлей бергенді де ата-анаңыздың жақтырмауы мүмкін. Қыздың қобалжып отырғанын байқасаңыз, демеп жіберуге тырысыңыз. Әзілге айналдырып немесе екі жаққа да ыңғайсыз сөз қозғала қалса, әңгіменің басын басқа тақырыпқа бұрып жіберуге болады. Кездесудің тым ұзаққа созылып кетпеуін қадағалаңыз.

Тілеген жетер мұратқа. Шын ықыласпен тырысар болсаңыз, сіз алмайтын қамал жоқ деп біліңіз. Сіз сүйген жар, ата-анаңыздың да сүйікті келіні болсын!

Суреттер:mansbest.ru,feme.com.ua,webdiana.ru

Дайындаған:Айгерім Сматуллаева