- Негізгі бет
- Психология
- Қызқұмарға қызықпаңыз, қызықпа...
Қызқұмарға қызықпаңыз, қызықпа қыз!
Табандыға табынады өмір тек,
Табандыдан бар қиындық жеңілмек.
Жарасады қозғалмауы таулардың,
Көшіп жүрсе төбелері не керек?!
Қыздардың жанын жаралап, жүректерін ауыртып, сезімдерін сейілткен жігіттер аз емес бүгінде. Мұндай жігіттердің қатарын тұрақсыз, көрсеқызар, алайда өзіне сенімді, арулардың көңілін тез табатын ашық жанды азаматтар толықтырады. Әдетте оларды қызқұмар жігіттер деп атайды. Міне, осы қызқұмар жігіттердің арбауына алданбай, «махаббат» құрығына түсіп қалмас үшін қандай қателіктерден аулақ болу керек?
Қаладағы қайнаған тіршіліктің арасында бұл жандарды елеусіз қалдыру мүмкін емес әрине. Көшеде өзіне сенімді, түр-түсі тартымды, ақылына көркі сай жігіт көрсек, көзіміздің қиығын салмай өтпейтініміз рас. Әңгімеге тартса, тез көніп, оның тек бізге көңіл бөлгеніне іштей ризашылығымызды білдіріп тұратынымыз тағы бар. Бұл әрекеттерден кейін, махаббаттың мазағына ұшырадым немесе жігіттер неткен жүрексіз еді деуге қандай негіз бар. Өз сезіміне тұрақсыз, көрсеқызар жігіттер қайдан пайда болды дейсіз? Әрине, бұл өзіміздің шамадан тыс көңіл бөліп, мән беруімізден туатын жағдай. Демек, кінәнің барлығы өзімізден. Өмірге жеңіл қарайтындар мен қыз жүрегін жаралаушылардың көбеюінің себебін білдік, енді «олар қайдан шығады» деген сауалға жауап іздеп көрейік.
Адамды тану үшін ең әуелі балалық шағына көз жүгірту керек. Қызқұмар жігіттер әдетте, анасының тәрбиесінде болып, әр қылығын асыра мақтаған аналардың ұлдары. Немесе, мектеп кезінде сыныптастары оның әр ісіне тамсанып, алған жаңа затына қызығып, дәйім оның барлығынан жоғары екенін есіне түсіріп отырған. Мұғалімдері де мақтап, сенімділігін арттырған. Осыдан жігіттердің қандай болмасына әйелдердің ықпалы зор екенін аңғара аламыз.
Өзіне сенімді, жақсы жігіт кездестіргенде нәзік жандыларға тән қасиет «қайтсем жүрегін жаулап алам?» деп өздеріне сауал қояды. Кейін соны міндет етеді де. Алайда, барлығы керісінше. Қыздар жігіттің жүрегінен орын ала алмай, өз жүрегін жаралап алады. Кездесудің басы романтикаға толы болып, қыздың қырық қиялын қанағаттандыруы мүмкін. Үмітпен алданған қыз өмірінің соңына дейін іздеген жартымды таптым деген кезде, бәрі де бұзылады. Себебі қызқұмар адамдарға тек жаулап алу процесі ғана қызықты. Нәзік жандылардың сезімталдығын пайдаланып, махаббатын осылайша ойыншыққа айналдырады. Жігіттердің бұл түрі тіпті, отбасын құрған кезде де азаймайды. Ауру қалса да, әдет қалмайды себебі. Оның бойына сіңген қасиет балалы болып, бір жанұяның басшысы болса да жоғалмайды. Қызқұмар жігіттерге тұрмысқа шыққан қыз-келіншектердің ғұмыры әрине, күйеуін қайта тәрбиелеу мен арпалысқа толы болары белгілі. Нендей тағдырларды көріп, құртылған қыз ғұмырын естіген кезде, сананы сан сауал мазалайды. Әр етекке бір жабысатын адамды бір көргеннен қалай танып, оны жанымыздан қалай алшақтатуға болады?
Әрине, танысқан сәттен-ақ тұрақсыз жандар көзге бірден ілінеді. Олардың жеңіл мінезі де уақыт өте аңғарылады. Алайда ол сізді ешқашан елеусіз қалдырмайды. Түрлі мақтау сөздер айтып, кешкі отырысқа шақырады. Бұл жағдайда өзіңізге іштей есеп берген дұрыс. Мәселен, ол жылдар бойы өзінің ханшайымын іздеп, сізді таптым немесе сіз өзгелерден мүлде бөлек жансыз деген секілді жылы сөздердің айтылуы. Әдетте осындай жүрекжарды сөздерді естіген кезде, арулардың барлығы қиялымен қыр асып кетеді. Ол дұрыс емес. Барлығын таразыға салу қажет. Бүгін сізге айтса, келесі күні үтір, нүктесіне дейін қалдырмай сол күйінде басқаның құлағына айтпасына кім кепіл? Жігіт сөзбен емес, іспен дәлелдеуі тиіс.
Мұндай жағдайда, дер кезінде одан алшақтағаныңыз жөн. Кездесуден кейін қоңырау шалса не хат жазса, жауап бермей, кездесіп қалсаңыз сұрақтарын жауапсыз қалдырудан қашпаңыз. Себебі бұл бастама, қайғылы қорытындыға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Көп жағдайда, қызқұмар десе, әйелдерде жігіт өмірінде ғашық болып көрмеген, жанын түсініп, өзгертетін жанның әлі де табылмағаны деген түсінік қалыптасқан. Яғни сондай «жігіттің сұлтаны» өзіне кезіксе, оны ғашық етудің бар амалын орындаймын деген өзімшілдік қасиет бар. Бірақ бұл қате пікір. Себебі қыздарға қызығудан жалықпайтындар – махаббаты баянсыз болған жандар. Ер адамның өмірінде бір ғана әйел болады екен. Қалғаны оның көлеңкелері. Міне, егер сізде де өзіме ғашық қылам деген ой болса, өзіңізді сол көлеңкенің бірімін деп санай беріңіз. Ойыңыздағы сәтті әрі жақсы аяқталатын тағдырлар тек фильмдерде ғана болады. Себебі хикаяның авторы мүмкін, сіз сияқты жаны жақсылықты қалайтын жазушы шығар?..
Н. Айдархан