- Негізгі бет
- Психология
- Қызғаныштан жарылатын шығармын......
Қызғаныштан жарылатын шығармын...
Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері туралы ешқашан жақсы пікірлер айтылған емес. Ол туралы талай-талай отты жырлар мен назды әндер жазылды. Ол қаншама көз жастарды ағызды, ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндерді сыйлады. Ол адам нанғысыз қылмыстар жасатып, тұңғиық күнәларға да батырды. Ал, қаншама сезімдерді суытып, қаншама некелерді бұзғанын ешкім де дөп басып айта алмайды...
Бір қызығы, ол аяқ астынан пайда болады да, қайда, қашан екені белгісіз, әйтеуір жоғалып кете барады. Танысып қойыңыз, оның есімі – қызғаныш.
Осы бір күндіз де, түнде де ұйықтамайтын, ыстықта да, суықта да маза бермейтін «құдірет» туралы ғаламтор беттерінде көптеген тақырыптар қозғалып та жүр, кітап, журнал беттерінде жарияланған маман кеңестері де шаш етектен, тіпті, сіздер мен біздер де қызғаныш туралы аз әңгіме қозғаған жоқпыз. Десе де, оны әлі де ешкім жеңіп көрген емес.
Оқырмандарымыздың сұранысы бойынша қызғаныш сезімімен ашық айқаста сізге қорған болар, сізді тығырықтан алып шығар бір топ кеңестерімізді тағы да назарларыңызға ұсынып көрмекпіз.
Кейбіріміздің қызғанышымыздың басты себебі – өзіміздің кем-кетіктерімізді жасырып қалу немесе өзімізге деген сенімсіздік, менде жоқты өзгеден тауып алады деген қорқыныш. Бұлай болған жағдайда, оның бір кездері миллиондаған арулардың арасынан сізді таңдағандығын еске түсіріңіз. Сондықтан сіздің мақсатыңыз – кемшіліктеріңізге кенедей жабысып қалу емес, оның сіздің бойыңыздан ерекше деп тауып, бағалаған жақсы қасиеттеріңізді сақтап қалу. Сізді жегідей жеп бара жатқан кемішіліктер бәрінде бар, ешкім идеал адам емес. |
Уайым-қайғыңызды жаныңызға жақын адаммен немесе құрбыңызбен бөлісіңіз. Іште бықсып жатқан күмәндарды сыртқа шығармасаңыз не болатынын өзіңізде білесіз. Ал естияр құрбыңыздың кеңестері сіздің жаныңызды тыныштандырады. Дұрысы, психолог мамандардың кеңесіне жүгіну болмақ. |
Әдетте, қызғанышпен жолдас болған нәзік жандыларымыз, жігіттің ұялы телефонын тексеріп, хаттарын оқиды немесе үздіксіз жасырын нөмірмен қоңырау соғып, өзге құрбыларынан танысуын өтініп жатады. Мұныңызды доғарыңыз! Ол сіздің жеке меншігіңіз емес. Оның да өзіндік қызығушылықтары, жеке құпиялары бар. Өзіңізді сүйіктіңіздің орнына қойып көріңізші. Біреу сіздің төбеңізден жүрген-тұрғаныңызды қадағалап тұрса, қандай күйде боласыз!? |
Ең бастысы, қолыңызға қағаз бен қалам алыңыз да, мынадай төрт сұраққа жауап беріңіз: Бірінші сұрақ: Қандай жағдайда қызғанасыз? Сіздің қызғаныш сезіміңізді шақыратын барлық жағдайдың тізімін құрыңыз. Мәселен, әріптестерінің қоңырауы, әлеуметтік желідегі өзгелермен қарым-қатынасы, бұрынғы сыныптастары немесе топтастарымен болатын отырыстар т.б. Екінші сұрақ: Қызғаныш сізді билеп алғанда қандай күйде боласыз және басыңызға қандай ойлар келеді? Үшінші сұрақ: Мұндай кезде сізді не құтқара алады және не тыныштандыра алады деп ойлайсыз? Төртінші сұрақ: Серігіңіздің тарапынан нені қалайсыз? Тізімдегі сұрақтарға әбден жауап беріп болған соң, бекзадаңызға жүгініңіз. Егер сіздерде шынайы қарым-қатынас болса, ол сізді түсінеді. Екеуіңіз отырып жақсылап талқылаңыздар. Болмашы күмәндар үшін одан айырылып қалғыңыз келмейтіндігін жеткізіңіз. Ол сізге көмектеседі. |
Мәселені қайта–қайта қозғай беруден сақ болыңыз. Бір сөйлескенде соңына дейін шешіп алуыңыз керек. Егер қызғанышқа деген нақты дәлелдеріңіз болмаса, оны бос күдіктермен мазалай бермеңіз. Біржола айырылып қалу қаупіңіз бар. |
Оған ешқашан өтірік айтпаңыз. Шындықты айтуды әдетке айналдырған болсаңыз, жігіттен де соны талап етіңіз. Сізді қызғаныштан құтқара алатын жалғыз күш –сенім.
Ең алдымен мынаны түсініңіз, қызғаныш - махаббат емес. Ол бір адамның екінші адамға қымбат екендігінің дәлелі ғана. Яғни, жақын адамдардың арасында қызғаныш сезімінің болатындығы қалыпты жағдай. Бірақ, әр нәрсенің шегі бар екендігін естен шығармаған жөн.
Суреттер:healthsnews.com, facebook.com,vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева