Уды у қайтарады. Ал қызғанышты ше? Жігітіңіз сіздің жүйкеңізді сарқып ішіп, жайдан жай сізді қызғандыра берсе, оған да сондай жауап қайтаруды дұрыс санайсыз ба?
Көпшілік қызғанышсыз махаббат болмайды деген пікірді ұстанады. Кей жігіттер сүйіктілерінің шамына тиіп әдейі қызғандырса, кейбірі сынап көргісі келеді. Осы сәтте қыздар қауымының көпшілігі ашуға булығып, ренжіп қалса, енді бірі міз қақпайды. Қызғандыру мәселесіне қалай жауап берген дұрыс?
Әрине, болған жағдайға жауап беру адамның мінезі мен темпераментіне байланысты. Жайлы мінезділер үнсіз қалса, есесін жібергісі келмейтіндер мүмкіндігінше жауап беруге тырысады.
Психологтардың айтуынша, сезімнің суынып бара жатқан кезінде астыртын тексеру үшін кей адамдар сыңарын әдейі қызғандыруы мүмкін. Олар сүйіктілері түгілі, өздеріне де сенімсіз жандар. Олар өзіне назар аударту үшін кеңістігіне енгізеді екен. Кейбіреулері тіпті ашықтан-ашық қызғандыруы мүмкін. Бұл жағдайда бәріне сабырмен қараған жөн. Ғашықтардың арасындағы сезімнің мұндай жағдайға жетуі – екі жақтан да кеткен қателік. Бетпе-бет отырып, әңгіменің ашығын айтып, қызғандырған себебін және оның түбі неге әкелетіндігін айта алу керек.
Кейбірі "мені қызғандырса, мен де қызғандыра аламын ғой" деген қиын ойдың жетегінде жүріп, қате басып қалады. Мұның арты сіз ойлағандай нәтиже бермесе қиын. Негізінде, бұл ойға көп салмақ салмаған жөн.
Ал екінші бір топ мүлдем өзгеше. Олар бір-бірін шексіз сүйеді. Бірақ сыңары сүйіктісін қалжыңмен қызғандырғысы келеді. Артында артық ойы жоқ қызғанышты сүйіктісі де біліп тұрады. Жымиып қана қойып, «тентегім-ау» дейтін асыл мінезділер де табылады.
Сіз қай қатардасыз?