Сүйікті адамың білдіретін кейбір қызғаншақтық белгілер жағымды әсер етеді. Сондықтан жұмсақ сөгістің қатаң жазғыруға қалай айналып кеткенін байқамай қалуға да болады. Қызғаншақпен қалай бейбітшілікте өмір сүруге болады? Психологтардың пікіріне жүгінейік...
Қызғаншақтық – зұлым және аяусыз сезім. Сондықтан жеңу қиын. Егер кейбіреулердің жетістіктеріне қызғана және қызыға қарай алатын болсақ (табандылығына, еңбекқорлығына, мақсатқа ұмтылысына қызығуға болады), қызғаншақтық – бұл екі жаққа да өте ауыр, азапты және қирататын сезім.
Бастапқыда біз оның ырқына беріліп, «жұмыста тым көп уақытыңды өткізесің», «ана жігіт неге саған сұқтана қарады, араларыңда бірдеңе болды ма?» деген сөгістерді жылы қабылдап, махаббаттың белгісі деп түсінеміз. Және мұның шектен шығып кетпеуін осы бастан бақылауда ұстау қажет. Өз тазалығыңды, адалдығыңды, махаббатың мен түзу ниетіңді әрдайым қорғап аламын деген үмітпен қызғану белгілерін сол қалпы қалдыруға болмайды. Дәл сол жерде басылмаса, тарқатылмаса – одан әрмен жіті, ауыр дами береді.
Кез келген қызғаншақ адамның мақсаты – мейлі ол парасатты болсын, өресі тар адам болсын – таңдаған адамының тұлғасын бағындыру болып табылады.
Қызғаншақтың саясаты
1. Сүйіктісін сыртқы әсерден оқшаулау. Бұл үшін сынның барлық түрлері қолданылады, жұмсақ достық ескертулерден бастап, зәрлі ескертулерден тұратын жанжалға дейін баруы мүмкін. Сын нысанына көбіне:
а) достар;
б) ата-ана, әпкелері, ағалары және басқа да туыстары;
в) әріптестеріңіз;
г) көршілеріңіз, кездейсоқ таныстар түсіп жатады.
2. Махаббат нысанының өзіне деген сенімділігін жою. Осыған байланысты сіздің барлық дара ерекшеліктеріңіз сынға алынатын болады:
а) келбетіңіз, киіміңіз, макияжыңыз (көзіңді, кірпігіңді, ерніңді бояма деген тыйымдарға дейін барады);
б) қызығушылықтарыңыз (оқитың кітаптарың, көретін фильмдерің, тыңдайтын әндерің және т.б. бәрі дұрыс емес);
в) қалауларыңыз («арзан дүниеге неге құмарсың?», «қымбат алып жатқан жоқсың ба?»);
г) мінез-құлығыңыз (тәрбиесіздігіңді айтып, ата-анаңды кінәлауға дейін баруы мүмкін, қоғамдық ортада өз-өзіңді ұстай алмайсың деп айыптауы мүмкін).
3. Айырылысқан жағдайда болашағыңыздың бұлыңғыр екеніне сендіру. Махаббат нысанының болашақта:
а) басқа адамды жолықтыра алатынына;
б) үй тірлігін өз бетімен жүргізе алатынына;
в) басқа жаққа көшіп кете алатынына;
г) жақсы жұмысқа орналаса алатынына;
д) шешім қабылдай алатынына;
е) тәуелсіз өмір сүре алатынына күмән келтіреді.
Қызғаншақтар – қорқақтар. Олар сізді жоғалтып алатынын сезгенде үрейі қашады. Оның әлсіздігіне демеу болмаңыз, ешбір жағдайда жанжалға жол беріп, қарым-қатынасыңызға іріткі салмаңыз. Өз шеңберіңізді байсалды және тапжылмаған күйде белгілеңіз. Онымен сөйлесіңіз, оның сенімсіздігінен қандай жағдайға түсетініңізді тек өз позицияңыздан түсіндіріңіз. Мысалы, «Мен қатты қапаланып тұрмын... Маған сенбейтініңе қапаланудамын... Бостандығыма шек келтіргенің маған ауыр тиеді...» — қызғаншақтардың көбі серігіне жасап жатқан қиянатты сезіне бермейді. Сіз оны түбегейлі өзгертемін деп үміттенбеңіз. Егер қызғаншаққа тұрмысқа шыққан соң, ол сіздің парасаттылығыңыз бен адалдығыңызға көз жеткізіп, күмәндануы мен қызғануын доғарады деп ойласаңыз, қателесесіз. Тек сол парасаттылығыңызбен ақылға салып отыратыныңызға сенімді болсаңыз болады. Әр адам қайталанбас өмір сүреді. Оған дейін миллион рет жасалған қателіктерді жасайды. Бірақ біз Жердегі басқа тірі ағзалардан ерекшелігіміз – өзгелердің тәжірибесін қабылдап, тәжірибеде қолдана аламыз. Сондықтан егер серігіңіздің қызғанышы шешілмес мәселе тудырып жатса психотерапевт мамандарымен сөйлесіп көріңіз.
Қызғанышқа бәріміз бейімбіз. Және сүйіктіміз қандай да бір сұлумен жылы қабақ танытып сөйлескенін байқасақ әділетсіз жазалап, міншіл және ымырасыз болып кетеміз. Қызғаныш негізсіз бола ма, әлде дәлелі бар, шындыққа сай негізделе ме – қалай болғанда да шешімді ақылға салып қабылдау керек.
Махаббат қарым-қатынасында көбіміз серігіміз ендігәрі біздің жеке меншігіміз болады деп қателесеміз. Есте сақтайық: ол дара тұлға болған және бола береді. Оның өзіндік тағдыры, әдеттері, мінезі, әлсіздіктері мен мақсаттары бар. Бір ғана нәрсе ақиқат: кез келген одақ ажырасумен тынады! Тым құрығанда ғашық жандардың біреуі екіншісінен ертерек бұл жалғаннан кетеді. Қамшының сабындай ғана өмірді сөгіс, күмән, үреймен улаудың қажеті қанша? Сізге көп нәрсе байланысты. Тіпті егер бақталасыңыздың пайда болғанын сезсеңіз де, қымбат адамыңыздан айрылып қалмауға, жеңіске жетуіңізге мүмкіндігіңіз көбірек. Бірақ ол үшін өз қызғанышыңызды жеңе алуыңыз қажет – ол сіздің жауыңыз, өйткені бұл сізге дұрыс пікір айтуға және ақылмен әрекет етуге мүмкіндік бермейді. «Қызғанышыңыз сізге қандай пайдалы дүние әкеледі?» деп өз-өзіңізден сұраңыз. Бұл әлсіздігіңіз қазіргі таңда екі махаббат нысанының арасында жүгіріп, шешім қабылдай алмай жүрген сүйіктіңіздің сізге деген сыйластығын жоюы мүмкін. Өзіңізді серігіңіздің орнына қойып көріңіз – оған жанжал шығарып, жазғырып, сөгіс айтатын адаммен қарым-қатынасты үзу ыңғайлырақ. Басқаның жігітіне (не күйеуіне) ғашық қыздар да қызғаныш пен белгісіздіктен азаптанады. Оның сізден биік екенін көрсетуге жол бермеңіз. Егер бейшара қыз сізге хабарласып, жігітіңізбен жүргенін айтса, қатты қызық болса да, әңгімені жалғастырмаңыз. Есіңізде болсын: сіздің әрбір сөзіңіз екіге бөліне алмайтын серігіңізге жетеді. Ең ұтымды жауап: «Мен жігітімді (не күйеуімді) қатты сыйлайтыным және бағалайтыным соншалық, бұл мәнсіз әңгімені жалғастырғым да келмейді». Қызғанышқа бой алдырсаңыз қарым-қатынасыңыз бен отбасыңыздың берекесі қашады. Үйіңіз берік қамал және сенімді қорған болуы тиіс. Әзіл-қалжыңға бейім болыңыз. Әзіл мен күлкі – керемет қару. Бірақ мазақ, ащы мысқыл емес, күлкі.Қызғаншақтар қайдан шығады?
Кейбірі туа бітті сондай болады. Кейбіріне бала кезден махаббат жетіспейді, сондықтан махаббатын тапқан кезде оны жоғалтып алудан қатты қорқады. Кейбірі, отбасында жалғыз болғандықтан, ешкіммен ештеңені бөлісе алмайтын өзімшіл, қызғаншақ болып өседі. Кейде бұл қасиетке бұрынғы сүйіктісімен болған жағымсыз тәжірибе себеп болады. Бірақ егер адам осы жолды таңдаса, қызғаныш бойын түбегейлі дендеп алады.
Қызғаншақ адам өз-өзін басқара алмайды және көбіне шектен шығатын әрекеттерге барады. Мұндай адамдармен өмір сүру қиындай бастайды. Қызғаныштан туындаған жанжалдан кейде адам өлтірулер де болып жатады. Ал физикалық зәбір көрген жандар ел-жұрттан ұялып, қызғаншақ күйеуінің әрекеттерін жасырып келеді. Бір рет қол көтерген адам бұл тірлігін мәңгі-бақи жалғастырып өтеді. Және әр қол көтерген сайын сізден жалбарынып кешірім сұрайды. Біз, әрине, ешкімнің өміріне араласпаймыз, өйткені шешім қабылдау әркімнің құзырында. Қамшының сабындай қысқа өміріңізді дау-жанжал мен торда қамалған құстай өткізу қаншалықты дұрыс екені сіздің пайымыңызда.
Сурет: fashionlady.su, snoom.ru, shkolazhizni.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Тест: "Сіз қызғаншақсыз ба?" (қыздар үшін)
"Қызғаншақтың махаббаты жек көруге көбірек ұқсайды"
Қызғаншақтық - жақсы ма, жаман ба?
Сүйгеніңіз тым қызғаншақ болса...
Қызғаныштың түрлері
Әйел жанын қызғаныш жайламасын
Қызғаныштан жарылатын шығармын...