Қызғаныш – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан сезімдердің бірі. Бұл туралы адамдардың пікірлері әртүрлі: бірі қызғанады, яғни, сүйеді десе, екіншілері қызғанудың дұрыс емес екенін айтады.
Қайсысынікі дұрыс?
Қызғаныш – қорқыныш, көре алмау, реніш секілді теріс сезімдердің жиынтығы. Ол ешкімге абырой да, жеңілдік те әпермейді.
Қызғанышқа әйелдер мен еркектердің көзқарасы екі түрлі. Мысалы, жігіт қызды бұрынғы махаббатынан қызғанса, қыз мұндайға көңіл аудармайды, «өткен нәрсе өтті, мені таңдады, яғни, мені сүйеді» деп ойлайды. Одан соң әйелдер физикалық жақындыққа онша мән бермейді, олар үшін ең бастысы – эмоциялық жақындық. Сол себепті әйелі күйеуі көзіне шөп салса да кешіре алады, алайда «мені шын сүйе ме?» деген сұрақ оның жанын жейді. Еркектер көбінесе нақты нәрседен қызғанады.
Қызғаныш неліктен туындайды?
Біріншіден, сәтсіз тәжірибеден кейін екінші рет осындай оқиғаның қайталануынан қорқады. «Тән жарасы жазылар, ал жан жарасын кім жазар?» дегендей, осы жанын жаралаған ауыр сезімді тағы да басынан кешіргісі келмейді.
Екіншіден, өзін жақсы көрмейтін адам өзгенің де өзін жақсы көре қоятынына күмәнданады. «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, жоқ нәрсені ойлап тауып, сюжетін өзі құрып, соның жетегінде өмір сүреді. Бүкіл ойын, ақылын, энергиясын соған жұмсайды. Өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеу үшін сүйгенінің әр сөзін, әр қадамын аңдумен болады. Құмалақшы, балгерлерден ақшасын да аямайды. Мұндай адам келе-келе депрессияға ұшырауы мүмкін.
Сондықтан қызғаншақ болсаңыз, оның себебін ең алдымен, өзіңізден іздеңіз.
Немесе кәсіби маман – психологтың көмегіне жүгінгеніңіз жөн. Себебі қызғаныш талай отбасының шаңырағын ортасына түсірген сезім. Психологтардың жұмысынан кейін ғана біраз адам өздерінің қайталанбас дара тұлға екендігіне сенетін болады.
Сурет: ©Baltabek Kozhanov Studio
Оқи отырыңыз:
Бақытты болуға не кедергі?
Бақытты болуға не кедергі? #2
Соңғы бұйымтайдың салдары
Болашақ жарым қандай болуы керек? #3