- Негізгі бет
- Психология
- Қызға қандай гүл...
Қызға қандай гүл сыйлаған жөн?
Гүлді сұрыптарына қарай таңдау керек
Гүлдердің өзіндік сұрыптарына мән берейік. Сондай-ақ, олардың түсі де маңызды рөл ойнайды. Ел аузында қалыптасып қойған нанымдарға да құлақ түріңіз. Мысалы, ашық қызыл түс сезімді, тоқ қызыл терең махаббатты, алқызыл түс нәзіктікті, ақ түс тазалық пен албырттықты білдіреді. Сары алдамшы сезімнің бейнесі болады. Ал ақ пен қызыл түсті гүлдердің араласқан шоғыры қоштасуды білдіреді.
Сонымен қатар, гүлдерді түске қарай таңдау адамның жас мөлшеріне де байланысты болады. Көбіне ақ түстер – 6 мен 14 жас аралығына, алқызыл – 23 пен 25 жас аралығына, ал тоқ қызыл түс 30 жастан жоғарыларға қонымды болып келеді. Қыздар гүлдердің түсіне аса мұқият мән береді. Сондықтан, дос қызыңызға гүл сыйламас бұрын біршама ойланып алғаныңыз жөн. Ал қыздар өзіне сыйланған гүлдерге қарап, жігіттерге ренжімесе игі. Себебі, жігіттер ол түстердің мән-мағынасын білмеуі де мүмкін.
Көпке дейін сақталатын гүл таңдайық
Гүлдердің сұрыбына қарай оның негізгі қасиеттерін білуге болады. Мысалы, розаның «Баккара» сұрыбы көпке дейін солмай тұра береді. Ал «Баттерфляй» мен «Изабель» өте нәзік гүлдер. Гүлдердің жаңа үзілгенін байқаудың бірнеше тәсілдері бар. Гүлдің әрбір жапырағының түбіне назар аударыңыз. Егер қарайған белгісі болса, гүлдің үзілгеніне біршама уақыт болған.
Тағы бір тәсілі бар, бірақ ол күрделілеу келеді. Гүлдің әрбір талын ашып қарауды сұраңыз. Егер гүлдің ішкі жағының түсі сыртқысынан ашық болса, гүлдің гүлзарда тұрғанына бірталай уақыт болғанын білдіреді. Ал егер екі жағы бірдей түсте болса, жаңа үзілген болады.
Гүлдің басын бір қолыңызбен ақырын қысып көріңіз. Егер қаттылау келсе, гүлді сатып алуға болады. Ал тым жұмсақ болса, орнында қалдырғаныңыз жөн.
Гүл шоғырын иесіне жеткізгенге дейін қалай сақтау керек?
Егер сіздің алған гүл шоғырыңыз үлкен болса, оны арнайы сыртқапқа орап беруді сұраңыз. Гүлдің сабақтары жел соққанда сынып қалмауы үшін төмен қаратып алыңыз. Егер далада ауа-райы суық болса, гүлдерді қалың оратыңыз. Тіпті, бірнеше метр ғана жүретін болсаңыз да солай еткен қауіпсіз болады.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: ©massaget.kz
Ж. Өрісбай