Қыз-келіншектер тағатын сағат тек уақытты білу үшін тағылатын құрал міндетінен өсіп, ерекше стильді аксессуар ретінде қолданыла бастады. Қолына таққан сағатына қарап, иесінің ішкі жан-дүниесі туралы ақпарат алуға да болады екен. Ендеше, сағат пішіндері нені білдіретін туралы толығырақ анықтайық.
Мысалы, әйел қолындағы классикалық қымбат сағат оның табыстылығы мен өзін жоғары бағалайтынын білдіреді. Мұндай әйел жоғары қабілеттілігімен, тәртіптілігімен, мақсаттылығымен ерекшеленеді. Ол өз уақытын және өзін бағалай біледі, әрдайым жаңа жетістіктерге ынталы болады.
Ерекше пішінді, әдеттегіден тыс дизайнды сағат таңдайтын қыздар оғаш қылық көрсете алатын бірқилы адамдар қатарына жатады. Мұндай сылқымдар өмірді мысқылмен қабылдап, көңіл көтергенді ұнатады. Және олар көбіне құбылмалы мінезді келеді.
Өмірде тұрақтылықты бағалайтын нәзік жандар көбіне шаршы пішінді қатаң сағаттарды тағады. Мұндай әйелдер өз ісінде нақты, қайсар болып келеді. Олар - еңбекқор, қадамын алдын ала пайымдап барып басатын жандар. Белгілі бір мәселеге өз жеке ойын қалыптастырса, оны өзгертуі екіталай, сол пікірін «есектей» қисықтық көрсетсе де, мойындатады. Оған қоса, шаршы пішінді сағат таңдайтын қыз-келіншектердің өздерін не өз өмірін өзгертуі өте сирек кездеседі екен.
Дөңгелек не сопақша келген сағат қиялшыл жандардың көңілінен шығып жатады. Әдетте мұндай әйелдер өте сезімтал және аңқау болады. Десек те, олар - адаммен тез тіл табыса алатын, қолынан келгенін аямайтын адамдар.
Егер әйел көлденең тік төртбұрыш пішінді сағат таңдаса, ол тым консервативті және өзгеріс пен жаңалыққа ынтасыз келеді. Мұндай жанды өзіне бейтаныс әрекет жасау үшін «орнынан тұрғызу» өте қиын. Есесіне, ол темірдей төзім мен таңғаларлық шыдамдылығымен мақтана алады.
Тігінен бекітілген тіктөртбұрыш пішінді сағаттарды ызақор және атаққұмар қыздар жиі таңдайды екен. Мұндай қыздар мақсаттылығымен ерекшеленеді. Олар – өте сенімді серіктес және даулы мәселелерден алшақ жүретін жандар.
Қисық пішінді сағаттарды тұрақсыз қыз-келіншектер алады. Мұндай аксессуар иелері өз әдеті мен әуестерін жиі өзгертіп, мың құбылып жүреді. Олардың белгілі бір мақсатқа қол жеткізуі өте сирек кездеседі, көбіне бастаған ісін аяқсыз қалдырады. Олар өте әсершіл және жақсы дамыған интуициялы адам болып есептелінеді. Тек сол интуициясы мен ерекше ойлау қабілеті арқылы мұндай жандар кез келген жағдайдан оңай шыға алады.
Ал егер әйел адам сағат таққанды мүлдем ұнатпаса қалай? Бұл - әйелдің уақытқа тәуелсіз, жайбарақат жан екенін білдіреді. Екінші жағынан, қазір бірталай іскер әйелдер де қолына сағат тақпайды, уақытты білу үшін олар қалта телефонын қолданады.
Ал сіздің сағатыңыз қандай?
Сурет: girls-girls.ru