- Негізгі бет
- Психология
- Қыздармен сөзталаста жеңу...
Қыздармен сөзталаста жеңу жолдары
Мереке аяқталған соң-ақ жігіттер қауымы кең тыныс алып, «үх» деп жатқан кезде біз де әзіл-шыны аралас мақаламызды жариялауды жөн көрдік.
Бірінші ереже
Сіздікі дұрыс екенін ешқашан да дәлелдемеңіз. Қыздар көбінде соңғы сөзді кім айтса сол жеңеді деген ауанда, ал негізінде қарсыластың өз-өзіне деген сеніміне сәл де болса кірбің келтіру – жеңістің дәл өзі! Уақытты босқа жоғалтпау үшін қыз баланың ойы дұрыс екенін жеткізу керек. Тек «осы жағдайда» немесе «былай алып қараса» деген қыстырма сөз арқылы айтуыңыз керек. Ал осыдан кейін ғана өз ойыңызды «ал енді, ойланып көрейікші, негізінде...» деген қыстырмамен айта бастағаныңыз жөн. Осы арқылы сіз жеңілгендей боласыз да, ол өзіне өзі марқайып отырған сәтте өз аргументіңізді айта аласыз.
Екінші ереже
«Сенің не айтып тұрғаныңды түсінсем бұйырмасын» деген жауыр сөзді айтудан аулақ болыңыз. Оның айтқаны мағынасыз сөздердің жиынтығы болса да я анық өтірік екенін білсеңіз де қарсы шықпаңыз. Егер оның сөздерінен ештеме де түсінбегеніңізді айтар болсаңыз өзіне назар аудармайтыныңызды, онымен санаспайтыныңызды айтып сізге екі есе ренжіп қалуы кәдік. Оның орнына «Түсіндім! Енді мына мәселеге назар аударайық...» деген қыстырмамен оның назарын аударып аласыз.
Үшінші ереже
Дауыс көтермеңіз. Дауыс көтерер болсаңыз «Маған неге айқайлайсың?!» деген сөзге тап боласыз, әрмен қарай сіз мәдениетсіз, ал қыз – құрбандыққа айналып шыға келеді. Дәл осы жүйені өзіне қарсы қолданыңыз, ол сізге дауыс көтеріп, өз шындығын жеткізе алмай жатқан тұста «мен сенімен ұрысқым келмейді» дегеніңіз дұрыс. Бұдан кейін ол өзін кінәлі сезінеді, ал сіз аз уақытқа болса да жеңіске жетесіз.
Төртінші ереже
Қыз баланың ақылы қысқа, шашы ұзын екені ықылымнан-ақ дәлелденіп қойған. Бірақ бұл сөзді екінші мәрте айтып, дәлелдеудің ешбір қажеті болмас. Оның орнына «сен өте ақылдысың, сол үшін де мына жәйтті түсінесің деп ойлаймын...» деп өз аргументіңізге уақыт беріңіз.
Бесінші ереже
Ешқашан да теңеулер мен метафораларды, одан қалды қанатты сөздерді қолданбаңыз. Бұл майданда қыз баласы сізді «екі орап алады». Сондықтан да оның қаруымен оның өзін жеңе алмайсыз.
Алтыншы ереже
Өз сөзіңізді шешеңіздің, әжеңіздің немесе бұрынғы сүйіктіңіздің сөзімен дәлелдемеңіз. Мұнда өзіңіз үшін емес, қызыңыз үшін абыройлы болып көрінетін адамның үлгісімен немесе сөзімен өзіне қарсы шыға аласыз.
Жетінші ереже
Қыздардың логикасы қандай да бір «қатып қалған» я дәлелденіп қойған тұжырымды қайта қарауға, қарсы шығуға, тіпті елемеуге дайын тұрады. «Сен өзің кеше ғана осылай деп айтқан жоқсың ба?!» деп, дәлелдесеңіз де «Иә, не бопты?» деген жауаптан кері қайтасыз. Сол үшін мұндай қақпанға түсіп, уақыт жоғалтудың реті жоқ.
Сегізінші ереже
Тақырыптан ауытқымаңыз. Әйел адам ұрыс-керістің бастауы болған тақырыптан ауытқып кетуге бейім. Дау ортасында «айтпақшы, сен неге кеше маған телефон соқпадың?!». Мұндай жаңа тақырыпқа ауысып, сөйлесе кетуден аулақ болыңыз. Әйтпесе оның сіз туралы барлық ойын тыңдауға мәжбүр боласыз. Сондықтан өзге тақырып араласса өз қатеңізді мойындап, кешірім сұрау ләзім.
Тоғызыншы ереже
Өз сөзіңізді дәлелдеу барысында ұзақ-ұзақ сөйлемдер мен тым ақылды сөз қолданысын пайдаланбаңыз. Аргумент екі-үш ауыз сөзбен бітуі керек. Артық сөз қаншалықты аз болса, қыздар соншалықты аз ұрысады.
Оныншы ереже
Әзіл араластыруды ұмытпаңыз. Ұрыс немесе дауды әдемі әзілмен-ақ аяқтауға болады. Егер сіз әзілқой болсаңыз қыз әрқашан да сіздің қателігіңіз бен мініңізді кешіруге бейім тұрады.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: fishki.net
А. Құлтай