"Маған әскери адамдар ұнайды", "Осы неге әскери форма киген жігіттер сүйкімді көрінеді екен?" деген сөздерді естімей жүрген жоқпыз. Әдемі қыздарды әскери азаматтар несімен еліктіреді екен? Жоғарыдағы сұрақтардың сыры неде? Жауап қыздардан!
Қыздарға салмақты жігіттер ұнайды. Әрине, әскери қызметтегі жігіттердің бәрі де ұшқалақтық мінезден ада демесек те, олардың біразы салмақты келеді. Бұл - көптеген нәзік жанды арулардың ортақ пікірі.
Кейбір қыздарға әсіре сөзшіл жігіттер ұнамайды. Сезімін білдіруге келгенде поэзия тілімен көркемдеп, тек кітаби сөзбен сөйлейтін "қияли" жігіттер де. Сондықтан да әскери адамдарды таңдайды. Неге? Себебі олар әдеби тілге және көркем сөйлеуге шорқақ келеді.
Кейбір арулар жігіттердің бұйрық бере сөйлегенін ұнатады. Қатаң тәртіпті көрген ұлдар аруларға келгенде де нәзіктік таныта қоймайды. Көп жағдайда! Кей қыздар өзі сүйетін ер азаматтың өзіне қатаң бұйыра сөйлегенін қалайды.
Кейбір қыздар жігіттердің үстіндегі киімін басынан аяғына дейін тінтіп шығады. Енді бірде аяқ киімі ұнамаса, енді бірде қалпағы ұнамай қалады. "Сәннен шыққан киімді киіп алыпты" деп сөгеді. Ал әскери киім жігіттерді бұл сөзден "құтқарып" алады.
Кейбір қыздар сүйіктісінің мықты болғанын қалайды. Жоқ, кейбір деуге келмес. Тіпті бәрі десек те болады. Өйткені кез келген жағдайда оны қорғайтын жігіттің бары дұрыс-ақ. Ал әскери қызметтегі жігіттер барлық сынға төселген. Қыздардың ойынша, "олардың күші көөөөп"...
Кейбір қыздар өз сүйіктісін бақылап отырғысы келеді. Әскери қызметтегі жігіттерді махаббатқа сенімді деп біледі. Олар қатаң да, жауапты қызметтерінен бас алмай жұмыс жасаймын деп, басқа қыздарға мойын бұрмайды деп ұғады.
Қыздарға ішімдік ішпейтін, шылым шекпейтін салауатты өмір салтын сақтайтын жігіттер ұнайды. Әскери азаматтардың дені мұндай қылықтан ада. "Бәрі" десем, қатты қателесер ем...
Қыздарға спортты сүйетін жігіттер ұнайды. Олар көбіне таңертең жүгіріп, жаттығу залына баруға уақыт бөлетін жігіттерді таңдайды. Бұл да әскери азаматтарға жат емес.
Жоғарыдағы тұжырымдар "заңды" емес. "Кейбір" деген сөзді де тегін қолданып отырған жоқпыз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: azattyq.org