Қыздарға қандай гүлдер ұнайды?! Гүл таңдауда неге зер саласыз?
Әдетте гүл сатып аларда бірден раушан гүліне көзіміз түседі. Оған себеп тартымдылығы мен танымалдығы десек те, басқа гүлдердің қыр-сырына қанық еместіктен осы қадамға баратынымыз жасырын емес. Күздің ызғарын бір сәтке ұмытып, жадыраған гүлдер әлеміне саяхаттап келейік.
Раушан гүлі – гүлдердің патшайымы. Жалынды махаббаттың, тағзым етудің және сұлулықтың нышаны. Раушан бағзы замандардан-ақ ең сәнді өсімдік саналып келген. Бұл гүл әдемілігі жағынан да, түсінің түрлілігі жағынан да, мұрныңызды жарардай хош исі тұрғысынан да теңдесі жоқ десек, артық айтқандық емес. Қыздарға көп жағдайда қызыл түсі ұнайды. Әйел адамдарға ақ түсін сыйлауға болады.
Қызғалдақ гүлі. Бұл атау қайдан, қалай шыққан? Ол жөнінде болжам көп. Оның кеңінен тараған атауы – «тюльпан». Бұл парсы сөзі: «толибан» немесе «долбент». Оның мағынасы: басқа тартатын орамал, «тюрбан». Тюльпан осы сөзден шыққан, қызғалдақ қауызы шығыстың баскиіміне ұқсас болғандықтан, осылай аталған. Мұның бәрі тіл мамандарының пайымдауы. Әйтеуір, қызғалдақ ежелден-ақ ақындарды да, ғалымдарды да, патшаларды да таң-тамаша қалдырып, өзіне ынтықтырып келеді. Содан да болар, Шығыстың тағы бір атақты шайыры Ғафиз қызғалдақтың қыздай нәзіктігіне, әдемілігіне, кипаристей сымбаттылығына. тіпті раушан гүлі де тең келмейді деп жырлайды. Біле жүретін тағы бір мәлімет: Қызғалдақтың Отаны – қазақ жері.
Түймедақ гүлі – көпшіліктің ең сүйікті гүлдерінің бірі. Тіпті гүл өсіруге енді ғана бетбұрыс жасаған бағбанның өзі көгалдандыруды түймедақтан бастары анық. Жаз мезгілінің жаршысы саналатын түймедақ еліміздің барлық аймағында өседі, ортасында сары дағы бар ақ түсті гүл. Табиғатта өсімдіктің 200-ге жуық түрі белгілі. Түймедақтың сары түсі де бар, дегенмен, ақ күлтелі түрі көп таралған. Түймедақтың табиғи түрі дәрілік қасиетімен жоғары бағаланады. Дегенмен, көбісі түймедақтың пайдасын біліп, шипалық мақсатта қолданбайтыны өкінішті.
Орхидея гүлі – даналық, нәзіктік және ақсүйектік символы. Бөлме орхидеясы махаббатты, үндестікті, әдемілікті және отбасылық жайлылықты білдіреді. Егер жақыныңыз сізге орхидея гүлін сыйласа, оған күтім жасау жолдарын біле жүріңіз.
Сирень немесе Мамыргүл – зәйтүндер тұқымдасына жататын бұталар тегі. Әр түрлі мәлімет бойынша текке 22-36 түрі кіреді. Олардың барлығы жабайы түрінде Еуразия аймақтарының таулы аудандарында өседі. Мамыргүлдің 2300-ден астам мәдени сорттары бар, олар әдеттегі мамыргүл түрінен алынған. Сорттары бұталар гүлденуі, биіктігі мен мерзімдері, гүл түсі, пішіні мен мөлшері және т.б. бойынша ерекшеленеді.
Пион – ол райхан гүліне ұқсайды. Өте ертеде Флора құдайы ұзақ жолға шықпақ болып орнына орынбасар қалдырмақ болады. Ол орынға райхан гүлін ұсынбақ болады. Барлық гүлдер келіскенмен, бұл орынға пион мен ғана лайықпын дейді. Оған ренжіген Флора құдайы оны ірі етіп үрлеп тастайды. Содан бастап пион гүлі райхан гүліне қарағанда ұсқынсыз болып қалған дейді.
Лала немесе Лилия – көпжылдық бақша өсімдігі. Көгалдандыру саласына ежелгі Рим дәуірінде енген. Алғашында 110-ға жуық табиғи түрі болса, бүгінде сұрыптаушылардың арқасында саны 4000-ға жетті. Гүлінің түсі ақтан қараға дейінгі аралықта. Тіпті, бір гүлшоғыры бірнеше түсті гүлден тұратын түрлері де бар. Шілде, тамыз айларында гүлдейді. Бойының биіктігі 40-300 сантиметр аралығында. Лалагүлді күн жақсы түсетін гүлзарларға отырғызу қажет. Жапониялық лалагүл ғана суыққа шыдамсыз келеді. Сондықтан оны қысқы суықтан қорғап, күзде бетін топырақпен жабу керек. Тұқымы арқылы өте сирек көбейтіледі. Сұрыпты түрлерін тұқымы арқылы көбейтуге болмайды. Аналық көшеттің түбін бөлу арқылы көбейтеді.