- Негізгі бет
- Психология
- Қыздардың неден қорқатынын...
Қыздардың неден қорқатынын білесіз бе?
Қыз баласы сырт көзге барынша сенімді, мықты, тәуелсіз болып көрінсе де, жүрегінің түбінде өзіне қорған болар ер жүрек батыр ханзаданы іздейді. Кейде жасандылық танытқанмен, шын қорқатын нәрселері де бар. Ал қорқыныш сезімінен арылу үшін оның туындауының себебін түсінуіміз қажет.
1. Кез келген қыз баласы өзінің жат жұрттық екенін біледі және алыста жүрген отбасы мүшелері үшін алаңдайды. Өзі сабақтан, жұмыстан немесе бастаңғылардан кеш қайтса да, осы әрекетті қайталаған бауырлары мен сіңілілері үшін мазасызданады.
2. Көп қыз жалғыздықтан қорқады. ХХІ ғасырда қыздар мен жігіттердің аузынан «Үйленуге лайық қыз жоқ» немесе «Ол жігітті ұнатпадым» сынды сөздерді жиі естуге болады. Мұнымен қатар, бұл қорқыныш бала-шағасы бар әйел адамдарға да тиесілі. Әйел адам өзінің айрандай ұйыған отбасына қарап, бұл бақыттың ұзақ жалғаспайтынын, балалары ер жетіп өз жолдарымен кететінін ойлайды. Тіпті, үйде қалатын кенже баласын азсынады. Осы қорқыныштың нәтижесінде балаларын келінінен қызғанатын енелер шығады. Мұндай жағдайда жалғыздықтың әрдайым бақытсыздық бола бермейтінін түсінуіміз қажет. Оның да пайдалы тұстары бар. Сондықтан да жаңа достар таптым деп бұрын-соңды жақсы араласқан достарымызды ұмытып кетпеуіміз керек. Мүмкін болашақ жарымыз солардың ішінде шығар. Болашақтың бізге тартар сыйы көп.
3. Жас қыздардың өзі де қартаюдан қорқады. Өздерінің нәзік терілерін әжім басатынын ойлағылары келмейді. Ай астындағының бәрі мәңгілік емес екенін түсінейік. Жанымыз жас болғанмен, тәніміз сол қалпында қалмайды. 80 жасқа келген қария да жүрегінің түбінде өзін бозбаладай сезініп, өтіп кеткен ғұмырын қимайды. Сондықтан, әрдайым оптимист болып, өмірдің сан түрлі қырына қызығушылық танытуымыз керек. Уақыт барда артымызға қарап өкінбейтіндей өмір сүруіміз керек.
4. Жұмысымнан айырылып қаламын ба деген қорқыныш. Барлығы ойдағыдай, тіпті, басшымызбен қарым-қатынасымыз жақсы болған күннің өзінде ол қорқыныш жүрегіміздің түбінде тұрады. Сондықтан да жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, қосымша тағы бір жұмыстарды қарастыра жүруіміз керек. Тіпті, табысы мол мамандықты қысқа мерзімді курстар оқып игеруге болады. Қазіргі таңда дипломға қарағанда, біліктілік жоғары бағалануда. Мұның адам психологиясына едәуір әсері бар.
Мұнымен қатар, жұмыс жоқ кезде ақшасыз жүруге болмайды. Жоқ дегенде 6 айға жетерлік қаражатымыз болуы тиіс. Осы уақыт ішінде дұрыс жұмыс тауып алуға болады. Таныс-тамырдың да көмегін қарастыра жүрген жөн. Әрине, егер оларды ұятқа қалдырмай жұмыс істей алсақ...
Санамызға сіңіп қалған қорқыныш, шындыққа айналуы мүмкін. Сол себепті, кері әсері бар ойлардан арылуымыз керек. Өзіне сенімді жандарға қорқыныш жоламайды. Әр қадамыңызды нық басыңыз.
Ал сіз неден көбірек қорқасыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: вк желісінен
Қ. Бүйенбай