- Негізгі бет
- Психология
- Қыздардың қарым-қатынасты үзудегі...
Қыздардың қарым-қатынасты үзудегі себебі неде?
Сен бәрін дұрыс істеген сияқтысың: оны ессіз сүйдің, қалаған затын алып бердің, сыйлықтар сыйладың, кездесулерге шақырдың. Бірақ қыз бәрібір саған «Айырылысайық» деп ұсыныс тастады. Қай жерден қателестің?
1. Сенің кішкене болсын салмақты шешім қабылдай алатын қасиетің жоқ. Егер «жауапкершілік» сөзін ести сала денең түршігіп, аяғың дірілдесе, егер барлық шешім қабылдауларды қыз мойынан артып жүрген болсаң, онда роман аяқталуға жақын.
2. Өзіңнің не қалайтыныңды білмедің. Кейбір жігіттердің аузынан «Ол маған қажеттіні бере алмайды» дегенді естіп жатамыз. Ал сен өзің саған не қажет екенін білесің бе? Қалаған затыңды алу үшін, оның алдымен не зат екенін біліп алу керек. Және оны қалай да жеткізу керек.
3. Оған жеткілікті көңіл аудармадың. Ал кейін оған біреудің гүл сыйлап жүргенін және кездесуге шақырып жүргенін байқайсың. Қыздар ілтипат пен көңілге зәру. Және егер сол ілтипатты жігітінен байқамаса, басқалардан іздей бастайды. Бір сөзбен айтқанда, бәсекелестік артады. Және бұған жұмысбастылық себеп болуы мүмкін.
4. Мінсіздікке ұмтылдың. «Ол талдырмаштай қарақат көзді қыз болу керек» деген стандартпен махаббатыңа жолықтың. Бір қызығы, ол қыз сенен ақылды, тым ашық болып шықты. Және осы ретте наразылық сарыны белең алды... «Мен сені мұндай деп ойламаппын... әйтіппін... бүйтіппін...» Мінсіз адам болмайды және оған ұмтылу – қарым-қатынас құрудан қорқуды жасыру. Өйткені ол саған лайық болмаса, бірден қоштаса салуға болады ғой және ешқандай жауапкершілік жүктелмейді.
5. Ашылып сөйлесе алмадың. Ұзақ уақыт жан-дүниесінің есігіне сығалауға да мұрша бермейтін адаммен жүрген кезде, айырылысу – бұл тек уақыт еншісінде. Адам болған соң сену, сөйлесу, түсінісу – қалыпты құбылыс.
6. Қарым-қатынастың берекесі тек қыздың қолында деп ойладың. Иә, қыздар иілгіш, сезгіш және көбіне қарым-қатынасқа ұйытқы болады. Бірақ ол үшін ЕКІ адам керек. Түсіністік өз бетімен келетін дүние емес, қарым-қатынастың беріктігіне екеуара жұмыс қажет.
7. Оның еркіндігіне шек қойдың. Әрине, қызғаныш сезімі көп адамға тән. Алайда қыз баланы құсты торға қамағандай қамап, бостандығы мен қалауларына шек қою – төзімділігін сынаумен бірдей. Қыз бала жігіт кезіңдегі мұндай мінезіңді көріп, болашағы үшін алаңдайды. Және бұл алаңдауы бекер емес.
8. Ес-түссіз ғашық болып, тұлғалық болмысыңды жоғалтып алдың. Иә, махаббат қарым-қатынасында тіпті өле ғашық болу да артық. Өйткені адам өзінің қызығушылықтарын, жеке өмірін, оқу, жұмыс, достар, бәрін ысырып тастап, сүйіктісіне толығымен беріліп кетеді. Осылайша бір кездері сүйіктісін қызықтырған тұлғалық болмысы жоғала бастайды. Қыздың махаббаты басылып, саған деген ынтықтығы жоғалады.
Қыздар, бұл тізімге тағы не қосар едіңіздер? Және, жігіттер, қыздардың қарым-қатынасты үзуіне қандай себептер болды?
Оқи отырыңыз:
"Дос боп қалайық". Ендігі амалдар
Сурет: vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina