Адамдар сырт көзге қалай көрінетінін ойлайды, тілі маңызды емес деп айтқанның өзінде іштей өзгелердің өзі туралы не ойлайтынын білгісі келеді. Кемшіліктері болса күресіп, жақсы жақтары болса одан әрі дамытқысы келеді. Осы орайда қыздар жігіттерге не ұнамайтынын біле жүргені абзал.
Жігіт сізге толығымен сенетіндей жағдай туғызыңыз. Кез келген ішкі сезімін, сырларын еркін бөлісе алатындай сенімді болыңыз. Ол үшін өзгелердің айтқан әңгімесін, құпиясын жұбайыңызға айтып, өсек тасымаңыз. Соның ішінде оның достарын, туыстарын жамандаудан аулақ болыңыз. Қарындастары сыр айтса да, оны жігітіңізге ашпаңыз.
Минусты плюске айналдырыңыз. Бойыңыздағы кемшіліктер сіздің минусыңыз болса, сіз жігітіңіздің минусы боласыз. Тамақ пісіре білмейсіз бе? Минус! Өте ашуланшақсыз ба? Минус! Ал, музыкалық аспаптарда ойнасаңыз, плюс. Шаш сәндей білетін болсаңыз, плюс. Кітап оқуды жақсы көретін болсаңыз, плюс. Осындай кішкене плюстерден сіздің тұлғалық болмысыңыз құрылады. Өзіңіз үшін ғана емес, ер азаматыңыздың да абыройы үшін өзіңізді дамытыңыз.
Ер адамдар жанындағы нәзігінің күлкісінен қуат алады. Сіздің бір жымиғаныңызды көрудің өзі оған күні бойы жоғары көңіл күймен жүруге әсер етуі мүмкін. Ол сізді үнемі қуантуды, күлдіруді қалайды. Тосын сыйларын алдын ала біліп қойсаңыз да, әртістік қабілетіңізді, әйелдік қулығыңызды қосып, қуанған кейпіңізді таныта біліңіз. Жеңіл әзілдеріне де күле салыңыз. Қалжың түсінбейтін, әзіл көтере алмайтын қыздар жігіттерге жаға қоймайды.
Ал, мәселе туындатып жүрер болсаңыз, еркектер мұны өлердей жек көреді. Құжат жоғалтып алу, достарыңмен ренжісіп қалу деген сияқты мәселе емес, қарым-қатынастағы түйткілдер туралы сөз болып отыр. Оның әр басқан қадамын аңдып, телефонын тексеріп, кездескенімізге бәлен ай болғанын ұмытып кеттің деп болмайтын істерге ұрыс шығарып, мәселе туындатып жүру жігіттерге ғана емес, сырт қараған кез келген адамға жағымсыз көрінеді.
Одан өзіңізді жоғары қоймаңыз. Ер азаматым деп төбеңізге көтергенде ғана өзіңіз де әрдайым сүйікті кейпіңізді жоғалтпайсыз. Ал бетінен алып, шешіміне қарсы келер болсаңыз, соңы жақсылыққа апармайды. Жалақысы аз болса бетіне баспаңыз. Оларды қызметте көтерілуіне, жақсырақ жұмыс табуына шабыттандырып, итермелеп отыратын – әйел заты. Оған сіздің ақшаңыз да, ақылыңыз да керек емес. Бәрінен бұрын бастаған ісін, бастар ісін қолдауыңыз аса қажет. Үнемі сенім білдіріңіз, қолпаштау сөздеріңізді аямаңыз. Бір күні қанша шыңды бағындырғанын да байқамай қаласыздар.