Мамандық десе, өмірде жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек екені туралы айтылған сөз бірден еске түседі. Бір сәт қиялға беріліп көрейікші, егер өмірлік жарымызды мамандығымен бірге таңдау мүмкіндігін туса, қалай болар еді? Қыздардың таңдауы кім? Біз сауалнама жүргізіп, қатысушылар арасынан пікірлерді іріктеп ұсынып отырмыз.
Көркем Кенжеәліқызы (23 жас, балалар дәрігер): Маған әскери қызметтегі немесе әскер қатарында болған жігіттер ұнайды. Олар бір сөзді, айтқанын орындамай қоймайтын, нағыз ер азаматқа тән ірі қасиеттерге бай. Өзіне өте сақтықпен қарайды, үстінде бір артық қыл болмайды. Әскери қызметке өте мықты, таңдаулы жігіттерді ғана іріктеп алады ғой. Ертеңгі күні балаларына да басқаларына қарағанда жақсы тәрбие беріп, қатаң тәртіппен өсіреді деп ойлаймын. Ал журналист мамандығындағы жігітті таңдамас едім. Оларда әйелдік инстиктер басым болатындай көрінеді.
Меруерт Сағындықова (25 жас, travel-координатор): Ер адамға тән мамандық болса, бастысы, көзі ашық адам болса деймін. Инженер не мұнай-газ саласында қызмет істейтін болса... Бастысы әнші, асаба не жұмыссыз болмаса болғаны.
Айдана Сабырова (19 жас, архитектор): Қандай маман болса да бәрібір, бастысы табысы жақсы босла болды. Мүмкін, қаржыгер.
Жазерке Қаратаева (22 жас, журналист): Кәсіпкер болғанын қалаймын, себебі ешкімге тәуелді болмайды. Банк қызметкері болып істейтін жігіттер де ұнайды.
Жұлдыз Файзоллақызы (27 жас, суретші): Мен тұрмыстамын. Егер қайта таңдау берілер болса, жарым құрылысшы не хирург болғанын қалар едім. Дәрігер болса жұмысы күнделікті тәртіппен жүреді, мемлекеттік мекемеде де, өзі жеке де істей алады. Тұрақтылық бар, елдің алғысы бар. Жалақысы да жаман емес. Ал маған кәсіпкермен бірге тұру қиын. Демалысы жоқ. Ақшасын да алдын-ала қалай болатынын білмейсің, отбасы бюджетін жоспарлау да қиын. Үнемі күйзелісте жүреді.
Динара Оразқызы (26 жас, тіс дәрігері): Қайта таңдау берілсе, дизайнер не футболист жігітті таңдайтын болармын. Ақын болса да болады. Мамандығы маңызды емес, адам болсын.
Әдемі Жексенбай (18 жас, дизайнер): Мен өзім дәрігер болғым келді. Бірақ бұл мамандыққа оқуға шамам жетпейтіндей көрінді. Маған арман болған мамандық оның қолынан келетін болғанын қалаймын, сондықтан жігітім дәрігер болса деп армандаймын. Ақ халат киіп, көзілдірік тағып жүрген жігіт өте тартымды көрінеді. Тәуліктің кез келген уақытында шақырып алады, жұмыстары қиын болғанымен, олар халықтың адамы. Отбасы мүшелерінің де денсаулығына алаңдамаймыз.
Әсел Кәрімова (21 жас, банк қызметкері): Мен мұғалім жігітпен бас қосқым келеді. Себебі ол өз мамандығын сүйетін болса, балаларды да өте жақсы көретін болады. Бала тәрбиесін жетік меңгереді. Адам психологиясына да терең бойлай алады. Қай түкпірде жүрсе де, жұмыс оңай табылады.
Фариза Мұхтарқызы: (32 жас, метеоролог): Әкем архитектор болған соң, өзім де архитектор болғым келді. Бірақ сәті түспеді. Есесіне жолдасым – құрылысшы. Енді басқаша елестете алмаймын.
Гауһар Тасқынова (29 жас, инженер-механик): Бас дәрігер не тіс дәрігері болғанын қалар едім. Денсаулығыңды қарайды, табысы көп болады. Еріншек болмайды, жауапкершілігі жоғары. Үйде көп болмағандықтан, ыдыс-аяқ та сирек сылдырлайды.
Айдана Турткулбаева (17 жас, журналист): Мен болашақ жарым журналист болса деп армандаймын. Екеуміз бірге жүріп, жаңалықтар жасап, не болмаса бір ток-шоудың жүргізушілері болып жүрсек деп ойлаймын. «Махаббат қызық мол жылдар» романындағы Ербол сияқты сабырлы, тілге шешен, өзін ойын ашық айта білетін жан болса деймін.
Ақниет Жаманқұл (15 жас, филолог): Мен болашақ жарымды шығармашылық адам ретінде елестетемін. Композитор, ақын немесе режиссер. Себебі ортақ тақырыбымыз көп болады. Бір-бірімізді шабыттандырамыз, түсінеміз, ұқсас келеміз. Әскери саланың да адамдары тартымды көрінеді. Себебі, ол рухы биік, төзімді, патриот, еріншек емес, күшті болады. Жақындарынан көп жырақта болған соң оларды бағалайды. Қадірін біледі. Сағына алады. Бірақ əскери адамдар іссапарда көп болады ғой, жақсы жігіт болғанымен, жақсы отағасы бола алмайтын сияқты. Себебі күні түні жұмыс, Отан қорғау, ылғи алыста жүреді.
Әсел Нұрлан (16 жас, аудармашы): Жолдасым өзім сияқты аудармашы болса, көп тіл білетін адам болса екен деймін. Себебі, болашақ балаларымыздың өте білімді әрі тәрбиелі болуы маңызды. Маған өлең шығарып жүретін ақын болғанын да қалар едім.
Нарқыз Құттымұрат (21 жас, балабақша тәрбиешісі): Мен жарым дәрігер болғанын қалаймын. Олар өте салмақты, байсалды көрінеді. Жүректері махаббат пен мейірімге толы ақ халатты абзал жандар ғой.
Гүлназым Қарабатырова (28 жас, маркетолог): Әскери қызметтегі жігітті таңдар едім. Себебі олардың тік мінезді, табанды қасиеті ұнайды. Сонымен бірге ән айтатын немесе басқа өнер адамы болғаны да жақсы.
Камила Мейірманова (23 жас, экономист): Адам өз жүрген ортасына байланысты таңдау жасайды деп ойлаймын. Маған IT қызметкерлері не қаржыгерлер ұнайды. Олар болашағы жарқын, ақылды, жаңашыл болады. Бойы ұзын, көзілдірік тағатын, жеңін қайырып қойып жұмыс істейтін жігітті елестетемін.
Әсемгүл Ғазез (20 жас, агроном): Өзім дәрігер болғым келді. Сол себепті болар болашақ жар десе көзіме бірден дәрігер жігіт елестейді. Жауапкершілігі мол, қамқор, мейірімді болады деп ойлаймын.
Орынай Шайдуллина (24 жас, инженер): Адамдармен байланыс жасап, мәселелерді шешетін маман болғанын қалар едім. Мүмкін, маркетолог. Кез келген жағдайдан шығатын стратегия құрып, 100 теңгенің қаламын 1000 теңгеге сата білуі керек.
Гүлден Өтеулиева (23 жас, гинеколог): Ұшқыш болғанын қалар едім. Әр қаладан кәдесый әкеліп береді)) Қалжың ғой. Себебін білмеймін, кішкене кезімнен ұшқыш болғанын қалайтынмын.
Ханым Орынбаева (33 жас, психолог): Ерте күйеуге шыққасын мамандық туралы ойламаппын. Қазіргі қыздар ғой барлығын ойлайтын. Ер адам үшін ең жақсы мамандық – архитектор. Ол өте ақылды, өзіне сенімді, сөзіне берік, жауапкершілігі мықты. Архитектор болу үшін қиын мамандықты меңгеріп кету үшін шыдамдылық, үлкен күш-жігер керек. Мақсатынан таймайтын болады.
Байқағандарыңыздай, қыздардың көпшілігі әскери қызметтегі не дәрігер жігіттерді қалайды. Кейбірі өзі қол жеткізе алмаған мамандығын болашақ жарының бойынан көргісі келеді.
Ал сіз болашақ жарыңыз қандай маман иесі болғанын қалар едіңіз әлде қандай мамандықтағы адаммен бірге тұра алмас едіңіз?