Қандай еркек болмасын, мейлі ол менмен, мейлі ұрысуға бейім емес ер адамның орташа статистикалық типі болсын, немесе әлсіз, ынжық біреу болсын, күндердің бір күнінде қыздармен (әйелдермен) ұзақ уақытты (немесе уақытша) қарым-қатынас құратыны анық. Және сол қарым-қатынас кезінде ер жігіттің өз жұбымен бір емес, бірнеше рет дауласып, ұрсысатынын да сеніммен айтуға болады. Ал осы ұрыстың нәтижесі немен аяқталатынын білесіздер ме? Әрине, ер адамның жеңілісімен (қалай болғанда да қыздардың басым бөлігі осылай ойлайды).
Кез келген ер жігіттің кейде сытылып шыға алмайтын қолайсыз сәттерге тап болып жататындығымен келісетін шығарсыздар? Мысалы, сіздің соншалықты адал ниетіңізге қарамастан, айтқан сөздеріңіздің мезгілсіз болып қалуы. Немесе, асықты «бүк» түсірем дегенде, оның «шік» түсіп қалуы.
Сондай кезде абыройыңды сақтап қалудың жалғыз жолы – барлық нәрсеге дайын бола білу. Серуендеуге шығарда ақшасыз не болмаса жыртық киіммен жүре бермейсіз ғой? Сол сияқты мәселенің мән-жайын анықтаудан бұрын мейлінше жасақтанып алған жөн.
Ешқандай жігіт қыспаққа алынып, өз қызынан немесе әйелінен «соққы алып» жататындардың қатарынан болғысы келмейді. Әсіресе, одан қашып құтылудың амалы болса. Қызбен ұрысқанда жігіттің қолданған кез келген дәлелі әрқашан сәтсіздікке ұшырауға мәжбүр. Неге десеңіз, әйел адам ешқашан да өзінің кінәлі екенін мойындамайды. Ешқашан. Сондықтан ең дұрысы – ондай дәлелдердің барын ұмыту. Сіз қаншалықты сендірерлік дәлел айтып, жұбыңыздың қаншалықты қателесіп тұрғанын көрсетсеңіз де, бұл – қыздың сізден естігісі келген басты «ақиқаты» емес екенін естен шығармаңыз.
Әрине, бес саусақ бірдей емес. Және де өкінішке орай, мұндай жағдайларда қыз-келіншектерді жеңудің әмбебап тәсілдері де жоқ. Дегенмен, әйел адамның логикасына қарсы пайдалануға болатын классикалық әдістер жеткілікті...
№1 ереже
Қандай жағдай болмасын, дұрыстығыңызды дәлелдеудің қажеті жоқ. Уақытты босқа кетірудің пайдасы қанша? Ең дұрысы - бірден қыздың айтқанын дұрыс деп қабылдап, сөз соңында «енді бірге ойланып қарайықшы, себебі...» деп өз аргументтеріңді жайлап айта бастау. Осылайша, жігіт қыздың ойымен санасқандай болып көрінеді және қыз жігіттің сөзіне зейін салып тыңдайтын болады.
№2 ереже
«Мен сені мүлдем түсініп тұрған жоқпын» деген секілді сөздерді ұмытыңыз. Тіпті сіздің үстіңізге ақылға қонбайтын дәлелдер мен мағынасы жоқ сөздер құйылып жатса да, ешнәрсе түсінбегеніңізді не болмаса есітпей қалғаныңызды ешқашан айтушы болмаңыз. Біріншіден, қыздың қайта айтқанынан бәрін түсініп қалмайсыз. Екіншіден, әйел адам, әсіресе эмоциялы кезінде күмілжітіп сөйлегеніне аса мән бермейді және ол жайлы соңғы кезекте ғана ойлайды. Бірақ, қыздың сізді «Мені мүлдем елемейсің, менің ойыма түкіргенің бар» деп кінәлауы да бар. Ал осы кездегі ең дұрыс шешім: «Мен сенің ойыңды түсіндім, бірақ, мына мәселені жақсылап шешіп алғанымыз дұрыс болар еді...».
№3 ереже
Дауыс көтермеңіз. Бұл «Сен маған неге айқайлайсың?» дегенге алып келері сөзсіз. Осының салдарынан сөз тартыс әдеттегі ұрыс-керіске айналады. Нәтижесінде жігіт арсыз біреуге айналса, қыз – агрессия құрбаны атанады. Басқаша «ойнауға» тырысып көріңіз: егер қыз дауласып қызыл кеңірдек болып жатса, «Мен сенімен бұлай сөйлесе алмаймын» деп айтуға болады. Сол кезде қыз өзін кінәлі сезінеді, ал жігіт уақытша басымдыққа ие болады.
№4 ереже
Ешқашан әйел адамның интеллектін сынаушы болмаңыз. Керісінше, Сен ақылдысың ғой, сөзсіз өзің де білесің ...» деген әдіс қолданыңыз.
№5 ереже
Психоаналитикалық мақалаларда көптеп кездесетін абстрактты мысалдар келтірмеңіз. «Қарашы, мына қасық – сен, ал мына кесе – мен» дегендер болмасын. Әйел логикасының ерекшелігі соншалық, кез келген абстракты нәрседен өз дұрыстығына дәлел тауып алады.
№6 ереже
Айтқан сөздеріңізді достарыңыздың, ұлы кісілердің ойларымен қуаттамаңыз. Қарапайым әдіс болып көрінгенімен, көбісі ұрыс кезінде мұны ұмытып жатады. Сондықтан мысал келтірер кезде өзіңіз емес, қыз беделді деп санайтын адамдарды үлгі ретінде алыңыз.
№7 ереже
Әйел логикасында әрбір пікір қайта қаралып, жоққа шығарылып, қабылданбай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан «... деп өзің айтып едің ғой» деген сияқты сөздерге сүйенудің қажеті жоқ.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет авторы: Қанат Садықов