Оның түрлі себебі болуы мүмкін. Сән, сәннің әсер етуі, сәнге еліктеу сынды ұғымдарды түсінетін боларсыз. Бұл есірткіге, алкогольге, табак шегуге қатысты айтылады.
Қыздар өзінің алкоголь мен анашаның дәмін татып көрген қатарлас құрбылары секілді болғысы келеді. Мұнымен қатар, көптің соңынан ерген жөн деп, сіз де дәмін татып көруіңіз мүмкін. Бір-екі рет көргеннен түк болмас, бастысы мен дәмі ұнаса да, ұнамаса да өкінбеймін деп ойлайсыз.
Есіңізде болсын! Темекіні шегіп, ішімдікті бір рет ішкеннен оларға тәуелді болмауыңыз мүмкін, алайда сізді осылай жасауға мәжбүрлеген құрбыларыңыздың ырқынан шыға алмай қаласыз. Сіздің зиянды әдеттеріңізді бір рет көрген соң әрдайым шақыратын болады. Ерік-жігеріңіздің тым әлсіз екенін пайдаланады. Оларды қызығушылығыңыздың басқа екенін айтып та көндіре алмайсыз.
Анасының айтқанынан шықпайтын қыз деп келеке ететін болады. Мұның денсаулығыңыз үшін, болашағыңыз үшін қаншалықты қауіп төндіретінін жақсы түсінесіз деген ойдамын. Мұнымен қатар, зиянды әдеттері бар адамды болашақта жалғыздық, жазылмас ауру, кемтар бала, тәрбиесіз жар күтеді.
Есірткі – өтпелі кезеңде немесе есейген шақта бастан өтетін қиындықтардан қашудың құралы. Мысалы, сізге өзіңізге назар аудармайтын бір жігіт ұнады делік. Оған жақындаудың барлық айла-тәсілін пайдаланып көрдіңіз. Еш нәтиже жоқ. Бірде сол жігіт құрбыңызға сөз салады. Ал сіз не істеріңізді білмей, оны ұмытудың жолдарын іздей бастайсыз.
Дәл осы кезде алдыңыздан жоқты бар, мүмкін еместі мүмкін қылатын есірткі шыға келеді. Жауапсыз махаббаттан тек осылай ғана құтыла аламын ба деп ойлап, дәмін татып көресіз. Есірткі барлығын уақытша ұмыттырады. Бірақ күшін жоғалтқан соң денеңіз ауыра бастайды.
Енді басқа ситуацияны талдап көрейік. Сүйген жігіт сізді ұнатпайды. Оның симпатиясына кез келген жолмен қол жеткізуді жөн көресіз. Және оған зиянды әдеттері бар қыздардың ұнайтынын байқайсыз. Ол назар аударсын деген ниетпен ғана, темекі мен ішімдіктің дәмін татып көресіз, тіпті, әдетке айналдырасыз.
Жігіттерге өздері араласатын қыздардың барлығы ұнай бермейді. Олармен қарым-қатынасқа түсу оңай болғандықтан ғана сөйлеседі. Шындығында, олар биязы, сыпайы, инабатты және ең бастысы сабағын беске оқитын қыздармен дос болғысы келеді. Тек олар менсінбей, көпшіліктің алдында ұятқа қалдыра ма деп қорқады.
Ал Сіздің зиянды әдеттеріңіз бар ма?
Жалғасы бар...
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru