«Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ» дегендей, болашағынан үлкен үміт күтіп, ертеңінің жарқын боларына сенімі кәміл аруларымыздың көбі ауылға тұрмысқа шыққысы келмейді. Бәрі салтанаты келіскен зәулім үйде, әрине, қаланың қақ ортасында қызу өмір сүргісі келеді. Себебі неде? Оған себеп көп. Соның біразын бүгін бірге талқылайық. Қазақ қызы ауыл тұрмысынан неге қашады? Қыздар тарапынан жауап беруге, ойларын ақтарып көруге тырысып көрелік.
Ауылда өзіңмен-өзің бола алмайсың деп ойлайды. Қаладағы аядай ғана бір-екі бөлмеде ерлі-зайыпты болып оңаша тұрып, өз балаларын да сол үйде өсіруді армандамайтын бойжеткен аз шығар. Ауылда топ-топ ағайын туыс бар, көрші-қолаң бар, басқа да келім-кетім бар деп ойлайды да, ондай тұрмысты жандары қаламайды. Таңертең жұмысқа кетіп, кешке өз отбасымен ғана бас қосып тып-тыныш ұйқыға кету – армандары.
Ауыл әйелді тоздырып жібереді деп ойлайды. Өздерін үнемі ауылдың келіншектерімен салыстырып отыратын бойжеткендер ауылға күйеуге шықса, күтімсіз қаламыз деп ойлайды. Олардың ойынша, ауылда дене-бітімің мен келбетіңе қарайтын уақыт болмайды. Болса да, жандарына керек сұлулық салондары мен массаж және фитнес клубтарынан қапы қаламыз деп ойлайды.
Ауылдың тірлігі бітпейді деп ойлайды. Таңнан қара кешке дейін қыбыр-қыбыр тіршіліктен қолы босамайтын ауылдың келіншектерін көргенде өздерінің де болашақта ауылда бітпейтін тірліктің жетегінде жүрерін елестетіп шошиды. Сөйтеді де, ауылдың жігітінен гөрі өзіне көпқабатты үйлердің екі немесе үш бөлмесінен өмір сыйлайтын қаланың жігітін таңдайды.
Ауылда жұмыс жоқ деп сылтау айтады. Өздерінің ЖОО-да оқыған мамандықтарының ауылда болмағандығын және ондай кәсіптің болашақта қарастырылмайтынын сылтауратып, ауылға ат басын бұрудан жалтарады.
Ауылда болашақ жоқ деп ойлайды. Ауылды даму мен өркендеуден жұрдай деп түсінетін қыздар үшін ауылда тұратын жігітке тұрмысқа шықсаң, бір орныңда қалып қоясың.
Ал сіздер тағы нені алып-қосар едіңіздер? Осындай сылтау айтып, ауылдағы сүйгенімен амалсыз қоштасатын қыздардың арасында сіздердің де таныстарыңыз бар ма? Осындай таңдау сіздің де басыңыздан өтіп пе еді?
Ұқсас жазбалар:
Бойжеткен кімге қарап бой түзейді?
Балалы болғанда жауабы табылатын бес сұрақ