Ақ боз атты ханзадасын күткен әр ханшайымның ойында өз жігіті бар. Қыздар оны өздері жасап алады. "Ол салмақты болуы керек", "Ол сұлу болу керек", "Тым қатты қызғаншақ болмағыны жақсы", "Ол ақылды болса ғой, шіркін" деп өз ойлары басында мың оралып, жоқтан бар жасап алады. Сөйтеді де, қиялындағы сол жанды іздеуге кіріседі. Кейде тапқандай болады. Ал кейде көңілі толмай құлазып қалады. Сонда қыздар қандай жігіттерден бойын аулақтау ұстайды?
Тым үнемшіл
Қыздар қанша жерден жігіттің артық шығындалмағанын қаласа да, екеуі бірге келіп, таксиге өз қалтасынан ақша шығарса, ертең ол жігіттің қоңырауына жауап бермей қоюы әбден мүмкін. Санамызға сіңіп қалған стереотиптер бойынша қыз бен жігіт жүрген жерде барлық қаржы тек жігіт тарапынан шығуы керек. Бұл - боямасыз болмыс. Арулар қатты үнемшіл жігіттерді аса ұната бермейді. Оның әлеуметтік жағдайын қанша түсініп тұрса да, тиынға тісін сындыратындығына қынжылады.
Бос арман қуу
Армандаудың зияны жоқ, әрине. Тек үш ұйықтап тұрсаң да, түсіңе енбейтін дүниені армандап, бос қиялдың соңынан бордай тозып жүретін жігіттердің де қыздар алдында "саудасы" онша жүре қоймайды. Бір күн даяшы болып жұмыс жасап, "мейрамхана ашамын" дей салу оңай әрине. "Айтпауы керек, ашуы керек" дейді кей қыздар мұндайда. Өз армандары жайында жарты әлемге жар салып, соны орындау жолында әрекет етудің орнына "Алма піс, аузыма түс" деп жантайып жатып алатын жандар да қыздарға жаға қоймайды.
Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүру
Қыздар еңбекқор жігіттерді жақсы көреді. Бәріне өз зейнеті арқылы жеткен жігіттерді сыйлайды. Әкенің малы мен тамына сеніп, қымбат көлік мініп, бір іске де саусағының ұшын тигізбейтін жігіттер есі бар аруға ұнай қоймасы анық.
Мұңға оранғыш
Үнемі мұң мен түннің тауқыметін көрген және езуі күн көрмейтін жігіттер қыздарға сүйкімсіз көрінеді. "Ол менімен әуре бола ма, мұңымен бе?" деп мұң арқалаған жігіттен тезірек құтылғысы келе бастайды.
Аурушаң
Қыздар балаларының әкесінің дені сау, салауатты болғанын қалайды. Сәл суық тие қалса, жөтеле қалатын, сәл жүгірсе, шаршай салатын жігітті аса жақтыра бермейді. Денсаулығы қалыпты, спортпен айналысатын иммунитеті жоғары жігіттерді таңдайды.
Сүйікті емес
Қыздың артынан қанша жүгірсе де, құшақ толы гүл сыйлап, асты-үстіне түссе де, өзі жігітті ұнатпаса, түк шықпайды.
Құпия
Суыт жүріп-тұратын және күдікті іс қылса, артында із қалдырмайтын жігіттерді де. Өзінің өткен өмірінен сыр шертіп, туған-туыстары жайлы сөз қозғамайтын жігіттер қыздар үшін күмәнді жан көрінеді.
Бір күндік өмір үшін ғана күн кешу
Ертеңінде жұмысы жоқ тек бүгінгі күннің рахаты үшін өмір сүретін жігіттерден бойын аулақ ұстауға тырысады. Арулар "бүгін ішсем, бүгін жесем" деп бір күндік қарын тойғызудың қамын ойлап жүретін жігітке ертеңін сеніп тапсыруға қорқады.
Бұл барлық қыздардың пікірі емес, әрине. Әйткенмен, біраз қыздың ойын дөп бастық деп ойлаймыз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: mail.ru