- Негізгі бет
- Психология
- Қыздар жігіт сезімін...
Қыздар жігіт сезімін қалай анықтағысы келеді?
«Әйелдер – қу» десе, дегендей-ақ... Біздер, нәзік жандылар, жігіттердің сезімін анықтауға келгенде данышпанбыз. Біреу кеңес сұрай қалса, ақыл айта жөнелеміз. Әлемдегі еркек атаулының бәрі бір секілді бәріне бірдей болжаммен баға береміз. Рас қой? Жігіттердің сезімін анықтауға келгенде мынадай болжамдарға сенбейміз дейтіндер аз шығар?..
«Егер ол сізді құшақтағанда көзін жұмса, сүйеді...»
Демек ол сізді құшақтағанда көзін жұмбай тұрса, сүймей ме? Қызық, солай ма? Ол сізді құшақтап тұрса, оның көзінің жұмулы немесе ашық тұрғанын қалай сезесіз? Арт жағыңызда көз жоқ шығар? Әлде ол сізді басқаша құшақтай ма? Оған да "мейлі" дейік. Осы болжамға сенетіндер де табылады. Сеніп алады да, құшақтаған кезде көзінің ашық тұрғанын байқаған ханым (қалай байқайтынын, қайдам...) жігітінің сезіміне күмәнданады. Сөйтеді де, «сен мені сүймейсіңге» салып, бәле шығарады.
«Жігіт мас болса тек сүйгенін ғана іздейді»
Жігіттердің біразы қызға сезімін білдіруге келгенде қиналып жатады. Мүмкін батылдық жетіспейтін шығар. Бәлкім басқа да себептері болуы мүмкін. Сөйтеді де ішімдіктің көмегіне жүгінеді. Мас болып келіп, ішіндегі алай-дүлей сезімін қызға жайып салады. Мас кезде адамның көбі батыл да батыр болып кететіні рас, енді. «Сезімсезгіштер» бүйдеп жатады: «Егер жігітіңіз мас болып сізге телефон соқса немесе сізді іздесе, демек ол сізді сүйеді», болмаса «Жігіт мас болып сезім білдірсе, ол алдамайды». Мастықпен қыздарды бұрымынан ұстап лақтыратындар жайлы мұндайда қалай үндемейміз? Мас болып алып, өз қызынан басқа қыздармен көңіл көтеруге келісе кететін жігіттер жайлы неге тағы да үндемеу керекпіз? Мұны айтып, «мас кезде жігіттер өтірікке жақын келеді» деуге де асықпаймыз. Тек мастықпен сезім анықтауға келгенде аздап мидың да жұмыс жасауына мүмкіндік берейік.
«Егер ол сізді қызғанбаса, сүймейді»
Әрине, қызғаныштың ер мен әйел арасында рөлі басым. Біріміз жігітіміз қызғанғаны үшін күйіп-піссек, ал енді біріміз оның қызғанбайтындығы үшін тағы көңіл-күйімізді түсіреміз. Сөйтеміз де «сезімсезгіштердің» кеңесіне құлақ түріп көргіміз келіп кетеді. Олар не дейді? Бүйдейді: «Егер жігітің сені қызғанбаса, демек ол сені сүймейді», «Кез келген ер адам өз жұбын қызғануы керек», «Қызғанбау сүймеуге көп ұқсайды» дей салады. Бірақ қызғанышқа іштей да бой беруге болмай ма? Мүмкін жігітіңіз сізді қызғанатынын білдіргісі келмейтін шығар. Бұл өмірде тек әйелдер қауымы ғана қу емес қой. Жігіті қызғанса, «мені қызғанады» деп әдейі оны қызғандыруға дайын тұратын арулар жоқ деп көріңізші. Осылай «өзінше» болып кетпесін деп жігіт қызды қызғанатынын білдірмеуі де мүмкін. Сондықтан қызғанбайды деп ойлап «сүймейді» деген шешім шығара салудың да керегі шамалы. Сүю деген – жүректің жұмысы. Онда неге жұбыңыздың қызғанатынын немесе қызғанбайтынын, сүйетінін не сүймейтінін жүрекпен ғана сезбейсіз?
"Егер оған дәмді тағам жасап бере берсең, ол ешқайда да кетпейді"
Кешіріңіз, егер ол сізді сүймесе, асқазанның ақылына жүгінбейді. Жүректің қалауы кейде мидың айтқанына да жүрмей жатпай ма? Мидың қасында асқазанның абыройы төмендеу. Жігітке қаншама сүйікті тағамын жасап берсеңіз де, ол өзіне керекті сізден таба алмаса, наныңыздан ауыз тиеді де, кете береді. Жігіттің көңіліне асқазан арқылы жол тапқысы келетіндердің көбі өзінің құр үміттің етегінен жармасып жүргендігін байқамауы да мүмкін. Жігітке ең алдымен сезім керек. Ал асқазанның қамы кейінірек.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: vk.com
А. Әбілхан