Көп қыз есейген шағында шынайы өмірдің ертегідей болмайтынына көз жеткізеді. Осы сәтте олардың санасында үлкен төңкеріс болады. Барлық арманының күлі көкке ұшып, бала күнінде өрнектеп салған суреттерін қайта бедерлеуден өзге амалы қалмайды.
Қазақ қыздары жастайынан Құртқа мен Қарлығадай, Жібек пен Баяндай еріне жақсы жар болып, елінің ертеңін ойлар ұрпақ тәрбиелеу керектігін арқау еткен аңыз-ертегілер тыңдап өсті. Жақсылық пен жамандық арпалысқан кезде жақсылықтың туы әрдайым биік болатынын білді. Алайда тағдырдың қиын-қыстау сәттеріне тап болған кезде барлығына қол сілтеп, ертегі кітаптарымен қош айтысқысы келді.
Бір нәрседен немесе адамнан көңіліміз қалған кезде санамызда елеулі өзгеріс болып, ертегіге не үшін сенуіміз керектігін де түсіндік. Ертегісіз өмір сүру мүмкін емес. Себебі, ертегіде ақ арман, үкілі үміт, пәк махаббат өмір сүреді.
Ертегілерге сенуіміздің басты себептері төмендегідей:
♥ Жанымызды тынышталдырады. Таңғажайыптар өмірде көп, бар болғаны көзімізді ашып, оларды қабылдай білуіміз керек. Қандай жағдай болмасын, қол қусыруға болмайды, өйткені ертеңгі күні не болатындығы тек жаратқанға аян.
♥ Сүйікті кейіпкерлеріміз мейірімділік сабақтарын үйретеді. Әр кейіпкер жүрегімізді таза ұстауға өз септігін тигізеді. Адамгершілікке баулып, адал істерге жетелейді.
♥ Ертегілер бізге қалай сүю керектігін, қалай өмір сүру керектігін үйретеді. Өмірдің жақсы тұстары да бар екенін ертегіні оқып отырған кезде көреміз. Бастысы, жақсылық пен жамандықтың қатар өмір сүретіндігін, жақсылықтың үнемі жеңіске жетіп отыратындығын балаға түсіндіру.
♥ Ертегідегі махаббат пен шынайы өмірдегі махаббаттың айырмашылығы көп. Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасырда сауыты мен қылышын асынған батырлар, жүйрік мінген Қобыланды, Алпамыстар жоқ. Алайда олардың шығармадағы образы үнемі өзімізге лайық, жақсы адамды іздеуді жалғастыра беруіміз керектігін меңзейді. Әрине әркімнің өз идеалы, өз мақсаты бар. Бірақ, махаббат сезімі бәріне ортақ.
♥ Біз – өзіміз құрастыратын ертегінің басты кейіпкеріміз. Ал туысқандарымыз, достарымыз сол ертегідегі екінші дәрежелі кейіпкерлер болады. Сол себепті ертегіміздің қалай аяқталатындығын тек қана өзіміз шешеміз.
♥ Ертегілер адам баласын мейірімділікке баулиды. Сюжетінде үлгі боларлық оқиғалар өте көп болады. Шынайы өмірде де таңғажайып оқиғалар бар. Бірақ, біздің өмірге деген көзқарасымыз оларды «тұншықтырады».
Енді бір сәтке көзіңізді жұмып, өміріңізде болған ең тәтті деген естеліктерді еске түсіріп көріңізші: алғаш жауған қар, ата-анамыздың маңдайымыздан құшырлана сүюі, аспапта ойналған тәтті әуен, ғашығымызбен алғашқы сүйісу...
Ертегілер өмір сүруге кедергі жасамайды. Олар әр адамды жарқын болашаққа бағыттап, арманына сену керектігін үйретеді.
Ал сіз ертегіге сенесіз бе?
Сурет авторы: Бижігіт Қайыржанов