Сыр бөлісу адам денсаулығына айтарлықтай пайдалы екені белгілі. Өйткені ішіңізде жиналып қалған шер мен мұң сізді құса қып тынуы ықтимал. Сондықтан оны сыртқы ортадағы жақындарыңызға бөліскеніңіз жөн. Алайда сыр айтудың да өз әдебі бар. Кез келген жанға барып ақтарыла салмас үшін мына кеңестерге назар салғайсыз!
Анамен сырласу
Қазақ қызы үшін ежелден-ақ ең сырға берік жан – оның анасы. Ана ешқашан өз қызының сырын өзгеге ашпастан оны құпия ұстайды. Бауыр еті баласы болғандықтан, оған барынша ұтымды кеңес береді. Аналар қызының жанын мазалап жүрген жайтты оның жанарынан-ақ байқап қойып, соны білуге құмар болып тұрады. Бірақ біз бәріміз сыр бөлісуге нағыз лайық жанды ана деп түсіне бермейміз. Біріміз анамыздан ештеңе жасырмастан ағымыздан жарылсақ, енді біріміз ана алдында тұйықталып оған сыр ашудан қашқақтаймыз. Бірақ "анамнан ештеңе жасыра алмаушы ем" деп бәрін жайып салуға да болмайды. Анаңызға өзіңіздің басыңыздан өтіп жатқан жағдайларды айтам деп оған себепші жандардың да сырын ашып қоюдан абай болғайсыз. Сізді сырлас көретін құрбыңыздың жеке әңгімелерін жария етіп қоймаңыз. Оның арты жақсы жағдайға апарып соқпасы мәлім. Анаңыздан өміріңізге еніп, жүрегіңізден орын алмақ боп жүрген «серілер» жайында жасырмағаныңыз дұрыс. Олар сізге тек жақсылық ойлағандықтан өміріңізді байлауға лайық жанды дұрыс таңдауға тырысады. Сондықтан анаңызбен сырласудан қашпағайсыз!
Жеңгемен сырласу
Қазақ қызының жеңгесімен сырласуы көнеден бар жағдай. Жеңгемен сырласқанда ешқашан одан күйеуі екеуі арасындағы жайттарды сұрамауға тырысыңыз. «Ерлі-зайыптылардың арасына тек есі кеткендер түседі» дегендей, олардан ыдыс-аяқ сылдырлатуының себебін сұраудан қашыңыз. Ал өзіңіз жайлы айтқанда ақтарылуыңызға әбден болады. Тек жеңгеңіз сіздің сырыңыз бен мұңыңызды шын беріліп тыңдаса...
Жігітпен сырласу
Егер сіздің әлі жігітіңіз жоқ болса, онда ер адамдармен сырласуда да абай болғайсыз! Жігіттер сіздің сырыңызды мұқият тыңдауы мүмкін, бірақ сізді түсінуге аса құлық таныта қоймайды. Олар үшін біз қиналып отырған жайт түкке тұрғысыз нәрсе болып көрінеді. Шамаңыз келгенше, жігіттерге махаббатта жолыңыз болмай жүргенін, бір жанның жылатып жүргенін айтуға аса асыға қоймаңыз. Ал егер өз жігітіңізбен сырласпақ болсаңыз, оған отбасыңызда болып жатқан жайттар мен өзіңізді мазалап жүрген жағдайларды тарқатып айтсаңыз болады. Тек құрбыңыздың сырын ашып қоймағайсыз! Жігітіңізге өткен өмірде жаныңызға серік болған жігіттер жайында аз айтыңыз. Тіпті ол сізден қазбалап сұрап жатпаса, айтудан қашқаныңыз жөн. Егер сізді шын сүйсе, ол үшін сіздің өткен өміріңіз маңызды емес.
Құрбымен сырласу
Қыздардың арасында құрбысына сыр тарқатпайтын жан сирек шығар, сірә. Құрбысына шынын да, мұңын да айтатын қыздардың көптігі секілді, сырға беріктік көрсетпей, керісінше құпиясын жария қылатын сәттер де аз емес. Сондықтан сыр айтатын уақытта ойланып алыңыз. Құрбыңызға анаңыздан да, жеңгеңізден де, жігітіңізден де жасырып қалған бар құпияңызды жария ете аласыз. Ең жақын жандарыңыздан жасырған жан сырыңызды досыңыз ғана түсінуі мүмкін.
Ағамен не әкемен сырласу
Ешқашан да ағаңызбен не әкеңізбен сырласып отырып махаббат мәселесін қозғамаңыз. Сіз олар үшін әлі кішкентай қызсыз! Сіз олар үшін әлі ерке баласыз! Қанша көңіліңіз сырт жаққа елеңдеп бой жетіп жүрсеңіз де, ағаңыз бен әкеңіз сіздің есейгеніңізді өте кеш түсінеді. Сондықтан әңгіме-дүкен құрғанда ағаңыздың өзінен сыр сұраңыз. Сіз оны жақсы түсінуіңіз мүмкін. Бірақ ол сізді дәл өзіңіздей түсінуі қиындау. Ал әкемен сырласу қазақ қыздарында өте сирек кездеседі. Әкелер көбіне ауызбен айтып түсіндіргеннен, қабақпен сыр ашқанды жөн көреді. Сондықтан әкеңіздің айтпағын қабағына қарап білгеніңіз жөн болады.
Өзіңмен-өзің сырласу
Егер жаныңызды ұғар жанның жоғына көзіңіз жетіп жатса, онда өзіңізбен-өзіңіз сырласыңыз. Бұл әбестік емес. Күнделік, не блог жазыңыз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: stihi.ru, stepandstep.ru, kakprosto.ru, vk.com, doctor.kz