Қыздар кездесіп жүрген жігітіне бірде еркелеп, бірде қырсығып, бірде қасақана түрлі қылық көрсетеді. «Бір қыздың назын көтере алмасаң, жігіттігіңнен не қайыр» деп сөгіп те алады. Алайда «тәтті» еркелік шектен тыс көп болса да, жүректі айнытпай ма? Бұл туралы жігіттердің өзі айтсын. Өмірде кездесіп жүрген жайттардан мысал алып, бозбалаларға сұрақ қойдық.
1. Қызыңыз қит етсе "Мені жақсы көрмейсің" десе...
2. Сізге ұнамайтын атаулармен еркелетсе?
3. Әр ісіңіз бен сөзіңізді бұра тартып, орынсыз қызғана берсе?
4. Үлкен кісілер көзінше еркелеп, артық қылық көрсетсе?
Баубек Сағындық:
1) Ол дұрыс айтады және мойындаймын. Өйткені, мен оны СҮЙЕМІН!
2) Көз дәрігеріне баруын сұраймын.
3) Кері қолдау (комплимент) көрсетемін. Мысалы: «фантазиясының мықты екенін» айтамын.
4) Үлкен кісілерден кешірім сұраймын. Әйелді түзеу мүмкін емес!
Ерболат Қанатбек:
1) Не себепті олай айтқанын сұрап, мен туралы ойын білгім келеді. Шынымен солай ойлауына себеп туса, келесі жолы ондай жағдай болдырмауға тырысамын.
2) Егер олай атау өзіне ұнаса, еш қарсылық танытпаймын. Бірақ екеуміз оңаша кезде ғана айтуыңа болады деймін. Негізінде еркелегенді ұната бермеймін, керісінше, еркелеткенді жақсы көремін.
3) Орынсыз қызғана берсе, сәл артық кетіп бара жатқанын ескертемін. Барынша сабырлы болуға тырысамын және бұл еркелігі деп білемін.
4) Мұндай мәселе туындаса, не істеуге болатынын білмеймін. Ақылды қыз болса, мені сыйласа ондай жағдайға қалдырмайды деп ойлаймын.
Дәулетбақ Муятов:
1) Өзгенің алдында ақталғанды ұнатпаймын. Оның үстіне ер адам көп иілуге міндетті емес.
2) Ол еркелігін көтеруге болады.
3) Бір күн бойы қасымда ертіп жүрер едім. Бір күнім қалай өтететінін көрсетер едім.
4) Хикаяттарды көп оқимын, ондай жағдайда кейін оңаша шыққан соң бір хикаятты еске алып, сабақ алуы үшін айтып беруші едім... Сынағым келмейді.
Бұл қылықтардың көп болса біреуі ғана, мен айтқандай екіншісі кездесуі мүмкін, басқалары жоқ. Егер барлығы бір бойынан кездесетін өзге қызды ұнатсам, онда ойланар едім. Дұрысы бас тартам.
Қанат Қабулов:
1) «Мені жақсы көрмейсің» деген сөзді жек көремін. Сонда мен еріккеннен сөйлесіп, босқа уақытымды бөліп жүрмін бе деп ойлаймын.
2) Өзім еркелеп көрмегесін, біреу мені еркелетсе, ұнатпаймын. Еркелеткенге қарағанда, салмақты түрде «сіз» деп сөйлегенін құптаймын.
3) Орынсыз қызғану қыздардың барлығында болады-ау. Ол жақсы ғой. Тек баласы бар әйелдерден, әнші қыздардан қызғанып, шектен шықпаса болғаны.
4) Үлкен кісілердің көзінше артық қылық көрсеткені қай жігітке болса да ұнамайды. Қызға емес, өзіңе сөз келеді. Өзгелер өзеуреп өсектейтін болады.
Ертіс Азамат:
Аздап ренжимін. Ұнамайтын атпен атамауын талап етемін. Қай-қай қылығы да орынсыз екенін айтып, түсіндіремін.
Мадияр Сайынбек:
1) Олай айту-айтпауы ғашықтардың арасындағы бір-біріне деген сенімге байланысты деп ойлаймын. Үндемеген жөн шығар.
2) Сүйіктіңнің әрбір сөзі балдай жағары сөзсіз. Қызға қарсы қызықты жауап болары анық.
3) Қызғануға қарсы емеспін, себебі өзім өте қызғаншақпын.
4) Үлкендердің көзінше оғаш қылық көрсететін қыздарды ұнатпаймын.
Бақыт Имантай:
1) "Мені жақсы көрмейсің" деп оған жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеген кезімде айтуы мүмкін. Олқылықтың орнын толтыру үшін гүл, шоколад сынды сыйлықтар алып беріп, бірге серуендеуге не киноға шақырамын.
2) Маған ұнамайтын атаулармен еркелетсе, ұнамайтынын ашып айтамын. Сонда да атап жүрсе, өзін де ұнамсыз аттармен еркелетемін. Содан соң екеуара "енді айтпаймыз" деп келісеміз.
3) Орынсыз қызғанатындай жағдай туғызбау өз қолымда. Басқа ешкімге қарап жүрген жоқпын, саған үйленгім келеді деп санасына сіңіремін.
4) Өзгелер алдында ұятқа қалдырмас үшін, ым-ишарамен түсіндіру керек. Келесіде қабағымды түйсем, "қой" дегенім деп алдын ала ескертіп қоямын.
Жігіттердің барлығы келіспеушілік туғанда түсіндіріп айтып, тез шешетінін білдірді. Алайда өмірде осы айтқандарын сары майдан қыл суырғандай оңай орындаса игі. Қыздардың адам ойына сыймайтын басқа да қылықтарына түсіністік таныту үшін жүйкеңіз мықты болсын.