Қыз құпиясы ...

Қыз құпиясы ...
Кешегі мақалада жігіттер өздері айтқан сөздерінің бәріне мән бермеу керек екендігін айтты. Оның неге айтылғандығын, ондағы түпкі мақсат жайлы ойлану керек екен. Рационалды, ақылды жігіттердің өзі ойларын астарлап айтса, сезімге берілгіш, әсершіл қыздар жайлы не айтуға болады? Өздеріңіз "қыздардың логикасы" деп, талай әзілдердің тақырыбына айналдырған біздің не ойлағанымызды онда қалай таппақсыздар? 
Өз кезегімізде сіздерге де кеңес беріп, қыздарды түсінуге кішкене болса да көмектесеміз бе деген ойдамыз. Өзіміз айтып өткендей, қыздар бірінші сезеді, ал кейіннен ойланады. Осы мәселенің төңірегінде талай түсініспеушілік пен ұрыстар болып жатады. Мына кеңестерді тыңдасаңыздар, қиындықтардың көбісін басталмай-ақ шешер едіңіз.

 

Еркеліктерімізді көтере біліңдер. Қыз болған соң, ара-арасында ерке қылықтарымыз шығып тұрады, болмайтын жерден ұрыс шығара салуымыз да мүмкін. Сол кезде ашуға беріліп, өзімізге айқайлап, одан сайын жағдайды ушықтырмай, үндемей қоя салсаңыздар, қандай жақсы болар еді.
Басқа қыздармен біздің көзімізше қылмыңдасқанды қойыңыз. Мини юбка киіп бара жатқан қыздың артынан қарау да осыған жатады. 
Кемшіліктерімізді айтпаңыз. Әсіресе сыртқы келбетке байланысты. Жай ғана киген киімнің түсі үшін үшінші дүниежүзілік соғыс ашылуы мүмкін.
Егер ашуланып, нашар көңіл-күйде болсақ, алдап-сулап, өтірік айта салудың еш сөлекеттігі жоқ. Тіпті, ондай кезде қойшы болды, бәрі жақсы деген бір ауыз сөздің өзі көп нәрсені шешіп тастайды.

 

 

 

Өмірлеріңізде қыздан да маңызды дүниелер бары анық. Жұмыс, футбол, достар дегендей... Бірақ сол жұмыстың арасында бір 3 минут, не футболдың ортасында болатын үзілісте "Жаным, біз жеңіп жатырмыз, не жаным, жеңіліп жатыр ғой мына қисықаяқтар" деп әзілдеп айтқанның өзі біздің көңілімізді көтеріп тастайды. Өйткені футболмен қоса, сенің жүрегіңнің бір жерінде мен жайлы ой жатыр. Соған бола қуанар едік. Қайдам, мүмкін осыдан кейін біз де футбол жанкүйері болып кетерміз?
Бәрінен бұрын қыздарға мол ілтипат пен қамқорлық керек. Қыздар әрдайым өзінің керек екенін, оны біреу ойлайтынын сезініп жүрсе, нағыз бақытты болар еді. 

Қыздар құлақпен жақсы көреді. Көбірек жылы сөздер айтыңыз, жақсы жақтарын мақтап, оның жетістектерімен мақтаныңыз, киімін сәнді, тамағын дәмді деңіз: сонда ол гүлдей құлпырып, сіздің көзіңізде жайнай түседі.

Жігіттердің сөзінің түпкі мағынасын іздеп түсініңдер десеңіздер, біз сіздерге қыздардың бет қимылы мен қабағын байқауыңызға кеңес береміз. Өз сүйіктісін бақытты қыла алатындар - қыздың сиқырлы ишара белгілері мен көңілінің ауа-райын түсіне білген жігіттер... Және қызының көлік айдағанына байланысты әзілдерін тия білгендер!
С. А