Кейбір жағдайларда қыз бала мәселесінің шешімін табуға құрбысы емес, досы ғана көмектесе алады. Себебі нәзік жандылар сезімге беріліп, ренжіп, ашуланып өз ойындағын айтса, жігіттер салқынқандылықпен дұрыс шешім қабылдауыңызға ықпал етеді.
Дегенмен, қыз бала мен жігіттің арасында достық қатынас болуы мүмкін бе?
Қыздар қауымы бұл сұраққа "иә, мүмкін" деп жауап берсе, жігіттер түбегейлі "жоқ" дер еді. Неліктен?
Ер балалардың пікірінше, сізге еш сезімі жоқ жігіт дос болмайды. Әрине, бұл "сыныптас", "топтас", "жұмыстас" деген ұғымдардан бөлек нәрсе. Бір сынып, топ не ұжымда істейтін адамдар бір-бірімен дос-құрдас болуға мәжбүр. Ал біздің айтып отырғанымыз қоғамдық түсінік бойынша емес, достық ара-қатынастағы сезім.
Осыған дейін біз "френдзонадан шығу" мәселесін талқылаған едік. Бұл мәселе де осымен туыстас. Себебі қызға дос болып, шақырғанда көмекке келіп, өтінішін бұлжытпай орындайтын жігітте қызға деген сүйіспеншілік сезімі міндетті түрде болады. Бар болғаны, кейбір жігіттер ол сезімді білмей жүреді.
"Ол менің қарындасым" деп жүрген ердің өзі де уақыт өте келе әлгі дос қызына басқа көзбен қарай бастағанын аңғарады.
Жігітімен ұрсысып қалып, демеуді досынан іздейтін қыздар да болады. Олар әдетте болған жағдайды бастан-аяқ досына әңгімелеп беріп, кеңес сұрайды. Ал жанындағы жігіт болса сезімін тежеп, ашуын тыйып, құрбысына шын жүректен дұрыс шешім айтуға тырысады.
Күндердің күнінде жылдар бойы дос болып жүрген қыз бен жігіттің біреуі екіншісіне сезімін білдіреді. Ол мұндай тосынсыйдан шошынып, біраз уақыт досынан қашқақтап жүруі де мүмкін.
Ал сіз бұл жайлы қандай пікірдесіз?