- Негізгі бет
- Психология
- Қыз бен жігіт...
Қыз бен жігіт арасындағы достық
Бұл тақырып туралы адамдар арасында түрлі пікір бар. Кейбір қыздардың ойынша, қыз бен жігіттің арасында тек достық сезімі ғана болады. Тіпті олар бір топта оқыған жігіт немесе бала кезінен таныс жігітпен әлі күнге дейін дос екенін мақтан тұтады. Қызық, шынында да біз жігіттермен не үшін дос боламыз? Ұтамыз ба әлде ұтыламыз ба? Қауіпті ме? Мұндай достық ұзаққа бара ма?
Біздің құрбымыз болса да, біз неге жігіттермен достасуға құмармыз? Жігіттерге қарағанда қыздар өзара тез тіл табысады. Ортақ тақырыптары да өте көп. Жігіттермен соңғы үлгідегі сән топтамасы немесе жаңа ерін далабы туралы сөйлесе алмайсыз. Сонда да жігітпен біз неге достасамыз?
Жігітпен дос болудың артықшылықтары
Бәсекелестік
Кейде сіз құрбыңыз сізден де әдемі, ақылды деп ойлап қаласыз. Ал жігітпен дос болсаңыз, мұндай қиыншылықтар туындамайды. Өйткені ол сізге бәсекелес емес. Ол сізбен киіммен де, косметикамен де жарысқа түпейді. Өйткені сіздерді екі түрлі әлем қызықтырады. Оны − қыздар, сізді − жігіттер қызықтырады. Сондықтан жігітпен дос болу жеңіл әрі қауіпсіз. Дос жігіттің қасында өзіңізге әрдайым 100 пайыз сенімді боласыз.
Әйгілі болу
Егер сіздің жігіт досыңыз әдемі болса, онымен көпшілік алдында көрінуге еш қысылмайсыз. Сізге оның артынан бұрылып қараған қыздар көңіліңізді көтеріп тастайды. Олар сізге құрметпен қарайды. Мұндай көрікті жігіттің қызы болу қандай мақтаныш деп ойлайды. Сіздер тек дос екеніңізді олар қайдан білсін. Әрине, досыңыздың көрікті болуы сізге тек пайда әкеледі.
Психология
Қалай дегенмен де әйел мен ер адамның психологиясы әр түрлі жаратылған. Кейде жігіттің көзқарасын білу арқылы көптеген мәселені шешеміз. Әрине, төрт қыз қосыла қалса, жігіт туралы тақырыпты міндетті түрде қозғайды. Сіз осы мәселеге қатысты бірнеше сұраққа жауап іздеп бас қатырдыңыз делік. Болмаса жігітіңізді дұрыс түсіне алмай жүрсіз. Міне, осы кезде қасыңызда жігіт досыңыз болса, ол сізге таза жігіттік көзқараспен бірнеше пайдалы кеңес берер еді. Сеніңіз, жігіттің жанын тек жігіт қана жақсы түсінеді. Ал, қыздар кейде оның сезімін түсіне алмай, тектен тек ренжіп жүреді.
Ерекше болу
Қасыңыздағы құбыларыңыздың мінез ерекшеліктерін сіз жақсы танисыз. Қандай нәрсені ұнатады, қай жыл мезгілін, тіпті қандай киім үлгісі ол үшін ыңғайлы екнін де дәл білесіз. Мысалы, үш құрбыңыз да жақсы болғанмен, үшеуі де өмірде бір ережеге ғана бағынып өмір сүреді делік. Пікірлері де бір. Кейде мүндай біркелкіліктен жалығасыз. Міне, осы кезде дос жігіт сізге көмек қолын соза алады. Мысалы, ол құрбыларыңыздан өзгеше. Көзқарасы да, қызығушылығы да ерекше. Әрине, сіз оның қасында басқа да дүниелер туралы біле бастайсыз.
Көмек
Ер баламен дос болудың тағы бір артықшылығы − ол сізге кейде жігіттің ғана қолынан келетін шаруаларға да көмектесе алады. Мысалы, көлігіңіз бұзылып қалса дереу көмекке келеді немесе көлік таңдау кезінде таптырмас дос. Сіз де оған көмек бере аласыз. Мысалы, бойдақ болса, үй тағамымен қуанта аласыз. Қызбен кездесуге барса, дұрыс кеңес бересіз. Осылай бір-біріңізге пайдалы дос боласыздар.
Жігітпен дос болудың кемшліктері
Сізді сүйіктіңіз түсінбеуі мүмкін
Кез-келген адам сүйіктісінің тек достық қарым-қатынаста ғана қызы немесе дос жігіті бар екеніне сене бермейді. Екеуіңіздің де сүйіктіңіз сіздерді бір-біріңізден қызғануы мүмкін. Сондықтан көп түсініспеушілік орын алып, сізге тек дос екенін дәлелдеу қиын болады. Себебі, ғашық жандар достық қарым-қатынаста қыз қызбен, ұл ұлмен болғанын қалайды. Ал, керсінше болса, махаббатына қауіп төнеді деп ойлайды.
Достық бетпердесі
Кейде жігіт сізге дос болып жүрген сыңай танытып, өзі іштей ғашық болу мүмкін. Сіздің оған мүлдем сезіміңіз жоқ болған соң, мүмкін үнемі қасыңызда дос кейіпін танытып жақын жүргізгісі келер. Ол сіз бірнеше сәтсіз сезімді бастан кешкен соң, оның құшағына құлай кетер деп сенеді. Ол ұзақ жыл болса да, сіздің жүрегіңізді жаулауды күтеді.
Бауыр басып қалу
Сіз жігіттің қасында үнемі болған соң, тез бауыр басып қаласыз. Жігіт те бауыр басып қалуы мүмкін. Бауыр басу сезімі махаббатқа ұласып кетуі ғажап емес. Ол жай ғана дос емес, сонымен қатар, жігіт адам. Ал кейде жігіт сізге досы ғана емес, қыз ретінде де қарап, жақын сөйлескен сайын ұнатып қалуы да кездесетін жағдай. Осылай махаббат сезімі туындайды. Ал, егер жауапсыз махаббат болса, жақын досыңызды жоғалтып аласыз. Сондықтан досыңыздың да жігіт адам екенін естен шығарып алмаңыз.
Дереккөз: comode.kz
Г. Берік