- Негізгі бет
- Психология
- Қыз баланың өмірдегі...
Қыз баланың өмірдегі басты мақсаты не?
Қызды ауыл – өсекшіл
Нақыл сөз
"Қыз баланың осы өмірге келгендегі басты міндеті – отбасының берекесі атану" деп жатамыз. Бірақ оның тұлға болып қалыптасуы, карьерасы, сезімі, қалауы ше?
Жалпы түсінікпен алып қарасақ, қыз баланың оң жақта отыратын уақыты мектеп бітіріп, өз алдына жеке адам ретінде мойындалып, оқуға түскен сәтінен басталады. Оқу орны – 4 жыл, 9 сыныптан кейін оқуға түскендер үшін – 7 жыл десек, осы 4-7 жыл қыз баланың оң жақта отырған уақыты болып саналуы тиіс. Оқу бітіріп, жұмысқа тұрған соң, әрі кетсе 1-2 жыл жұмыс істеп, одан кейін өз теңін тауып, тұрмысқа шығуы керек. Бұлай болмаған жағдайда, яғни, жасы 25-тен асқан соң, "отырып қалған қыз" атанып, елдің көзіне күйік болады.
Яғни қыз бала өмірде бір нәрсеге жеткісі келсе, мақсатына осы осы 4-7 + 1-2 жылдың ішінде жетіп үлгеруі тиіс. Олай дейтініміз – отбасын құрған соң, ол шаңырақта күйеуінен кейін тұратын адам болып қалады. Яғни қыз үшін бірінші орынға өзінің жеке мақсаттары емес, күйеуінің жағдайын жасау, бала табу, отбасының берекесін келтіру сияқты дүниелер шығады. Ал өзінің жеке мақсаттары (мысалы, жұмыста табысқа жету т.б.) екінші сатыға түседі.
Керісінше болған жағдайда, яғни, қыз бала өз арманына жеткісі келсе, сол үшін күрессе, отбасын сақтап қалу өте қиынға соғады. Ондай кезде қыз ажырасып не мүлде тұрмыс құрмай, отырып қалуы мүмкін.
Мәселеге жіктей қарасақ, мақсатқа жету – күні-түні тынбай жұмыс істеу. Күйеуі жұмыстан шаршап келгенде, әйелі үйде өз жұмысымен айналысып отырса, сәйкесінше, тамақ пісіріп, кір жууға үлгермесе, бұл жайтқа түсіністікпен қарайтын еркек, әсіресе, қазақ жігіттері – мыңнан біреу ғана.
Өмірде жетістікке жеткен қай әйелді алып қарасаңыз да, ол не жалғызбасты, не ажырасқан болып келеді. Отбасы мен карьераны қатар алып жүре білген данышпан әйелдер саусақпен санарлық.
Меніңше, бұл нәрсе әу баста қазақ жігіттерінің мәртебесін қыздан биік қою үшін ойластырылған. Өйткені нан табушы адамның отбасында мерейі үстем болады. Былай қарасақ, қыз баланың жұмыс істеу мүмкіндігі ешбір ер адамнан кем емес. Ол қазір пайда болған мүмкіндік емес, қырық шырақты қыз бала нәзік болса да, төзімді, кез келген жұмысқа икемді болып жаралған. Кейде осы төзімділігі тас жарып та жатады.
Көбіне бір мәселе төңірегінде отбасы болып ақылдасқанда, ата-ене, күйеуі отырып, келін сөйлесе, ол мәселенің дұрыс шешімін айтып отырса да, сөзі қабылданбайды. Сондықтан қазақтың небір парасатты келіндері өз сөзін күйеуінің аузымен айтқызады. Ал өзінің қалауын іске асырғысы келген келінге "кесір келін" деп ат қойып, мысын басып тастайды. Шетелде білім алуды қатты армандаған қыз отбасын құрған соң да, бұл мақсатынан таймай, күйеуімен бірге шетелге кетсе, "пәленшенің баласы әйелінің артынан кетіпті" деп, халық оң қабақ танытпайды.
Бұның бәрінің астарында қыз балаға өз орнын көрсету жатыр.
Өз-өзін қамтамасыз ете алатын, материалдық жағдайын өз күшімен жасаған қыз бала қанша жетістікке жетсе де, жеке өмірде жолы болмаса, жұрт оған толыққанды тұлға ретінде сүйсінгенімен, толыққанды бақытты адам деп қарамайды.
Бұл жазбаның нақты қорытындысын шығармаймыз. Қорытынды сөз сізде, оқырман!
Сурет: millionwallpaper.com
Р. Роза