Әңгімені әңгімеден бастайын.
Жақсыбек деген досым болған. Қандай түлен түрткенін білмеймін, бір күні "жігіттер, мен қыз алып қашам" деп келіп тұр. Шіркін-ай, ол кезде біз де баламыз ғой. Балада қайдан ес болсын. "Қашсақ, қашайық" дедік.
Ойбай, ақыры не керек. Үш жігіт болып темір тұлпарға мініп алып қыздың үйінің алдына келдік. Ол байғұсты алдап-сулап шығарып алдық. Содан көп ойланып жатпастан оны тұлпарға отырғызып алып қала сыртына қарай жүре бердік. Ана қыз ештеңе сезер емес. Тек жарты жолға келгенде қайда бара жатқандығымызды сұрады. Алып қашып бара жатқанымызды білгенде де қатты қиналыс білдіре қоймады. Себебі мәшиненің алдында түр әлпеті келіскен Нұрбек деген жігіт отырған болатын. Шамасы Нұрбекке тием деп ойлап келе жатқан болуы керек, пәтшағар.
Ойбай, ақыры не керек, жолдың жартысынан асқаннан кейін қызымыз болашақ күйеуінің қара торы Жақсыбек екенін білді. Шіркін-ай, сол кезде көк Opel-дің қалай шайқалғанын көрсеңіздер ғой. Аударылып кете жаздады ғой. Шын айтам... Өлердегі сөзін айтып жалынбасы бар ма?
Бізге не дейсіздер енді, есі дұрыс емес, жастықтың желімен қай тесікке барып не бүлдірерімізді білмей жүрген жандар едік қой. Ақыры не керек, ол қыз береке таптырып бір орында отырмады. Содан соң үлкендердің ақылымен "тұтқынды" үйіне апарып тастауға тура келді.
Енді сұрақ. Қыз алып қашу дұрыс па?
Сөз жоқ, адам баласы уақыттың өтуімен бәріне үйреніп кетеді. Бірақ солай екен деп азаматты еркінен айырып, бас бостандығына шабуыл жасау дұрыс емес деп білемін. Жабайылықтың, тағылықтың заманы өтті. Сүйіп қосылғанға не жетсін. Бір-бірін жете танып, қарым-қатынастың піскен уақытын тап басып үйленіп кетсек, құп емес пе? Әңгімемді аяқтай келе, жастарды бұл дерттен арылуға шақырамын.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: knews.kg