Қыс мезгіліндегі алғашқы кездесудің өз қиындықтары бар. Себебі, аяз сынды қолайсыз ауа-райы барлық ынта-ықыласты бұзып, көңіл-күйді түсіруі мүмкін. Ал баянсыз кездесу ешкімге де керек емес.
Дәстүрлі ереже бойынша кездесуді күндізге белгілеген жөн. Бұл екі тараптың да салмақтылығынан хабар береді. Және алдын ала кездесудің қанша уақытқа созылатындығын белгілеп алыңыз. Мұныңыз арқылы өзіңізді де, жігітті де суықтан құтқарасыз. Мойындаңызшы, ызғарлы күндері қандай кездесу болса да, ертерек үйге барып, жылы көрпенің астына түсуді армандап тұрамыз емес пе?
Не киемін?
Қыс көп нәрседен шектейді. Біріншіден, бұл маусымда тым ашық, тым жарқын түстерді кие алмайсыз. Жігітті шошытып алуыңыз мүмкін. Алдымен ғашық болсын, содан кейін ғана киімге еркіндік беруге болады. Сол уақытта, қалыпты бейнеңізді өзгертпеңіз, "тек қана ұнасам болды" деген оймен түбегейлі өзгеріп кетуден аулық болыңыз. Алғашқы кездесу үшін ашық түстер дұрыс. Олар өзіңізді ыңғайлы сезінуге мүмкіндік береді. Және қайда баратындықтарыңызға назар аударыңыз. Айтпақшы, жігіттің киімге айтар пікірін күтпесеңіз де болады. Себебі, психолог мамандар серігіңіздің үнсіздігі – киімнің дұрыс таңдалғандығынан хабар береді дегенді айтып отыр.
Қайда барамын?
Статистикаға сүйенсек, қыздар қауымының 3%-ы ғана алғашқы кездесуді мұражайда немесе көрмеде өткізгісі келеді екен. Бұл көрсеткіш жігіттер қауымына да қатысты. Сондықтан да, мұндай бағдарламаны екінші, үшінші кездесуге қалдырған абзал. Кино да дұрыс нұсқа деп айтпас едік. Сіздер жақсы таныс емессіздер, сондықтан ұнататын ортақ фильмді таңдау қиынға түседі. Және жақынырақ танысқыңыз келсе де, кино оған мүмкіндіктер бермейді. Романтикалық серуенді де қоя тұрыңыз, мұзды көшелерден тайғанап құлап жатсаңыз не болмақ? Ең дұрысы – тыныш жерде тамақтану, сырласу, сұхбат құру...
Мекеменің қымбат болмауын қадағалаңыз. Осының соңынан еремін деп у-шулы жерлерге, фаст-фут дайындайтын орындарға кіріп жүрмеңіз.
Не айтамын?
Әрбіріміз жігіттен қамқорлықты күтеміз. Ол бір мәселе, бірақ, мына кездесуде серігінің жағдайын жасау әйелге тиесілі. Алғашқы кездесуде жігіттер де қыздардан кем қобалжымайды. Оның көңілін орнына түсіру сізге жүктелген. Жағымды тақырыптарды қозғаңыз. Оның сөздерін мұқият тыңдаңыз және белсенді түрде сұрақ қойып отырыңыз. Шағым айтудан және мақтанудан аулақ болыңыз. Ақырын күліңіз. Жігітке тура қарама-қарсы отырмауға тырысыңыз. Қыс туралы, қысқы ойындар, балалық шақтың қысы туралы әңгіме бастаңыз, сүйікті маусымы туралы сұрақ та қоюға болады.
Қашан қайтамын?
Серігіңіздің әрекеттерін бақылап отырыңыз. Отырыстың өзгеруі, белдің қисаюы, жан-жаққа көз жүгірте беру, телефонға үңілу – кездесудің аяқталар сәтін білдіреді. Кетіп бара жатқанда, жұмбақтық, сізге деген қызығушылықты қалдыру керек. Жігіт шығарып салуға ниет білдіріп жатса, кездесуді жалғастырыңыз. Жол бойында өзіңізге ұнайтын ғимараттарды, ағаштарды айтыңыз. Кейін осы ғимараттар мен ағаштардың жанынан өткенде сізді еске алатын болады. Бәрі де баянды болып жатса, алғашқы кездесулердің куәгерлері ретінде мәңгілікке есте қалуы да ғажап емес...
Тақырып бойынша оқи отырыңыз:
Алғашқы кездесу: Тағам таңдау
Алғашқы кездесу: Киім таңдау
Алғашқы кездесу: Әңгімеге тақырып таңдау
Алғашқы кездесу ХХ ғасыр көзімен
Алғашқы кездесу (жігіт көзімен)
Алғашқы кездесу (қыз көзімен)
Алғашқы кездесуден кейін...
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com