Әп-әдемі көктемнің лебі есіп, құстардың әнін тыңдай бастағанымызда қар жауып кетті. Қол-аяқ тоңып, бір күніміз жұмыс пен үйдің арасынан әрі аса алмайтын халге жеткенде қыс мезгілін жек көріп кететінімізді мойындайық. Мына суық, күңгірт күндер тезірек өтіп кетіп, күншуақта жүргіміз келеді. Бірақ табиғаттың өз шарттары бар. Қалауыңмен ештеңе де өзгермейді. Демек?
Демек, қысты қалайша көңілді өткізуге болатыны жайлы бірнеше құпиямен бөлісейін.
Бірінші құпия:
Қыс мезгілінде үйде жасалатын істің барлығын да істеуге болады. Немесе өзіңізге кереметтей бір хобби тауып алыңыз. Қыз бала болсаңыз – тігін тігу, тоқыма өнермен айналысу сіз үшін пайдасыз емес. Ер жігіт болсаңыз, бір орында тұрақты отырып жасалатын жұмыстармен айналысуға мүмкіндік бар. Мәселен, қолөнермен айналысуға болады.
Екінші құпия:
Спорт тек жүгіру мен секіруден тұрмайды. Сондықтан да шахмат, тоғызқұмалақ сияқты миыңызды жаттықтыратын ойындарды ойнауға болады.
Үшінші құпия:
Ағылшын тілін үйреніңіз. Қазіргі таңда ағылшын тілін тек сөздік пен кітапшалардан ғана емес, онлайн түрде де меңгеру мүмкіндігі бар. Тіл үйренуге бірде уақытыңыз жетпей, бірде талапқойлығыңыз жетпей жүргенде қыс мезгілінің арқасында сіз өз арсеналыңызға тағы да бір тіл қосып аласыз.
Төртінші құпия:
Ел қыс мезгілінің қырсық мінезімен алысып жүргенде ақылды адамдар үйінде кітап оқиды. Бір маусымда қаншама томдықты оқып бітіре аласыз? Ал қыс мезгілі сізге дәл осы мүмкіндікті тудырып отыр емес пе?
Бесінші құпия:
Кино – әсіресе мотивация сыйлайтын ақылды фильмдер сіздің жеке басыңыздың дамып, зиялы тұлға болып қалыптасуыңызға бірден бір себеп бола алатын құрал. Сондықтан да поп-корн мен сусыныңызды дайындап алып, дүниетанымыңызға әсер ететін, көкжиегіңізді кеңейтетін фильмдер көруге асығыңыз!
Алтыншы құпия:
Қыз балалар да, ұлдар да ас әзірлеуді жетік меңгеріп алғысы келеді. Бірақ осы бір оңай өнерді меңгеріп алуға уақыт таппайды. Міне, қыс мезгілі сіздің асханадағы қабілетіңізді арттырып, екінші жартыңызға керемет сыйлық жасау мүмкіндігін тудырады.
Жетінші құпия:
Ал егер біз берген кеңестер сізге көмектеспейтін болса, маусымдық демалыс алып, климаты басқа шетелге барып келгеніңіз жөн.
P.S. Қыстың бітуіне бір ғана апта қалды. Гүлдей құлпырып көктем де келе жатыр. Егер сіз жоғарыда айтылған бірде-бір іспен айналысып, қыстың қызығын көрмеген болсаңыз - керемет мүкіндікті жіберіп алғаныңыз! Олай болса, келесі қысқа дейін "Ciao!"
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: liveinternet.ru