- Негізгі бет
- Психология
- Қырсық мінездің қырық...
Қырсық мінездің қырық бірінші қыры
Таң құланиектеп атып, қызыл жалқынданып батып жатқан жапан түзде екі атты адам келе жатады. Оның бірі соқыр, бірі саңырау екен. Күні бойы дамыл алмай бүлкек жүрістен шаршаған олар, кеш бата құмдауыт аңғарлардың ығына қона кетеді. Таң атқанда соқыр кісі қамшысын іздей бастайды. Ары іздейді, бері іздейді. Таппайды. Сексеуіл түбінде жатқан жыланды қамшысы екен деп қолына ала бергенде, жолдасы: «Бауырым, қолыңдағы қамшы емес, улы жылан. Таста оны. Күн көзі қызғанда шағып өлтіреді ол сені» дейді. Соқыр кісі ішінен: «Бұл сұм менің атқа жайлы қамшыма көзі түскен екен ғой, дәмеңді...» деп бір ойлады да: «Біз елде жүрміз, бұл қамшыны біз жеті атамыздан бері қарай ұстап келеміз. Сенің екі ауыз сөзіңе сеніп, лақтырайын ба сонда?» деп шырт ете қалды да, кері айналды.
- Серігім, ысқырып атқан аңда жазық жоқ деген, мен ескерттім, – деп басын шайқап ол да кетті айналды.
- Білем, қамшыға қарап аузыңның суы құрып бара жатыр ғой. Мен саған оңайлықпен алдана қоймаспын. Құр қиялыңды қой.
Соқырдың жолдасы енді ант-су ішіп ақталғысы келмеді. Күн көзі ысып, құм беті жалқындана бастаған жыланның бойына жан кіріп, ат үстіндегі кісіні шақты. Удан тіл тартпай кетті.
Мінездің кері кеткен сиқы көкірек көзді де, маңдайдағы көзді де шелге көмеді. Қасіретке жетелейді. Қазақ жұртының қанына сіңген бұл әдет ел мен елді жауластырып, ұлыстарды қырқыстырып қойған. Ханына қырсыққан батыры, қарашасына қырсығып, мінез көрсеткісі келген ханы елінен кетіп, туып-өскен белінен кетіп пайда тапқаны жоқ. Қырсық мінез улы жылан сияқты, басқаларға айдан анық көрініп тұрады, ал сізге атадан қалған жәдігердей, оны тастау – намыс сияқтануы әбден мүмкін. Қырсықпаңыз, қырсықтың қырық бірінші қыры сізді жылан болып шағады.
Авторы: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: oyu.kz
M. Auelkhan