- Негізгі бет
- Психология
- Күзгі тосын сыйлар...
Күзгі тосын сыйлар
Күз – көңілсіздіктің, шаршаудың маусымы деп жатамыз. Осыған дейін күзгі күйзелістің алдын алу туралы аз әңгіме айтқан жоқпыз. Десе де, осы көпірден аттап кете алмағандардың қатары жоқ емес. Әсіресе, сүйіктіңіздің көңіл қошы жоқ па? Ендеше, шын ықылас танытудың кезі келді, оның қаншалықты қымбат екенін көрсетіңіз. Көп уақытыңызды алмайтын, есесіне ғашығыңыздың көңілін көтеретін тосын сыйларды жасауға қалай қарайсыз?
Романтикалық кешкі ас
Бұл ең көп таралған әрі ең маңызды әдістердің бірі. Әрине, дәстүрге айналдырып қоюдың қажеті жоқ, ара-тұра жаныңызға жақын адамның сүйікті тағамдарын жасап, қуаныш сыйлауға ештеңе кедергі болмас деп ойлаймыз. Кешкі астан кейін романтикалық кино көріп, демалуға әбден болады.
Көкке шығу
Табиға сары көйлегін бірте-бірте киіп жатқанымен, жаздың ізі кете қойған жоқ. Демалыс күндері жарыңыздың қолынан ұстаңызда тауға, жақын саябақтардың біріне алып кетіңіз. Бір себет тола тәттілер мен сусындарды дастарханға жайып, кітап оқуға қалай қарайсыз?
Сезім альбомы
Оның табиғаты романтикаға жақын болса, сіздердің сезімдеріңіз мен тәтті күндеріңіздің естеліктерінің жансыз бейнесі жинақталған альбом пайдаға асады. Онда екеуіңіз жазысқан хаттарды, ашық хаттарды салып, "махаббат тарихын" жасап шығыңыз.
Сүйікті әуендері
Оның ең сүйікті әуендерін арнайы жаздырып немесе сүйікті әншісінің үнтаспасын сатып алыңыз. Әуендер сіз ойлағаннан да көп нәрсені емдеп жаза алады. Күлкілі әңгімелер жинағы, ұнататын авторының кітабын сыйға тартыңыз.
Адам жаны жабырқаған сәтте оны кез келген ұсақ-түйек қуанта алады. Бастысы шын жүректен болсын. Ал кейде оның жалғыз қалғаны да дұрыс. Оның жан дүниесіне үңіліп, жүрек үнін тыңдауға тырысып бағыңыз.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com, Сания Аринованың vk.com-дағы жеке парақшасынан