Құз басындағы ояну

Журналист табысқа жеткен үлкен компания жетекшісінен сұхбат алуға барды. Әңгіме барысында ол тілшіге басынан өткен мынадай оқиғаны әңгімелеп берді: «Осыдан оншақты жыл бұрын басыма қат-қабат қиыншылық түсті. Жұмыссыз қалдым. Қалыңдығым тастап кетті. Дәл осы кезде жол апатынан әке-шешем бірдей көз жұмды. Тағдырдың тоқтаусыз соққысы мені қатты есеңгіретіп жіберді. Төзе алмадым. Қатты жауын болған күндердің бірінде қалың орман арасына барып, биік жардың басына шықтым. Секіруге енді ыңғайлана бергенде, құз етегіндегі өзенге құлап кетпеуге тырмысып, жанталасып жатқан бақаны көрдім. Жаңбыр аралас ұйтқып соққан жел бақаны ақыры ұшырып жіберді. Демімді ішімнен тарттым да, көзімді жұмып, енді қозғала беріп ем, әлгі бақаның ақтық дауысы құлағыма естілгендей болды. Төмен жаққа қарасам, ол жарты метрдей жердегі бір тал шыбыққа жармасып, жанталасып жатыр екен. Жүрегімді бір ыстық жалын шарпып кетті. Көзіме жас толды. Жерге етпеттеп жатып, әлгі құрбақаны шығарып алдым. Оған ұзақ қарап тұрдым.

Жауын басылды. Мен өзіме қол жұмсау ойынан құлан-таза айықтым.

Күні бүгінге дейін сол бақаны есіме алсам, кеңсірігім ашып, бір өзгеше күй кешемін. Ажал алқымдағанда қайсарлық танытқан сол бақа мені құтқарды. Мен де оны құтқардым. Ол маған өмірдің қаншалықты қымбат екенін сезіндірді. Сол күннен бастап менде қажымай-талмай өрге ұмтылатын күрескерлік рух пайда болды. Мінеки, табысқа да жеттім» деп сөзін аяқтапты ол.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: taopic.com