Дәрігерлер күйзеліске көп түсетін мамандық иелерінің қатарына кіреді. Ғалымдар күйзелістің дәрігерлерге және емделушілерге тигізетін зардабын анықтады.
Бірнеше ай бұрын зерттеушілер әртүрлі мамандық иелерінің арасында өздеріне ең көп қол жұмсайтындарды анықтап, материал жариялаған болатын. Қаупі жоғары топқа дәрігерлер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, күзетшілер, әскер және полиция қызметкерлерін жатқызды. Жұмыс орнында өзіне қол жұмсау жоғарыда айтылған мамандық иелерінде басқаларына қарағанда, 3 есе жоғары болған. Мұның себебі күйзелісте екені анықталды.
Мичиган университетінің және Гарвард медициналық мектебінің ғалымдары күйзелістің дәрігерлердің психологиялық жағдайына қалай әсер ететінін анықтауды жөн көрді. Барлығы 17 мың дәрігерді зерттеді. Олардың кейбіреулері оқуларын енді аяқтаған болса, қалғаны тәжірибесі мол дәрігерлер. Тәжірибеде 1963 жылдан бастап жүргізілген 54 зерттеудің нәтижелері қолданылған. Орташа есеппен 30%-ға жуық жас және тәжірибелі мамандар ауыр күйзеліске ұшыраған. Жалпы, соңғы 50 жылда күйзеліске бейім дәрігерлер саны жоғарылай берген.
Ауыр жүкті барлық дәрігер атқарғанымен, психологиялық күйзеліске көп жағдайда жас мамандар шалдығады екен. Мұның басты себебі олардың өз уақыттарынан тыс көп жұмыс істеуінде. Сонымен қатар, көлемді жаңа ақпарат жинап, әрқашан бағынышты күйде болуында.
Дәрігер Колин Уэсттің басшылығымен жүргізілген тәжірибеде дәрігердің жабырқаңқы жағдайы емделушіге қалай әсер ететіні анықталды. Жас дәрігерлерге соңғы уақытта жіберген қателеріне байланысты сұрақтар қойылды. Күткендей жас дәрігерлердің жіберген қателері олардың психологиялық жағдайын одан әрі нашарлатты. Себебі, сол маман аз демалып, көп жұмыс істей бастағандықтан қате жіберуі керісінше көбейген.
Басқаша айтқанда, күйзеліске шалдыққан дәрігер емделушіге айтарлықтай қауіп төндіреді. Олар басқалардан емделуді қажет ететін адамдар ретінде емес, керісінше бітпейтін мәселе көзі ретінде қабылдайды. Сондықтан дәрігер қатесіне тап болмас үшін, емделер алдында дәрігердің сабырлы болуын ескеріңіз.