Күйзеліс — ең жиі кездесетін психикалық ауытқу: Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы көрсеткіші бойынша күйзеліске ұшырағандар саны әлем бойынша 300 миллионнан асады. Ал, Қазақстандағы көрсеткіш 4,4%-ды көрсеткен, бұл шамамен 800 000 адам. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштің өзі нақты емес. Өйткені, елімізде күйзелісті дерт қатарына жатызбайтындықтан, адамдар ұялғандықтан не өзінің жағдайының мүшкіл екенін мойындаудан жасқанғандықтан көмек сұрамайды. Күйзелістің деңгейін тек ауырған адам ғана емес, оның жанындағы адам да мойындауға қауқарсыз. Егер күйзелісті дер кезінде емдемесе, оның арты үлкен қиындықтарға алып келеді. Жаныңызда жүрген жанның уайымға салынғанын аңғарсаңыз, massaget.kz порталы ұсынатын мына кеңестерді назарда ұстағайсыз:
Мәселенің маңызы:
Әлемдік мәдениет күйзеліс дегеніміз белгілі бір мерзімдік хандра деп үйретті. Әрине, сағыныш сезімі, уайым, стресс пен жабырқау сезімі барлық адамның басында болады — ұйқы қанбаса, жұмыстағы мәселелер, жақын адамдар арасындағы кикілжің немесе нашар ауа райы. Бірақ, айналадағы бар құбылыс өзгерген кезде, адам өз қайта қалпына келеді.
Ал, күйзеліс мүлдем басқаша: оның негізгі себептері айқын болмайды, адам өміріне айтарлықтай әсер етіп, 40% жағдайда ғана өздігінен жойылады. Күйзеліс, біріншіден, адамның күнделікті жабырқаңқы көңіл-күйінен байқалады. Созылмалы шаршаңқылық пен бұрын жақсы көрген істерден көңілі шайлығады. Одан бөлек, адам да соматикалық құбылыстар байқала бастайды: ұйқысыздық немесе күні бойы ұйықтау, жұмысқа қабілеттің төмендеуі, ойын бір жерге шоғырландыра алмау, тәбеті төмендейді немесе шектен тыс тамақ жей бастайды. Күйзеліс адамның өмірге деген қызығушылығын жоғалтуына, суицидтік әрекеттер мен өзін-өзі өлтіру әрекетіне алып келеді.
Емханада тексерістен өткен жағдайда, диагнозды байқалған белгілер ұзақтығы екі аптадан асқан жағдайда қояды. Дегенмен, күйзеліс айларға, жылдарға созылады. Дәрігерлер күйзелісті тудыратын жағдайлар ретінде психологиялық зақым, қолайсыз жағдайлар мен махаббаттың жетіспеушілігі және генетикалық ерекшелікті айтады. Одан бөлек, ішімдік пен есірткіде күйзеліске алып келеді.
Оны қолдайтын жандардың барын көрсетіңіз:
Уайымға салынған адамдар тек өздерін жалғыз сезініп қана қоймай, олар өздерінің сезімдері мен эмоциялары үшін ұялады әрі кінәлайды. Біреудің мазағына қалу, бетін қайтару, түсініспеушліктен қорқатындықтан олар көбіне бар сезімін іште жасырын ұстайды. Сол себепті, олар біреуден көмек сұрауға қауқарсыз. Өз ойымен оңаша қалған кезде олар өздерінің "бұрыс жаратылыс" екендігіне сеніп, ешкімге керек емес екенін сезіне бастайды. Зерттеу бойынша, дәл осы сезімдер адамның бұрыс қадам жасауына себеп болады. Сіз қандай жағдай болмасын, оның қасынан табылатыныңызды сездіріңіз. Оның кез келген жағдайы сіз үшін қалыпты екенін ұқтырыңыз және көмектесуге дайын екеніңізді көрсетіңіз. Сол кезде адам ашыла бастайды.
Күйзелістегі адамның сөзі мен әрекетіне бей-жай қалдырмаңыз:
Ешқашан уайымға салынып көрмесеңіз, онда ол адамның жағдайын түсіне қою қиынған соғары анық. Оның жағдайын "нашар күн" немесе өмірдің қиын сәттерімен салыстырмағаныңыз жөн. Одан бөлек, күйзелістегі адамға "өз-өзіңді қолға ал" немесе "жақсы нәрсе ойла" деген әңгімелер ешқашан көмектеспейді. Тіпті, олай өзіңіздің көмектесуге шын ниетіңізді білдірсеңіз де, бұл сөздер оның жағдайының шынымен мүшкіл екенін түсінбегеніңізді көрсетеді. Күйзеліс кезінде адамдар "Сенің мәселең өзгенің мәселесінің жанында түкке тұрмайды", "Оның барлығы сенің санаңда", "Пайдалы нәрсемен айналыс" дегенді айналасынадғылардан жиі естиді. Бұл адамның одан әрі өз сезімін тұншықтырып, өзгелер алдында ұялу, кінә мен өзінің дәрменсіздігіне бола ызалануына себеп болады.
Егер бұл жағдайда қалай қолдау көрсету керегін білмесеңіз, жай ғана құшақтап "Сенің не сезініп отырғаныңды білмеймін, бірақ, саған қиын екенін көріп жүрмін",–деп, адамға сезімін өзі қалағандай көрсетуге мүмкіндік беріңіз.
Ықылас білдіріп, шыдамдылық көрсетіңіз:
Күйзелісті емдеу үрдісі ұзаққа созылады әрі өте ауыр өтеді: күйзеліс деңгейіне (бастапқы, орта, ауыр), емдеу тәсіліне (дәрі қабылдау, психотерапия) байланысты. Емделу кезінде дәріні уақытылы қабылдап жүр ме, психотерапевт қабылдауына бара ма соны өз бақылауыңызда ұстаңыз. Психотерапияда "қарсыласу" ұғымы бар: бұл кезде емделуші саналы түрде емделуден бас тарта бастайды, дәрігердің әдісін жоққа шығарады. Өйткені, емделуші көп жағдайда өзгерістен қорқады. Сол себепті оның емделу шарасы уақытылы жүзеге асып жатқанына мән беріңіз және шыдамдылық танытыңыз. Нәтиже ешқашан бірден байқалмайды.
Өзіңізді ұмытпаңыз:
Күйзелістегі адаммен бірге жүру – қиын. Әсіресе, ол сіздің жақын адамыңыз болса. Соған қарамастан, бұндай жағдайда өзіңізді естен шығаруға болмайды. Жақыныңыз үшін күшті болып қаламын деген ой сіздің ішкі энергияңыздың сарқылып, сіздегі жағымсыз ойлардың тууына себеп болады. Сол себепті, өзіңізге көңіл бөліп, өзіңіздің сүйікті ісіңізбен айналысуды ұмытпаңыз.
P.S Әсіресе, Қазақстанда психологпен әңгімелесу, олардың емдеу шараларына жүгіну "ұят" саналды. Күйзеліске ұшыраған адамдар әрқашан әңгіме барысында өзіндегі бұрыс өзгерістерді айтып қалуға тырысады. Айналасындағылардың басым бөлігі оны кезекті "арыз, шағым" ретінде қабылдайды. Дәл осындай жағдайлардан кейін суицид өршиді. Адам өмірін арашалап қалу бәріміздің қолымыздан келеді. Тек бір уақыт бізді қоршаған адамдардың сөзі мен әрекетіне зейін салып қарасақ жеткілікті.