Күйзеліс – ең жиі тараған психикалық ауытқу: ДДҰ статистикасы бойынша қазір әлемде 250 миллионнан астам адам күйзеліске шалдыққан немесе бастапқы белгілері байқалады. Күйзеліс сөзі көбіне нашар көңіл-күйдің синонимі ретінде қолданылады, дегенмен ол бірнеше жағымсыз эмоция мен сезімдердің жиынтығы. Мазасыздық, әлсіздік, ұйқышылдық, ешнәрсеге қызығушылық болмауы және салғырттық. Осының бәрі күйзеліс белгілері. Егер мұндай белгілерді жақын жандарыңыздан байқасаңыз, оған күйзелістен шығуға көмектесіңіз.
1. Күйзеліс туралы көбірек зерттеңіз:
Мамандар алдымен күйзеліс туралы көбірек ақпарат алуға шақырады: оның белгілері қандай, ол қандай жағдайда туындайды және қалай жеңуге болады. Ол үшін сенімді ақпарат көзін пайдаланыңыз. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мақалалары, арнайы мамандардың пікірі, дәлелді медициналық ақпаратқа шолу жасаңыз. Ойдан шығарылған ақпараттан алшақ болыңыз және тек сенімді дереккөзді қолданыңыз. Мысалы күйзеліс — психикалық ауытқу, күйзелісте жүрген адам әрқашан көңілсіз болмауы мүмкін және ол басқа бір аурудың белгісі болуы мүмкін.
Депрессия — адам өмірінде кездесетін оңай сынақ емес, бірақ емделеді: психотерапиялық әдіс не дәрі-дәрмек арқылы емдеуге болады. Басқа ауру түрлері секілді өзін өзі емдеу істі ушықтырып жіберуі мүмкін. Егер жақыныңыздан күйзеліс белгілерін байқасаңыз, көз жеткізу үшін оған Занг тестін жасауды ұсынып көріңіз.
Егер адам өзінің күйзелісте жүргенін және биполярлы ауытқу белгілері барын анық білсе, оған көз жұмып қарауға болмайды. Мұндай кезде "уайымдама", "бәрі өтеді де, кетеді", "күлімде" деген сөздер мүлде көмектеспейді.
2. Қандай көмек керегін ашық сұраңыз:
Айдан анық нәрсе болса да, бұл сұрақты қоюға тура келеді. Өйткені көбіне өзгеге көмектесем, қолдаймын деген оймен біз өзімізге ыңғайлы нәрсені ғана жасаймыз. Бірақ өзімізге көмегі тиетін нәрсе, өзгеге де пайдалы болуы мүмкін емес. Емделудің жолын табу үшін оған не керегін ұққаныңыз жөн.
Көмек әртүрлі болуы мүмкін: біреуі дәмді ас дайындап беруді сұрайды, біреуі далада серуендеп қайтайық дейді, енді бірі жай ғана тыңдағаныңызды қалайды. Алдын-ала өз күшіңізді біліп алыңыз: егер көмектесуді ойламай, тек сыпайылық үшін ғана ұсынсаңыз оның бәрі текке кетеді. Егер жақын адамыңыз жалғыз болуды сұраса және көмек керек емес десе өтінішін жерде қалдырмаңыз. Оны қинаудың қажеті шамалы, бәрібір нәтижесіз болады.
3. Қолыңыздан келгенше жанынан табылыңыз:
Күйзеліс кезінде жақын жанның қасынан табылуы өте маңызды. Мүмкіндігіңізге қарай оның өтінішін жерде қалдырмауға тырысыңыз: серуендеп қайту, бірге шай ішу, телефонмен сөйлесу. Күйзелістегі адаммен әңгімелесу, араласу қиын әрі қуатты керек ететінін ұмытпаңыз.
Мұндайда батыс психологтары көңіл-күй журналын пайдалануды ұсынады. Бұл адамның көңіл-күйін бақылап, оған әсер еткен нәрселерді сараптауға көмектеседі. Оны қағаз жүзінде де немесе мобильді қосымша түрінде де пайдалануға болады. Apple Store және Play Store желілерінен “көңіл-күйі трекері” (немесе "трекер настроения","mood log") деп іздеп табуға болады.
4. Жақыныңызды ортаға қосуға тырысыңыз:
Күйзелісте жүрген адам бәрінен оңашалана бастайды: олардың кереуеттен тұруға күші болмайды, бір жаққа шығу олар үшін азап. Кездесіп, сөйлесуге шақырғаныңызбен, әрдайым бас тартады. Уақыт өте келе, ол адамға назар аудару қиындай түседі. Күйзелісте жүрген адам үшін оны ұмытпау, одан бас тартпау сезімі маңызды рөл атқарады. Өзін керексіз сезіну бәрін ушықтырып жібереді. Сондықтан, оның бас тартатынын білсеңіз де, бір рет ескертіп, шақырғаныңыз дұрыс.
Күйзелістегі адаммен жұмыс кезінде өзі эмоцияңызды басқару да маңызды. Ашулаңбаңыз және көңіліңіз түспесін. Өйткені, оның сізге деген суық қарым-қатынасының сізге қатысы болмауы әбден мүмкін.
5. Байқалған өзгерістердің бәрін ескеріңіз:
Күйзелісті емдеудегі маңызды нәрсе алғашқы қадам болуы мүмкін: дәрігерге көріну немесе терапияға жазылу. Бұл уақытта сіз оны емханаға бірге барып қолдау білдіре аласыз. Жақыныңызға уайымын басу үшін барғанға дейін де, одан кейін де хабарлама жазыңыз. Сол әрекетіңіз арқылы оның ем алғанын, айыққанын және қатарға қосылғанын тілейтініңізді білдіресіз. Күйзелістен емделуі кезінде оңалғаны бірден байқалмайды. Сондықтан мамандар ем кезінде тек ақша, дәрі-дәрмек, уақыт қоры ғана емес, адамның төзімі де керек екенін айтады.