Күте тұруды үйреніңіз

Тұрмыстың несібесіне бір-ақ жолда ие боламын деп асықпаңыз. Кей кездері байыптылықпен күте тұруға тура келеді. Жартасқа барып айғай салсаңыз да, сәлден соң ғана жаңғырықты естисіз. Өмірдің сізге сыйы мен жауабы бар, алайда, барлығын қолма-қол бере қоймайды, айта қоймайды.

Өмірдің шындығын күту арқылы түсінесіз. Жастық шақтың да тамаша мезеті күтуден, аңсаудан кейін ғана бір-бірлеп жақындай түседі. Ләззәті да мәңгілік есіңізде қалады. Күйгелек болсаңыз, сол көркем сәтті көре алмай қалуыңыз мүмкін. Онда өмірдің де сіз армандағандай бейнеде өзгеруінен үміт етпеңіз.

Бір жолаушы жолда келе жатады. Үлкен өзенге жолығады. Өзен жағасында бір әжей судан өте алмай тарығып тұр екен. Әбден болдырып, сілесі қатып келе жатқан жолаушы бар күшін жұмсап, әрең дегенде әжені өзеннен өткізеді. Бірақ, өзеннен өткен соң әлгі қарт адам оған ләм-мим деместен кете барады. Жолаушы іштей өкініп қалады: «Бір ауыз рақмет айтуға да жарамады ғой мына кісі» деп. Жолаушының ілбіп келе жатқанына ет асым уақыт өтеді. Сол кезде артынан бір жас жігіт қуып жетеді. Жолаушыға: «Рақмет сізге, әжемді өзеннен өткізіп қойғаныңызға! Әжем сізге сәлемдеме беріп жіберді» деп мол азық-түлік түсіріп жатып: «Мына заттарды алып жүруге сізге көлік керек қой» деп астындағы атын да мінгізіп жіберген екен.

Тағдыр деген алып бәйтерек сияқты. Ал өмір оның саясында ұшып-қонып жүрген құс тәріздес. Күндердің күнінде өмір сапарыңызда нөсерлі дауылға жолығып, оған төзу мүмкіндігі болмаған сәттерде, сізге тек жарқын күнді күту бақыты ғана бұйырады. Сіз сол кезде бәйтеректің өзіңіз тұрған жағына да күн түсетінін, оның ық жағы мен желді, ызғарлы жағының болатынын білуге тиіссіз.

Иә, солай. Тек сабырмен күте тұрсаңыз, өмір сізге ойламаған жерден сый жасауы мүмкін.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: blogspot.com