Математика пәні оқытушысының сол әңгімесі әлі есімнен кетпейді. «Бірде, - деп бастады әңгімесін жігіт ағасы болып қалған ұстаз, - төменгі сыныптардың бірінен, есімде қалуынша екінші сынып болуы керек, математика пәні бойынша емтихан тапсыратын болдық. Мен оқушыларға егер үйлеріңде бас адам болса, базардан он алма сатып әкелінгенде, әр адамға қанша алма тиеді деген мағынада сұрақ жасаған едім.
Бұл 7-8 жастағы бала үшін тым қарапайым, оңай сұрақ. Бірақ, баспадағы қатеден 10 саны 1 болып өзгеріп кеткен. «Егер үйіңде 5 жан болса, базардан 1 алма сатып әкелінсе, әр адамға қанша алмадан тиеді?» деген мағына шыққан. Сұраққа көп оқушы жауап бермеген. Тек біреуі ғана былай деп жауап жазыпты: «Әрбір адамға бір алмадан тиеді» депті де, соңынан себебін де түсіндіріпті: «Егер атам базардан алма сатып әкелсе, ол өзі жемейді. Қайта әжемнің ауырып жатқандығы себепті, алма жегісі келетінін іштей сезіп, атам алманы әжеме береді. Бірақ әжем жанындай жақсы көретін сүйкімді немересі тұрғанда оны қайдан жесін, әжем алманы маған береді. Ал, мен болсам әр күні көшеде газет сататын шешемді ойлап, алманы шешеме беремін. Өйткені, жаздың қатты ыстығында арқасы күнге күйіп, шөлдейтіні белгілі ғой. Алайда, шешем де бұл алманы жемейді, алманы, сөзсіз, әкеме апарып береді. Себебі, әкем біз үшін қалаға барып, құрылыс басында ұзақ уақыт жұмыс істеп шаршап келеді. Ауыр еңбек істеп жүргенде кенезесі кеуіп, өзегі талғанда алма шөлін қандырсын деп ойлайды. Сонымен, біздің үйдегі әрбір адамға бірден алма үлеседі» деп жазыпты. Бұл оқушының жауабын оқып қатты толқыдым. Көзімнен жас шығып кете жаздады. Ойланбастан оған бестік баға қойдым.
Қаланың сапырылысқан тіршілігі жайлап отырып әңгіме айтуға қайдан жар берсін, ол да межелі жеріне жетті, мен ақымды алып кері бұрылдым. Жол шетінде қол көтеріп тұрған тағы бір адамға тоқтадым. Ол да осындай бір әңгіме айтып берсе ғой шіркін!
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: voxpopuli.kz