- Негізгі бет
- Психология
- Құрбыңыз қандай?...
Құрбыңыз қандай?
"Жолдасына қарап, жігітті таны" деген нақыл сөз тек ер-азаматтарға ғана байланысты емес, қыз-келіншектерге де қатысты. Себебі "доссыз өмір, сөнген көмір" демекші, адамзаттың дос-жарансыз, құрбы-құрдассыз өмір сүргенін көзге елестету қиын. Сондықтан барлық адамда дерлік жақын досы, сырласы болатыны ақиқат. Олар әртүрлі қызмет атқарады: бірі құрбы, екіншісі қамқоршы, т.с.с.
Бала күннен келе жатқан жан құрбыңыз. Сіздер бірге бойжетіп, бірге оқып, бірге қыдырдыңыздар. Талай бір-біріңіздің үйінде де қонып, бір төсекте ұйықтадыңыздар. Жасырын сырларыңыз жоқ. Үшінші бір құрбы пайда болса, іштей бір-біріңізді одан қызғандыңыздар. Кейде қатты ұрсысып қалсаңыздар да, тез татуласасыздар. Бір-біріңіздің сөздеріңізді көтересіздер. Басыңызға түскен қиындықты да, қуанышты да бірге бөлісесіздер. Біреу құрбыңызды даттаса, оны қорғап, әлгі адаммен төбелесуге дейін барасыз.
Әріптес құрбы. Студент атанып, оқу орнына түскеннен кейін немесе жұмыс орнында танысқан досыңыз. Немесе "Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше" дегендей, бос уақытыңызды өткізетін, хоббиіңізбен айналысатын жерде тапқан құрбыңыз. Мұндай құрбылар тек кездескенде ғана шүйіркелесіп сөйлесіп, одан әрі қарай олардың қарым-қатынасы тереңдемеуі мүмкін. Алайда бұл бір-бірінің үйіндегі жағдайды бес саусақтай білуге кедергі келтірмейді.
Мұңдас құрбылар. Олар көбіне біреудің үстінен шағым айтумен айналысып, шерлерін тарқатқанды жақсы көреді. Сізден суыртпақтап, сыр тартып, бәрін біліп алады. Ақыл айтып, біреумен шағыстырып қоюы да ғажап емес. Дегенмен байқаңыз, мұңымды айтам деп жүріп, әке-шешеңізді не сүйіктіңізді құрбыңызға жексұрын қылып көрсетіп алмаңыз. Өйткені қанша жерден құрбыңыз болса да, әке-шешеңізді не сүйіктіңізді бір күні өзіңізге жамандап отырса, көңіліңізге ауыр алып қалып, құрбыңызбен ұрсысып қалуыңыз да мүмкін.
Г. Берік