- Негізгі бет
- Психология
- Құрбыңның жігітін ұнатып...
Құрбыңның жігітін ұнатып қалсаң
"Мен жүріп жүрген қызымның құрбысын ұнатып қалдым", "мен құрбымның жігітіне ғашықпын" деген сөздерді айналамыздан көп естиміз. Осындай жүректі ауыртатын оқиғаға жол бермеу үшін не істеу керек? Егер құрбыңның жігітіне құлай ғашық боп қалсаң ше?
Құрбыңмен араңды алшақтат. Ол құрбың саған жігіті туралы әңгіме айтқан сайын жүрегің екіге айырылып, іштен тынатын боласың. Сондықтан құрбыңнан мейлінше алыс жүріп, өзіңе басқа достар табуға тырыс. Егер құрбыңмен араңды суытқың келмесе, уақытша үзіліс алуға болады. Бәлкім сол арада жаңа жігітке көңілің ауып қалар. Ондай жағдайда құрбың екеуіңнің араларыңдағы шын достықтың жібі қайта жалғануы мүмкін.
Құрбыңа опасыздық жасама. Егер ол жігіт саған жылы көзқараспен қарағандай көрінсе, бұл ойыңнан айны. Расымен ол жігіт екеуіңнің араңда сезім ұшқыны пайда болса, ол сезімнің мәңгіге жалғасатынына кім кепілдік бере алады? Егер ол құрбыңды тастап, саған кетіп, сені тастап өзгеге кетсе ше? Қалай болғанда да, құрбыңа опасыздық жасап, бақыт таппайсың. Біреуді жылатып, бақытты болу мүмкін емес. Бумеранг заңы өз ережесін орнатпай қоймайды. Ерте ме, кеш пе, құрбыңа істеген әрекетің алдыңнан шығатын болады.
Көн. Жазмыштан озмыш жоқ. Сондықтан тағдырдың сынағына төзімді бол. Сол уақыт аралығын өзіңе тиімді пайдалан. Миыңды басқа істермен толтырып, өзіңді үйге шаршап келіп құлайтындай жағдайға жеткіз. Мәселен, өзің үшін қызықты тақырыпта зерттеу жұмысын жаз. Өз-өзіңмен жұмыс істе. Ол болмаса, басқа жігітке назарыңды бұр. Айналаңа қарасаң, сен үшін бәріне дайын жігіттер де жетерлік. Сондықтан «өзіңді сүйгенді сүй» деген сөз бекер айтылмаған.
Үшінші адамға орын жоқ. Махаббат – екі адамның ісі, сондықтан, артық адамға орын жоқ. Өзің де махаббатыңды жолықтырғанда, үшінші біреу келіп киліксе, қандай күйде болатыныңды ойлан.
Уақыт – емші. Кез келген шешімі жоқтай көрінген тығырықтан уақыттың көмегімен шығуға болады. Біз сүйеміз, махаббат отына күйеміз. Дәл қазір ақылыңды жүрегің билесе, уақыт өте жүрегіңді ақылың билейтін болады. Ол жігіт сіз үшін аса маңызы жоқ көп таныстың біріне айналмақ. Тек өткінші сезімнің құрбанына айналып, өмір бойы өкініп өтетін қателік жасаудан аулақ бол.
Ең дұрысы – кез келген құрбыңның жігітімен танысқанда, оны жігіт деп емес, аға не іні деп қабылда. Адам өз ойы арқылы дүниені төңкеріп жіберуге қабілетті. Ойдың күші өте мықты. Сондықтан әу бастан мәселенің алдын алғаның жөн.
Ұқсас жазбалар:
Ең жақын құрбылар ұстануы тиіс 10 ереже
Сурет: ru.wallfon.com, balnabudapest.hu
Р. Роза