Ойындағысын жасырмай, шынайы пікір айтатын, қиын қыстау кезеңде кеңесімен көмек беретін құрбыларымыздың бар болғаны қандай жақсы. Мұның барлығы жүрегінің тазалығынан. Ал осындай адал жандарды қайдан жолықтырамыз?
Шынайы дос тауып, арадағы жылы қарым-қатынасты сақтап қалу оңай емес. Әдетте достарды оңымыз бен солымызды ажырата алмайтын балалық шағымызда жолықтырамыз. Ол кезде адамдардың қандай екенін ескерместен, сөзіміз жарасса бірден дос бола кетеміз.
Сатқындық пен өмірдің келеңсіз сәтіне тап болып, әр басқан қадамызды аңдып отырамыз. Бұл әрекетіміз өзгелерден көңіліміз қалып қалудан сақтаса да, бізді жалғыздыққа ұшыратады. Бір шетінен құрбы-құрдастарымыздың саны жүзден асып артылса да, оларға толықтай сене алмаймыз.
Құрбыларымызбен қалай тіл-табысқан дұрыс? Бәрінен бұрын мінсіз адам болмайтынын түсінуіміз керек. Және құрбыларымыз біздің айтқанымызбен жүруге міндетті емес. Сондықтан бір-біріңізбен қаншалықты ашық сөйлесетіндеріңізді біліңіз. Өзіңіз туралы ақпарат берсеңіз, құрбыңыз оны жасырып жүре ала ма? Оның сіздің жетістіктеріңізге көзқарасы қандай?
Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды демекші, артынша сырыңызды барлығы біліп жатуы да ғажап емес. Оған толығымен сенсеңіз де, айтудың қажеті жоқ тақырыптар болады. Сол тақырыптарды бірге талқылап көрейік.
Отбасыңызға ғана қатысты дүниелерді жұртқа жариялаудың еш қажеті жоқ. Әсіресе, проблемалар болса. Отбасында ақшаға жетіспеушілігі, әкесінің ішімдікке салынуы, ата-анасының ұрысы деген секілді қиындықтар болуы мүмкін. Және құрбымыздың алдында мақтанып жатудың да қажеті жоқ. Сізді қанша жерден жақсы көріп, қолдау көрсетсе де, өзін сізден төмен екендігін ойлауы мүмкін. Ал егер ішіңізге сыймаса, мұны ибалы түрде жеткізіңіз.
Екі достың бірі зор табысқа кенелсе, екіншісі қандай күйде болады? Әрине, сіз бар болғаны құрбыңызбен өте жақсы жаңалықпен бөлісіп, мақтан сөз естігіңіз келді. Жоспарларыңыз бен ойға алғаныңызбен бөлісуді қаладыңыз. Егер өзіңіз барынша табысты болсаңыз, құрбыңызға мақтана бергенше, оның да шыңға шығып, көп дүниеге қол жеткізуіне ат салысыңыз. Кішкене жетістіктері үшін ерекше қуанып, қолдау көрсетіп отырыңыз. Осылайша араларыңыздағы бәсеке жоғалып, достықтарыңыз ұлғая түседі.
Еркек достығының мықты екенін баяндайтын түрлі өлеңдер бар. Сонда оның әйел достығынан қандай айырмашылығы бар? Бар болғаны сырластық емес пе? Достықтан қорықпаңыз, жалғыз жүруден қорқыңыз. «Өмірдегі ең үлкен қорқыныш – тілекшің болатын дос таба алмау» дейді Фрэнсис Бэкон. Сол себепті жанашыр досыңыз көп болғай деп тілейміз!
Ал сіз құрбыңызбен қандай сырды бөлісе алмайсыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Назерке Дулат пен Ғазиза Асанованың жеке парақшасынан