- Негізгі бет
- Психология
- Күншілдік қанға сіңген...
Күншілдік қанға сіңген қасиет пе?
Күншілдік сынды қасиет барлығымызға да таныс шығар. Ақыл-есі кірген жандар оны балалық шағында қалдырған еді. Өкінішке орай, барлығы осылай жасады деп айта алмаймыз. Пердеңізді түріп, көршіңізге қараңызшы. Ол мінген көлік пен мойнына таққан алқаны сіз де армандадыңыз емес пе? Айнаға қарап, іштей қызғанып тұрғаныңызды жасырмаңыз. Сіз қызғанып тұрсыз ғой? Енді осы қызғаныштан арылу жолдарын қарастырайық.
Есейсек те, күншілміз
Күншілдік – балалық шағымыздан қалып қойған психологиялық қиындық. Көбіміз ұстазымыздың «Әмірге қараңдаршы, сондай ұқыпты, өзі де сұлу, сабағын да беске оқиды, қашан көрсең таза жүреді!» деген сөздерін еске аламыз. Педагогтың бұл сөзі көкейімізге «Ол сұлу, ұқыпты, сабағын жақсы оқиды. Мен ше?» деген ой салады. Ұстаздың арам ойы болмағаны анық. Бірақ осы сәттен бастап біз қызғаныш пен күншілдіктің не екенін біле бастаймыз.
Бұдан кейін күншілдік … айналады
Құрбым үнемі сәнді киімдер киеді, менде ондай заттар жоқ. Томирис бай жігітімен күнде қыдырады, ал мен үйде отырамын. Жігіт досым да жоқ. Осылайша күншілдік ыза-кекпен алмасады. Көп адам бұл сезімін тізгіндей алмайды. Нәтижесінде біз бәріне – жақсы заттарға, құрбыларымыздың жалақысына, көршіміздің қымбат көлігіне қызғанышпен қараймыз.
Күншілдік кекпен алмасады. Біз өзімізді өзгелермен салыстыра бастаймыз. Тіпті, жағдайымыз бірдей болса да, қызғанамыз. «Бір сыныпта оқып, бір ауылдан шықсақ та, неге менің жолым болмады?» деп ойлаймыз.
Ары қарай айналамыздағылардың кемшілігін іздеп, оны кекетіп-мұқатып қалудың амалын іздейміз. Ол жақсы жалақы алса да, қасында сүйіктісі жоқ; ол ақылды, бірақ түк те сұлу емес... Осылайша кете береді. Артынша «Өмірде жолы болмаса екен» деп тілейміз.
Бұл қара күшпен қалай күресеміз?
Мүмкін, бар болғаны, материалдық құндылықтарыңызды қайта қарап шыққан жөн шығар. Өмірден не алғыңыз келетіндігі туралы ойлаңыз. «Бұл өмірге не үшін келдім?» деген сұраққа жауап іздеңіз. Мүмкін сізге өміріңізге өзгеріс енгізу қажет шығар: өзіңізді өзгелермен салыстыруды доғарыңыз. Басқаша айтқанда, бақыттың кілтін іздеңіз. Ал бақыттың кілтін иеленген жандар үнемі күлімсіреп жүретінін ұмытпаңыз. Олар ешуақытта ешкімді қызғанбайды. «Пәленшенің өмірі» деп өзгелерді аңдымайды.
Әр күніңізді, әр сәтіңізді бағалап, өмірдің жақсы жағын көруді үйреніңіз. Өзіңізге, жақындарыңызға қамқор болыңыз. Өмір – біреу. Сондықтан өмір бойы өзгелерді қызғанып, жамандап өтсеңіз де, көп достар тауып, бақытты ғұмыр кешсеңіз де, таңдау еркі өзіңізде екенін ұмытпаңыз. Ең бастысы, күншілдік қанға сіңген қасиет еместігін, барлығы өзіңіздің қолыңызда екенін ескеріңіз.
Ал сіз бұл қара күшпен қалай күресесіз?
Қ. Бүйенбай