«Сенің қайғыңа емес, қуанышыңа шын ортақтаса білетін адам ғана нағыз дос» дегенге көбіміз бас изейміз. Расымен, қайғыны бөлісе білу оңай. Ал еш іштарлықсыз, қызғанышсыз сенің жетістігің мен қуанышыңа өзіңдей қуана білетін адам кемде-кем. Өмір бар жерде пенде бар. Пенде болған жерде адам баласын ер, әйел заты деп бөлмей-ақ көреалмаушылық қай-қайсысына да тиесілі құбылыс болуы заңдылық. Ал айналамда тап сондай күншілдер бар деп үнемі қуанышыңызды жасырып тағы отыра алмайсыз.
Көктен тілемей-ақ, өзгеден келген көре алмаушылық қашан да әркімнің тірлігіне кеселін тигізбесе, оң үлесін тигізбейтіні анық. Ең кемінде бұл қасиет адамның көңіл-күйін бұзып, ең зоры дегенде көре алмаушылардың кесірінен адамзат неше түрлі сәтсіздікке ұшырап жатады.
Күншілдерді енжар және белсенді деп екіге бөлуге болады. Біріншісі қызғанышын арамдықпен, сабырлықпен ішіне жасырып тынса, екінші түрі қызғаныштан өз терісіне өзі сыймай, ішіндегісі көзіндегі ызалы көзқарасымен, аузындағы улы сөздерімен, не өзіңізге қарсы қасақана жасалынған әрекеттерімен сыртқа шығарып отырады. Әрине, мұндай кезде өзіңізді бұл нәрседен биік ұстап, айтылған, жасалған нәрсеге көңіл аудармау — оны шешудің ең тиімді жолы. Бірақ, кейбір жағдайда сіздің оған назар аудармасыңызды қоймай, өзіңіз араласуды қажет ететін кездер болады.
Жаратылыста өзгеге мейірім мен қамқорлық етумен бірге, өз қауіпсіздігің үшін өзгеден қорғануға жол берілген. Өзімізді мұндай адамдардан қорғау өміріміздің тыныштығын қамтамасыз етпек. Сонымен, күншілдерден қорғанудың тексерілген, іске асатын екі жолын ұсынамыз:
1. Қызғанышты жою. Өкпелі адам өзгені өкпелетуге құмар. Жамандық көрген адам жамандық жасауға құмар келеді. Бірақ, бұл жерде, ең бастысы, ол маған әдейі осылай жасады екен деп сол адамның деңгейіне түсудің қажеті жоқ. Бар болғаны мұндай адамнан алшақтау. Онымен араласуды доғару. Сіз – өз өміріңіздің қожайынысыз. Сол себептен, қай жолмен жүрсеңіз де, кіммен аралассаңыз да өзіндік таңдау құқығыңыз бар. Онымен араласпау — сіздің саналы шешіміңіз. Сол себептен, ол үшін өз шешіміңізді оның алдында ақтап, өзіңізді ыңғайсыз сезініп қажеті жоқ.
2. Қызғанышты бейтараптандыру. Егер де, көре алмаушылығымен ылғи жолыңызды орап жүрген адамнан еш алшақтау мүмкін емес, ол сіздің әріптесіңіз, көршіңіз болғандықтан оны көрмеудің еш жолы жоқ болса, онда ол адаммен келетін қызғанышты бейтараптандырып отыру керек. Қалай? Мәселен, жай күндері ол «Қалың қалай?» деп сұрағанның өзінде, «Шүкір! Бармыз ғой, әйтеуір» деген формада көппен бірдей шаршап жүргендей болыңыз. Сәті келгенде оны мақтап, жақсы тұстарын атап, көтермелеп қойыңыз.
Ал қуанышыңызбен бөлісер сәтте, сол жеткен жақсылығыңыздың тап сіз ойлағандай болмай тұрғандығын, не сіздің де өзгелер секілді тар жол тайғақ кешуден өтіп барып жеткендігіңізді, бұл мына жердегі жеңісіңіз болса, өмріңіздің басқа тұсы әлі де ақсап тұрғанын айтып, көре алмаушыны қуантып, қызғанышын ортайтыңыз. Неге? Себебі, мұның бәрі «Досыңды өзіңе жақын ұста, ал жауыңды одан да жақын ұста» дегеннен шығып отыр. Ол сізге жақын жүргенде ғана оның әр қадамын көріп, не жоспарлап жүргенінен хабарыңыз болады. Тіпті, оны толықтай зерттеп, нағыз өзіңізге қауіп төнген кезде, оның жанды жері арқылы дұрыс әрекет жасап, қорғана білетін боласыз.