Сіз бүгін ұйықтап қалып, сабақтан не жұмыстан кеш қалдыңыз ба? Жолда шұлығыңыз жыртылып кетіп, автобуста біреу аяғыңызды басып кетті ме? Бастығыңыздың да көңілі болмай, сізге аяқ астынан айқайлап берді ме? Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күніңіз сәтсіз күндердің бірі болды ма? Алайда оған кінәлі сіздің бағыңыз емес, көп жағдайда өзіңіз...
Бұндай күнді тезірек аяқтағыңыз келетіні рас. Алайда бұл күнді әлі де сәтті қылудың жолдары бар. Солармен таныс болыңыз.
Жан құрбыңызға қоңырау шалыңыз. Оған шағым жасап, өмірден түңілгеніңізді айтудың қажеті жоқ. Тек күнделікті әңгімеңізді айтып, өздеріңізге тән қызықты әзілдерді әңгіме қылыңыз. Қиындықтарыңызды бір сәтке ұмытып, көңіліңізді көтеріңіз. Түскі ас уақытында не жұмыстан кейін жұмыстың қасында орналасқан кофеханаға кіріп, бір шыны ыстық кофе ішіп, сүйікті журналыңызды оқып дем алыңыз. Банан, сыр, немесе кез келген басқа да көңіл көтере алатын тағамды жеп, еріксіз жымиыңыз! Билеңіз! Үйде не би студиясында болсын, бәрібір. Би үйірмесіне баруға жағдайыңыз және уақытыңыз болса, апта сайын бірнеше сағат билеп тұру керек. Сондай-ақ көңіліңіз түскен жағдайда, үйде жақсы әуен қосып алып, денеңізге бостандық беріп, қалауыңызша билеп алыңыз. Терезесін ашып қойып, шашыңыздағы желді сезініп көлікті айдағанға не жетсін? Жеке көлігіңіз жоқ па? Ендеше мотоцикл, велосипед, не ролик конькиі де жарап қалар. Бұның ешқайсысы да қолыңыздың астына түспесе, үй ауласындағы әткеншекке отырып тербеліңіз. Бастысы өзіңізді еркін сезініп, бір рахаттансаңыз болғаны. Біреуге тосын сый істеңіз. Тарту жасау - сый алғаннан да сүйсіндіретін сезім екенін білесіз бе? Өзіңіз қайырымдылық қорына аз-маз ақша бөліп, не жақыныңызға тосын сый істесеңіз, осыны түсінерсіз... Шоппингке шығыңыз. Шоппинг... Мына шетел сөзі кез келген қызға қандай ыстық десеңізші! Тізесі шыққан болса да, бұл кеңестің жұмыс істейтінін баршамыз да білеміз. Бірақ көрінген затты алып, ақшаңызды босқа құртпаңыз. Бір-екі кішігірім әшекей бұйым да көңіліңізді әлбетте, көтере алар.Сурет: wordpress.com