Жеке күнделігіміз болғандықтан, ол беттерде өзіміздің бір бөлшегіміз бар десек те болады. Сондықтан оны әркім өз еркінше пайдаланады. Ал, егер аздаған шығармашалықтың жетіспейтінін байқасаңыз, материалымыз нақ сізге арналады.
Қалай бастаймыз?
Әңгіме электронды күнделік емес, қағаз күнделік турасында болатынын бірден ескертеміз. Алдымен, бір сәтке аялдап, күнделікті не үшін жазатыныңызды анықтаңыз. Өтпелі кезеңде «неден бастаймын?», «кімге керек?» сынды сұрақтар туындамайды. Барлығы бірден жүзеге асады. Ал, ересек кезіңізде жақсылап ойлануға мүмкіндік бар.
Біреулер күнделікті ішіндегі сырын айтуға болатын адал досындай көреді. Ал, енді біреулер үшін өмірлік естеліктерін жазатын дәптер болса, енді бірі оны өткен өмірге көз жүгіртіп, қорытынды шығаруға мүмкіндік беретін құрал ретінде біледі.
Қайда? Жеке күнделік ретінде кез келген қағазды пайдалануға болады. Ол парақ, дәптер, блокнот, картон қағаз және т.б. болуы мүмкін. Өзіңізге қайсысы ыңғайлы?
Қашан? Тұрмыста маңызды деген істерге уақыт жетпей жатқанда күнделік жазуға қалай уақыт табамыз? дейтіндер де бар. Меніңше, бос уақыт міндетті түрде болады. Бірақ, оны жұмысқа айналдырудың еш қажеті жоқ. Дұрысы – қай кезде жазғым келсе, сол кезде жазамын деген ой қалыптассын. Әйтпесе, бұл іс мезі етіп жіберуі мүмкін.
Күнделікті қалай дұрыс жүргіземіз?
Бұл сұрақта «дұрыс», «дұрыс емес» деген ұғымдар орынсыз. Себебі, күнделік жазу шығармашылықпен айналысумен бірдей. Өзіңізбен бетпе-бет кездесетіндіктен, сұлуланып, артық жасандылық танытудың қажеті жоқ. Орфаграфия жайында ұмыта берсеңіз де болады.
Және тағы бір үлкен мәселені шешіп алуыңыз керек. Жеке күнделік – кез келген уақытта біреу тауып алуы мүмкін зат. Егер біреудің тауып алмауын қаласаңыз, ешкім ойламаған жерге тығыңыз. Немесе білсе де, аса ұяла қоймайтын оқиғаларды ғана жазыңыз.
Жеке күнделікті безендіру
Ол бос уақытыңыз бен қажеттіліктеріңізге байланысты. Жоғарыда мұның шығармашылықпен айналысумен бірдей екендігін айтқанмын. Сондықтан онымен не істесеңіз де, өзіңіз білесіз.
Оны безендіру үшін идеялар ұсынамыз:
- бүгінгі күнді сипаттау;
- эмоцияны қағаз бетіне шығару;
- сүйіктімізбен бірге барған кино билетін жабыстыру;
- қорқыныштарды жарқын түстермен бейнелеу;
- біреудің берген маңызды хатын, ұнаған киімнің, көліктің суретін жабыстыру;
- тәрбиесі мол афоризм мен анекдот жазу;
- қошемет сөз жазу;
- арманымыз бейнеленген суреттерден коллаж жасау;
- серуендеу кезінде жұлып алған гүлді арасына салу;
- оқыған кітаптардың тақырыбын жазып, оларға қысқаша рецензия жазу;
- көңіл күйді түс арқылы білдіру.
Егер сыртқы көрінісі де сұлу болуы керек деп шешсеңіз, сізге түрлі-түсті журнал суреті, бау, шілтер, қарындаштар, маркерлер, линерлер қажет болады. Мата мен шілтеріден тігілген қап әдемі көрінеді. Осы заттар қолыңызға түскен болса, қиялыңызға барынша ерік беріңіз.
Жеке күнделікті не үшін жазамыз?
Оны жазу арқылы өзімізді ретке келтіреміз. Ол жерде ашу, ыза, кек сынды жағымсыз эмоцияларды сыртқа шығаруға болады. Ешкімге айта амлаған сырды жайып салуға мүмкіндік бар. Мұнымен қатар, өткен күндері не істегеніңізді оқу арқылы өзіңізге сырттай баға бере аласыз.
Өмір атты ұзақ жолда жеке күнделік жазудың маңызы зор. Ал Сіз күнделік жазасыз ба? Қыздар секілді жігіттердің де күнделік жазатыны рас па? Ойыңызбен бөлісе отырыңыз?
Сурет: rudaki.ru