Қаламгерлер демесек те, болашағын қаламмен бірге елестететін талаптылар кітап оқығанды жақсы көреді. Кейде сатып алады, кейде сұрап алады, айырбастайды... ал кейде ұрлайды. Қайткенде де, ұрлық – қылмыс емес пе?.. Білімге деген мұндай «құштарлығын» танытқан адамға кейде кешіріммен қарайтынымыз бар. Құрдастардың әншейінгі әзілдерінен басқа да қазақ халқында жиендік жасау бар. Тіпті оны қойыңыз, барымташылықты батырлыққа телитін ұлт кітап ұрлауды кешірмей ме...
Дерек:
Стивен Блумберг деген азамат 268 кітапхананың 20 000 сирек кітабын ұрлап, мұнымен қоймай 11 000 көне заманғы қолжазба саналатын манускриптті қолды еткен. Бұл оның 20 жылдық «еңбегінің жемісі». АҚШ пен Канада университеттерінің үлкен кітапханаларынан ұрланған кітаптың жалпы сомасы 20 миллион долларға жеткен.
Шизофрениямен ауыратын Стивен ұрланған кітаптың бір де біреуін сатып немесе бүлдіріп тастаған емес. 1995 жылы «Блумбергтың атақты коллекциясындағы» кітаптар The Book Return базасына сақтауға берілген. Тіпті бұл қылмыскер туралы деректі фильм де түсіріліпті.
Дүдәмал күйде қалмас үшін сауалнама жүргізуді ойладық. Сөйтсек, ақтап алушылар да, даттап қалушылар да табылды.
Қасым Амажолұлы, тәуелсіз журналист:
- Ұрлықтың аты ұрлық қой, әрине... Бірақ, 90 жылдардың ортасында қыстың күні ауылға бардым. Студентпін. Ауылдың клубының екінші қабатында орналасқан кітапхана терезелері сынып, қаңырап бос қалыпты да, кітап сөрелерін біреулер сүйреп әкетіпті. Енді кітаптарды жұрт отқа жағуға тасып жатыр екен. Соны естіп, түнделетіп кітапханаға барып сыныптас досым екеуміз керосин шам жағып қойып түнімен кітап сорттадық. Оқуға тұрарлық бірнеше жүз кітапты үйге тасыдық... Сол жолғы, мен сияқты "ұрлықшының" қылмысынан гөрі ауылды сонша жүдеткен адамдардың қылмысы ауыр сияқты.
- Кітап ұрлау қылмыс емес. Өйткені, сіз бір шығарманы аттай қаласаңыз, оның оңайлықпен қолға түспесі анық. Иесінен сұрап ала алмайтыныңыз белгілі болса, неге ұрлап алмасқа? Ол кітапты оқып болған соң, қайтарасыз! Мұны "ұрлық" деп емес, "рұқсатсыз алу", болмаса, "көрсетпей "сұрап алу" деп атағанымыз жөн. Жалпы, өз басым бір ағамызға (атын атамай-ақ қояйын) еліктеп, қолтаңба жазылған кітаптарды "көрсетпей сұрап аламын!" Болашақта, сол қолтаңбаларды кәдеге жаратқым келеді. Яғни, қайтармаймын деген сөз. "Бөрі азығы жолда" деген мәтелдің мағынасын сәл өзгертіп көрейікші. "Білім бөрісінің" азығы жолда"! Яғни, жолда жатқан, көз алдыңда самсап тұрған кітапты қалай алмайсың. Ол да бір дәмі тіл үйірер тамақ сықылды дүние ғой. Ауыз тимей тұра алмайсыз. Кітап ұрлығын "ұрлық" деп санайтын адамдар, "өз-өзіне бекем болып, көршісін ұры тұтпасын." Сандықтың түбінде жатқан кітапты ешкім де қымқырмайды. Сондықтан да, "білім бөрілері" келе жатқан кезде, етек-жеңіңізді жинап, "көрсетпей сұрап алғыштарға" мүмкіндік бермеу жағын қарастырыңыз.
Болатбек Мұхтаров, «Алаш айнасы» газеті Ақпарат бөлімінің редакторы:
- Бала кезімде кітап ұрлағаным туралы massaget.kz сайтындағы блогтарымда айтқан болатынмын. Онда да кітапханашы апай жұмысқа салған кезде "осы мен есігі ашық жататын кітапханадан кітап ұрласам мұнымды апай біле ме, білмей ме" деген құмарлықтан ғана бір химия оқулығын алып кеткенмін. Бірақ біреулердің үйінде небір керемет әдебиет үлгілерін көргенде ұрлау туралы ойламаппын. Бәрібір ұрлықтың аты жаман деп есептеймін. Көкбазар жақта бір апайдың үйінде бөлмесін жалдап тұрған кезде кітаптарына тіпті тіиспейтін де едім. Өйткені ол кісі кітаптарды құрметтеп ұстайтын. Әрі ол оның жеке мүлкі. Ал екі жыл бұрын бір пәтерде Айтматовтың кітабын керек емес заттардың арасына тастапты, оны енді алдым. Негізі, өзің сатып алған немесе саған сыйға тартқан кітапқа не жетсін?!
Мұратбек Ержақыпов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жастар ісі жөніндегі бөлімнің жетекшісі:
- Кітапханадан кітап ұрлау ұят әрі қылмыс. Ал таныс әрі жақын адамдардан ұрлауға болады. Менің ойымша кітапсүйер адамдар өздеріндегі құнды кітаптарды жұрт көретін сөреге қоймайды. Ал одан сұрап алу немесе пайдалану үшін біраз тер төгуге тура келеді. Жалпы жақын, туысқан ағайындардан білдіртпей алып кетуге болады. Дегенмен «Ұрлық түбі – қорлық» дейді ғой. Сұрап алып оқыған абзал. Бала кезден жақсы кітапты көрсем, қымбаттығына қарамай сатып алуға тырысамын, қалтамдағы ақшамның көлеміне қарай. Ең бастысы – кітаптың шаң басып сөреде тұрғанынан, жырым-жырым болып жыртылғанша жұрт қолында жүргені бақыт.
Ал сіз, кітап ұрлап көрдіңіз бе?
Дайындаған: Ардақ Құлтай