Көзге шөп салу: генетика әлде тәрбие?

Көзге шөп салу: генетика әлде тәрбие?
Фото: elements.envato.com

Көзге шөп салу — соңғы уақытта ерлі-зайыптылар арасында жиі кездесетін құбылыс. Опасыздықтың себебі неде деген сұрақ мазалағаны анық. Адамның табиғаты, оның тәрбиесі немесе гормон деңгейі опасыздық кезінде қандай рөл ойнайды, бірге білейік.

Ғылыми зерттеулерге сәйкес, қарым-қатынаста шамамен 20% ер адам және 10% әйел адам опасыздыққа барады. Әрине, опасыздық жасағанды мойындау қиын, сондықтан кей деректерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Өзге деректерге сенсек,  70% ер адам, ал әйелдердің 25%-ы жарына адал болмайды.

Сандарға қарап, опасыздықты қалыпты дүние ретінде көруге болады. Бірақ адам санасы мұны олай қабылдағысы келмейді. Тіпті, кейде сүйікті адамның бұл қадамын ақтап алуға тырысады. 

Неге ер адамдар опасыздық жасайды?
Ер адамдардың адалдығына жиі сын келеді. Оны "аңшылық", "жануар түйсігі" деп ақтап алып жатады. Тіпті, қоғамда ер адамдар полигамен,  ал әйелдер моногамен деген түсінік бар. "Барлық ер адам көзге сөп салады, кешіре сал" деп қызын, келінін тәрбиелейді. Дегенмен, мұның бәрі — бос әңгіме.

Полигамия және моногамия – биологияда тек белгілі бір түрге жататын тіршілік иелеріне тән. Ер адам да, әйел адам да бір түрге жататындықтан, олардың өзіне серік іздеуінің арасында айырмашылық болмайды. Екеуі де жағдайға байланысты бір адаммен не бірнеше адаммен қатар байланыста бола алады.

Бірақ, "табиғатымыз" опасыздықта рөл ойнамайды деп те айтуға болмайды. Өйткені, өзіміз қаламасақ та, гормондар басқаратын сәттер болады.

Ғылыми дерек:
Махаббатқа 2 гормон жауапты:
- Дофамин.
- Окситоцин.

Дофамин – ләззат гормоны. Дофамин қанағаттану сезімін тудырады, көп мөлшерде қуаныш сыйлайды және адамның бір-біріне бауыр басуында маңызды рөл атқарады. Бірақ, әттеген-айы бар. Дофаминнің түзілуі уақыт өте азаяды, кейде таусылады. Бұл уақытта эмоцияға толы сезімнің кезеңі аяқталады. Тұрмыстық қиындықтар басталады. Сондықтан адам миы дофаминді іздей бастайды. Көзге шөп салу сондай сәтте болады.  

Дофамин таусылса да, адамдар бірге өмір сүруді, бір-бірін жақсы көруді жалғастыра береді. Бұған окситоцин жауап береді. Ол дофомин сияқты, жарқын эмоциялар сыйламайды. Бірақ адамдар арасындағы байланысқа жауапты. Бір кездері тек "аналық гормон" ретінде саналды. Яғни, бала өмірге алып келгенде пайда болады деген түсінік болды. Зерттеу кезінде қос ғашықта да болатыны анықталды. Дегенмен оның түзілуі үшін біраз нәрсе керек: физикалық байланыс (құшақтау, сүю, қол ұстасу), сенім және секс. Бұларсыз окситоцин өндірілмейді, нәтижесінде байланыс та нашарлайды.

Психология
Гормоннан бөлек, тәрбие де маңызды рөл атқарады. Ата-анасы бір-біріне опасыздық жасап, бірақ бірге өмір сүруді жалғастыра берген отбасыда өскен бала үшін бұл қалыпты жағдай болады. Анасының кешіргенін көрген балаға да бұл қалыпты болып кетеді. Ер балалар әйел адам кешіру керек дегенді миына сіңіріп өседі. 

Одан бөлек, адамның миындағы образ да әсер етеді. Кез келген адам өмірлік жарының образын миында фильмдер, алғашқы махаббаты, кітап арқылы қалыптастырып алады. Шынайылықтан алыстаған сайын, көңілі қала бастайды. Өзіне керекті адамды жолықтырғанша, опасыздық жасай береді.

Жалғыздық
Адам жалғыздық үшін жаралмаған. Кейде бір-біріне тұрмыстық жағдайға байланысты уақыт таппайтын жұптар болады. Ер адамы күндіз жұмыста, келген кезде әйелінің қолы босамайды. Тамақ дайындайды, бала қарайды, ал ер адам өзін жалғыз сезінеді. Тұрмысты тек әйелдің міндеті ретінде көрмеу, ер адам күндіз жұмыс істегендей, тұрмыс да үлкен энергия мен күшті талап ететін еңбек түрі екенін ескеру. Жалғыз жолы — бір-біріне көмектесу.

Бірақ, қандай жағдай болмасын опасыздық адамның әлсіздігінен хабар береді. Өзінің ойы мен денесін басқара алмайтынын және өзіне сыйластығы жоғын көрсетеді. Сүйген жарды бағалаңыз!

Т. Есқали