Қиналғанда жаныңыздан табылып сүйеніш болып жүрген жартыңыз сізден біраз уақытқа алыстап кеткенде қалай болар екен? Әрине, сүйгеніңіз жаныңызда болмаса, оңай емес. Әйткенмен, әскерге жігітін шығарып салып, сағыныштан сарғайған қаншама арудың барын да ұмытпайық. Уәдесін беріп, жолын тосатын жандардың дені шыдамды емес. Жігіт әскерге аттанарда қызы шығарып салып, келерде оны жалғыздық күтіп алса - тағы бір махаббаттың сәтсіз аяқталғаны. Мұндай жағдай аз да емес. Ара-қашықтық арасын үзбейтін жұптар да баршылық.
Ал қалай көзден кеткен адамды көңілден кетірмеуге болады? (Тек жігітін әскерге шығарып салған қыздарға ғана емес)
Тек сол ғана!
Егер оған шын беріліп, өміріңізді сол жанмен байлағыңыз келсе, басқаға мойын бұрмауға міндеттісіз. "Қызға кім сөз айтпайды?" деп аяқ басып жаныңызға келген бөріктіге мүмкіндік беріп қоймаңыз. Арманыңыздың алыста екендігін, уәдеңіздің берік екендігін айтып, жүрегіңізге жаңадан келген жолаушыға "хош" дегеніңіз жөн.
Естелік алып қалыңыз
Сүйгеніңіз жиі пайдаланатын, өзі жақсы көретін дүниесін өзіңізге естелік етіп алып қалыңыз. Екеуіңіз бірге түскен, бақытты күндерден белгі болып қалған суреттің де сағынғанда пайдасы жоқ емес.
Онымен жиі хабарласып тұрыңыз
Сүйгеніңізбен күн сайын телефон арқылы байланысқа шығып тұрыңыз. Жақын адамның даусын естіп, жылы сөзін тыңдаудың өзі сағынышыңызды аз да болса басады. Әлеуметтік желілерде "достасып", скайппен бейне-байланысқа шығыңыз. Алыстағы махаббатыңыздың жүзін көріп, даусын ести алмайтын болсаңыз - жиырма бірінші ғасырдың қараң қалғаны.
Жаныңыз қалайтын іспен шұғылданыңыз
Сағынышқа тек мықтылар ғана төзеді. Сіз де мықты екендігіңізді дәледеңіз, ендеше. Мұңға толы әндерден қашыңыз. Құрбыларыңызбен дүкен аралап, жаңа кітап не киім-кешек сатып алыңыз. Туыстарыңызға қонақ болып, жақындарыңыздың қуаныштарына ортақтасып, той-томалаққа барып тұрыңыз.
"Хат жазып тұр..."
Ішіңіздегіні айтуға телефон мен интернетті қолайсыз көрсеңіз, бір жапырақ қағаз алып, сүйіктіңізге хат жазыңыз. Ағыл-тегіл ақтарылыңыз. Хат барса, күлер деп қысылмаңыз. Сол хатқа "сағынышыңызды сыйғызып", сезіміңізді самал етіп ұшырыңыз. Техникаға телмірген мына заманда теңіңнен хат алу да бір ғанибет қой.
Күнделік жазыңыз
Иә, күнделік! Хатқа сыйдырмаған түгілі, ішіңізге сыймаған дүниеңізді шығарыңыз. Сырласыңыз! Махаббатыңызға айтқыңыз келетін, бірақ айтуға болмайтын дүниелерді күнделік бетіне түсіріңіз. Сүйіктіңіздің суретіне бір қарап алыңыз да, оны қаншалықты сағынғаныңызды және өзіңізге оңай соғып жүрмегендігін жазып, жеңілдеп қалыңыз. Өзіне оны айта алмауыңыз мүмкін. "Сағынсам, қалай шыдаймын" деп жіпсіз байланып жүрген сүйіктіңізді де түсініңіз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: mail.ru