- Негізгі бет
- Психология
- Көшеде мәдениетті болсақ...
Көшеде мәдениетті болсақ қайтеді?
Әр үйдің, қоғамдық ортаның өз әдебі болған секілді көшенің де өз мәдениеті бар. Көше – көпшіліктің ортасы. Өзін ғана емес, өзін қоршаған адамдармен бірге өзі араласатын қоғамдық ортаны сыйлай алатын адамды мәдениетті санауға әбден болады. Көшедегі адамдар да сіз секілді жұмысқа асығып бара жатуы мүмкін немесе олардың да басында дәл сіздікіндей, мүмкін одан да қиын әселелері бар болуы әбден мүмкін.
Бірақ сіздің бастығыңыздан сөз естігеніңізге немесе жақыныңызбен келіспей қалуыңызға көшедегілердің кінәсі қанша? Кінәсі тұрмақ, қатысы да жоқ қой. Ендеше біз бүгін сіз бен біз болып көше мәдениеті туралы әңгімеге көңіл аударайық. Өйткені көбіңіз күніңіздің көп бөлігін көшеде көзтаныс не байтаныс көпшілікпен өткізесіздер. Демек бұл сізге керек-ақ дүние. (Бұл жөнінде ауыз да ашпас едік. Әйткенмен көшеде әдебін ұмытқан әлдебіреулердің әлегі көптің мазасын қашырып жүр).
- Үйден шыққанда, міндетті түрде айнаға бес секунд болса да, көз салу керек. Көшеге лас немесе сулы (кеппей қалған) киіммен шықпаған жөн. Онымен қоса, іш киіммен шығуға немесе одан да арысына жол бермеу керек. Тіпті, қоқыс төгуге шыққанда да, түріңіздің адам шошырлықтай болмағаны абзал. Жаныңыздан өткен адамды шын аясаңыз, үстіңізден жағымсыз иістің шығып тұруына мүмкіндік туғызбаңыз.
- Көшеде кетіп бара жатқанда оң жақта жүруге тырысу керек. Алдыңызда сізге қарай қарсы келе жатқан жүргіншіге сол жағыңызбен жол беріңіз. Бір жаққа қатты асығып бара жатқан адамға жол бергеніңіз абзал. Көшедегі адамдарды итеріп, соғып кетуден аулақ болыңыз. Егер өзіңіз асығып тұрсаңыз, сыпайы түрде жол беруін өтініңіз.
- Сөмкені не дорбаны оң қолыңызға ұстаңыз. Онда ол өткінші адамға кедергі жасамайды. Жабық қолшатырды тігінен ұстаңыз. Ал ашылған қолшатырмен басыңызды жабыңыз. Қоғамдық көлікке отырмас бұрын қолшатырыңызды алдымен жинап алыңыз. Әйтпесе көлік ішіндегі адамдарға қолайсыздық туғызуыңыз әбден мүмкін.
- Қоғамдық көліктерде немесе жеке таксиде шылым шегіп, алкогольді ішімдік ішпеген дұрыс. Таксидің де, қоғамдық көліктің де өз иесі бар. Сонымен қатар, ондағы адамдардың да сіздің жағымсыз қылықтарыңызға күле қарауы неғайбыл.
- Қарт адамдармен және мүгедек жандармен сөйлескенде не кездескенде сыпайылық таныту абзал. Сонымен қатар, қолында жас сәбиі бар аналарға да көмектесуге тырысыңыз. Олардың үйіне барып, бар ісін істеп беруге міндетті емессіз, әрине. Тек тығыз шаруаларыңызбен қатты асығып бара жатпасаңыз, оларға жолдан өтіп кетуге, қоғамдық көлікке отыруға немесе жүгін көтеруге көмек бергеніңіз дұрыс. Физикалық жағдайы кем адамдарға ұзақ тесіліп қараудың түкке де керегі жоқ.
- Егер жол ортасында танысыңызды кездестіріп қалсаңыз, онымен сәлемдесіп сөйлесу үшін жол шетіне шығып тұрыңыз. Көшенің дәл ортасында тұрып жұмысына асығып бара жатқан адамдарға кедергі келтірмеңіз. Мейлі, сіздің кезіктіріп қалғаныңыз жақын туысыңыз не жан досыңыз болса да! Егер осы кезде жаныңызда тағы бір серігіңіз болса, оны кезіктірген жақыныңызбен таныстырып қойсаңыз да еш сөкеттігі жоқ.
- Егер жолыңыздан адасып, барар жеріңізді таппай жатсаңыз, көшедегі бір кісіден жөн сұрауыңызға болады. Оның да әдебі жоқ емес. Алдымен сәлемдесіңіз! Содан соң кешірім өтіне отырып, діттеген мекен-жайыңыздың қайда екендігін сұраңыз. Айтпақшы, рақмет айтуды да ұмытпаңыз. Сізден де біреу сұраса жіті түсіндіріп беруге тырысыңыз. Ал білмесеңіз, «Кешіріңіз, білмейді екенмін» деп жауап беріңіз.
- Көшеде шектен шыға дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды. Сонымен қатар, күлуге де, жылауға да және айқайласып ұрысуға да. Жағымсыз қылықтар жасап, ысқырып не қатты мас болып көшедегі адамдардың мазасын алмаңыз. Жүріп бара жатып тамақ жеудің де қажеті шамалы. Егер қарныңыз ашып шыдатпай бара жатса, көшедегі арнайы орындықтарға отырып жесеңіз болады.
- Қоқысты арнайы орындарға тастаңыз. Егер ол жерде қоқыс жәшігі болмаса, оны қапшығыңызға салып үйге әкетіңіз не қоқыс жәшігін кездестірсеңіз, соған салыңыз.
- Көшенің дәл ортасында көпшіліктің көзінше жұбыңызбен тым жақындасып, ұятты іс жасамауға тырысыңыз. Бұл ерсі көрінетінін ұмытпаңыз.
- Көшедегі бағдаршамды "сыйлаңыз"!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: mail.ru
А. Әбілхан