- Негізгі бет
- Психология
- Көше мәдениетін білесіз...
Көше мәдениетін білесіз бе?
Соңғы уақытта "сыртқы келбет" деген ұғым өте тар мағынада - бет әлпетке, шаш сәніне, киім кию әдебіне байланысты қолданылып жүр. Алайда, "сыртқы келбеттің" онан да кең ұғым екенін естен шығармау керек. Ол - сіздің киіміңіз ғана емес, жүріс-тұрысыңыз, өзіңізді ұстау әдебіңіз, сән-талғамыңыз. Иә, мәдениеттілік мұнтаздай таза келбеттен басталады. "Бастаңғы" айдары өздеріңізге бұл жөнінде талай кеңестерін ұсынып та жүр және жалғастыра береді. Бүгін сіздермен "көше мәдениеті", яғни көпшілік ортада аса қажет тыйымдар мен ережелер туралы әңгіме өрбітіп көрмекпіз. Өйткені, басқа да қоғамдық орындар секілді көшенің де біздің өмірімізден алатын орны өте үлкен және тәрбиелі адамнан көп нәрсені талап етеді. Тіпті, сіздің шынайы келбетіңізді танытатын бірден-бір орта - көше деуімізге де болады.
- "Есті қыз етегін қымтап ұстар" демекші, тәрбие көрген ибалы қыз көшені қоқыстамайды, түкірмейді, саусағын шошайтпайды, құрбысымен әңгіме айту үшін жолдың қақ ортасында тұрып алмайды. Көгалды алаңдармен, жаяу жолдың сол жағымен жүруге тыйым салынатындығын естен шығармаңыз. Әсіресе, пісте қиқымдарын көрінген жерге шашып кетуден аулақ болыңыз. Серілеріміздің де кеңестерімізге құлақ түргені артықтық етпейді.
- Көшеде қайта-қайта жалтақтай беру мәдениетсіздіктің белгісі. Жігіттердің өтіп бара жатқан нәзік жандыларға орынсыз көз сұға беруі өте ұятты қылық.
- Жолшыбай танысыңызды көріп қалсаңыз, "Қайда бара жатырсың?" деп қазбалап сұрау тәрбиесіздіктің белгісі.
- Қыз бен жігіт қолұстасып қыдыратын болса, қыз оң жақта жүруі керек.
- Көшеде үшеу болып жүретін болсаңыздар, ортасынан сыйлы адамға орын беру керек.
- Қыз екі жігіттің ортасында жүрсе жарасады. Ал екі қыз, бір жігіт болса, жігіттің ортаға түскені абзал.
- Тарлау келген орындардан өткен жағдайда немесе есікке келгенде жігіт қыздың артында қалып, кезегін беруі керек. Арудың ауыр жүктерін көтерісу туралы айтудың қажеті де жоқ болар... Десе де, қолшатырды, сәнді сөмкені немесе сырт киімдерді жігіттің ұстап жүргені ерсілеу көрінеді. Сондықтан, мұндайда жауапкершілікті қыздар қауымы өз мойындарына алғаны дұрыс.
- Жүріп бара жатып тамақ жеу - көргенсіздік. Ал балмұздақты гүлзарлардағы, саябақтардағы орындықтарға отырып жеуге болады.
- Көшеде айқайлап өлең айтуға, қатты күлуге, ысқыруға, әуен дауысын қатты шығаруға болмайды.
Көше адамдарының киіміне, жүріс-тұрысына дауыс көтеріп ескерту жасауға болмайды. Шынымен жаныңыз ашыса, оңаша шақырып алып, сыпайы түрде жеткізіңіз. Жаңбырдан кейін қолшатырыңызды міндетті түрде мұқият жинап жүріңіз.
Егер сізден сіріңке сұраған болса, тұтанған темекіні тосу сыпайылыққа жатпайды.
Қыздар қауымы жігітпен көшеде танысуға жол бермеуі керек. Мәдениетті азамат таныстық үшін көшені таңдамайды.
Бейтаныс адамдар жол көрсетуді өтінсе, нақты әрі ұғынықты етіп түсіндіріп беруді адамдық парызым деп санаңыз, егер өзіңіз жақсы білмесеңіз, кеңес беруден дереу бас тартыңыз.
Ал сіз үшін көше мәдениеті деген не?
Суреттерді түсірген және дайындаған: Айгерім Сматуллаева